«Бір белдеу, бір жол» адыра қалмақ…

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы жаһанға жария болған кезде күллі дүниенің назарын аударғаны белгілі. Осы «орайлы сәтті» мықтап пайдаланғысы келген мемлекеттердің басшылары, «Қытай инвестициясы», «Қытайдың төмен өсімді несиесі» секілді тиімділіктерін пайдаланып қалу үшін Бейжіңде өткен «Фашизмге қарсы соғыстың 70 жылдығы» атты дүбірлі мерекеге лап қойып еді. Сол жолы жұрттың көбі Бейжіңнен аузын «шымшып тұрып буған» неше қап келісімдер мен қарыздар арқалап қайтқан болатын.

 

Дегенмен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы жарияланғаннан кейінгі жерде оған сын көзімен қарай білген саясаткерлердің сараптамалары да елеусіз қалған жоқ. Арада бірер жыл өткенде, Си Цзиньпинмен қол алысқандарына опық жеген басшылар, өз мүдделеріне тиімсіз кейбір жобаларды Қытаймен бірлесіп атқарып шығуға амалсыз барғандарын ашық айтуға көшті. Солардың бірі — Малайзия Премьер-министрі Махатхир Мохамад еді. Шығыс теңіз жағалауынан батысқа қарай тартылатын 688 шақырымдық темір жол желісін салуға, қытайлармен келіскен дөкейдің бірі. Құрылысты қолға алған Қытайдың транспорт-құрылыс корпорациясы. Қытай тарабы бұл құрылыс үшін Малайзияға 200 миллиярд АҚШ долларын инвестицияламақшы болған екен.
Премьер-министрдің шешіміне түсі-ніктеме берген экономика министрі Азмидың айтуынша, «бұл жобаны жүзеге асырғаннан кейін Малайзия Қытайларға жыл сайын 121 миллион АҚШ долларын төлеп отыруға тиіс. Мұндай қаражат ел экономикасына ауыр салмақ түсіретіндігі себепті, аталмыш жобадан бас тартуды ұйғардық. Біз қытайлықтардың бұдан өзге салаларға инвестиция салуына қарсы емеспіз», — деп мәлімдеме жасады. Аталмыш жоба, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына кіретін маңызды нысандардың бірінен. Оқыс мәлімдемеден кейін, Қытай мәселесіне назар салып отыратын адамдардың барлығы Малайзия мен Қытай арасын суып кетуі мүмкін деп жорыды. Алайда ресми Бейжің сыр білдірген жоқ. Керісінше «кеңпейілділік» танытып, қаражаттың тең жарымына дейін жеңілдік жасайтынын айтты. Алайда мұндай «жеңілдіктер» де Малайзия үкіметінің байламын өзгерте алған жоқ. Соңғы сөзді 2019 жылдың 29 қаңтарында БАҚ арқылы мәлімдеген Махатхир Мохамад, «шешімдерінде қала беретіндігін» жеткізді. Махатхир билікке келгелі Малай-Қытай әріптестігіне қатаң сындар айтып келе жатқанын айтуға тиіспіз.
Қытайдың «май шелпегінен» жүректері айни бастаған екінші ел Африка жеріндегі Кения болып тұр. Кениядағы ықпалды әрі тәуелсіз басылым «The Daily Nation» газеті, биылғы қаңтардың басында Кения мен Қытайдың экспорт-импорт банкі арасында 2014 жылы жасалған неше миллиярд долларлық құнға ие келісімнің қосымша нұсқасын жариялады. Бұдан кейінгі жерде қызу талқыға ұласқан мәселе: тоқтам қағаздары мен әлемдік сарапшы газеттердің шолуы. Осы сияқты алыпқашты әңгімелер көптеген саясаткерлердің күдігін туғызуда. Кениядағы екі үлкен қала — Найроби мен Момбасаның арасын жалғайтын темір жол құрылысына жұмсалатын бұл қаржының өтеуі де оңай болмаса керек. «Кения тәуелсіздігінен бері қарайғы уақыттағы ең ауқымды жоба» ретінде сипатталып, елдің туризмі мен транспорт саласына қыруар табыстар әкеледі деген бұл темір жолдың да «әні мен әлегі» біраз жерді шарлайтын түрі бар.
Бір қызығы; Найроби мен Момбаса арасындағы тозығы жеткен тас жолмен 10-15 сағат жол жүретін болса, темір жол толық пайдалануға берілгеннен кейін небәрі 5 сағат уақыт кетеді деген болжам бар. Бұл келісімдерге сенім артып отырған ел саясаткерлері, бұл бастама елдің дамуына оң ықпал етеді деген үміттерін жасырмауда.
Қытайлар жасалған келісімшарттарды жариялаған жоқ. Алайда Кениялық басылымның айтуынша, «Кения шартқа сай әрекет етпеген жағдайда, Қытайларға жер немесе кен орындарын беретін болады» деп алаңдаушылық білдірген. Газеттегі мақалаға сенсек, «Кениялықтар темір жол құрлысына қажетті жабдықтарды Қытайдан сатып алумен қатар технология, сервис саласының барлығында да Қытайлықтарға тәуелді» екені аңғарылады. Бұған қоса, Кения үкіметі бұл халықаралық келісімнің тармақтарын Бейжіңнің ресми рұқсаты болған жағдайда ғана жариялауға міндеттелген. Бұған қарата Кения президенті Ухуру Кеньяттаболс Қытайдан алған қарыздарының ел тәуелсіздігіне зәредей де зияны тимейтіндігін айтып халықты сендіруге тырысып жатыр.
«The Daily Nation» газеті бұл тоқтамның нұсқасын қайдан алғандықтары туралы ашық жазбаған. Бұл шулы тақырыпқа назар салған АҚШ журналистері, тоқтам мәтіндерінің, ҚХР-дың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында Сервия, Қырғыз Республикасы қатарлы елдермен жасаған тоқтамдарына қатты ұқсайтындығын алға тартыпты.
Батыс елдерінің пайымдауынша, бұл стратегиялық жобаның түпкі мақсаты — Қытайдың әскери және саяси ықпалын кеңейтуіне жағдай жасайды. Мұнымен қоса, оған қатысушы елдердің тәуелсіздігі мен экономикасына қатер төндіреді деп отыр.
Осы оқиғаларды оқып отырғанда біздің де есімімізге біраз жайттар оралды. Кезінде «Қытайлықтар Алматы-Астана арасына 4 сағатта жететін жылдам пойыз жүргізеді екен» деген қауесет тараған болатын. Ресми мекемелер тарапынан расталмаған бұл хабар ел есінен шыға бастағалы қашан. Сөйтіп жүргенде қытайлар «Астана метросының» құрылысын бастап та кетті. «2017 жылы аяқталама екен» деп күтіп жүрген метромыздың құрылысы қазір тоқтап тұр. Себебі «біздің дамуымызға басты кедергі келтіріп тұрған Арқаның ауа райы» қытайларды да тоңдырған болуы мүмкін. Сол метроның төңірегінде де дау-дамай толастамай тұрғаны тағы бар. Қытайлық компанияның қолынан жұмыс алған отандық мердігерлер, «Астана банкінің банкродқа ұшырауына байланысты» қытайлардың қолынан ақшаларын ала алмай жүргендіктерін айтып зар илеуде. Дегенмен біздегі «қытай қолымен» төселетін рельстердің ұзындығы өзге елдердікі секілді неше жүз шақырымға созылмайтындығы көңілге жұбаныш. Әйтпесе, түрлі проблемалардың бізде де «бас көтеру» ықтималдығы басым…

Ерқазы Сейтқали