Бір-біріңді аңдымаңдар!..

Күнделікті өмірде өзімен бірге жүрген жандардың аңдаусызда жасаған қателіктерін сөзге таңбай, оны жасыра білу, ешкімнен ілік іздемеу Құранда ескертілген адами мінезге жатады. «Хұжурат» сүресінің 12-аятында бұл жайлы «Әй, иман еткендер! Бір-біріңді аңдымаңдар (кем-кетік іздемеңдер)!» делінген.

Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, Адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің өнегелі өмірінде ешкімнің қателігін көзіне шұқып көрсетіп, бетіне баспаған. Қате істі байқаған сәтінде, сол кісінің атын жарияға жар салмай, мешітке жиналған жамағатқа жалпылама ескерту жасайтын. Елге қарата «Араларыңыздан кей кісілерге не болған, осындай-осындай жамандыққа бой беріп жүр» дегенде, кімге қарата айтылғанын әлгі адамның өзі іштей сезіп, көп өтпей сол қателігін түзететін (Әбу Дәуіт, Әдаб, V, 183).

Пайғамбарымыз үшін әр сахабасының беделін қорғау, қателігін жасыра жүріп, қатардан қалдырмау, құласа қолдап, сүрінсе демеу мұсылман қоғамының тыныштығына сызат түсірмеу үшін өте маңызды еді. Хадистерінде үнемі өзге мұсылмандардың айыбын жабуға шақырып: «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да сол адамның қиямет күні айыбын жасырады» (Мүслим, Бирр, 72), «Кімде-кім бауырының айыбын жапса, тірідей топыраққа көмілген қыз баланы аман алып қалғандай сауапқа кенеледі» (Әбу Дәуіт, Әдаб, 38.), «Діндес бауырын бір кінәсі үшін айыптаған адам сол күнәні өзі де істемейінше өлмейді» (Тирмизи, Сыфатүл-қиямет, 53.) деп, әр мұсылман үшін кісі айыбын жабудың қаншалықты жауапты әрі сауапты екенін білдірген.

ElAna.kz