Бір қоғамға бір шырпы…
Кей елдің аздығынан қорықпаймын, көп болса да беріксіздігінен, бекемсіздігінен, әр нәрсеге бір еліктегіш, сезімге берілгіштігінен шошимын. Сезімге құмар, ақылға сараң, желіккеш ел, жау тұрмақ бір өрмекшінің құрығына да түсіру оңай болмақ.
Хакім Абай айтқандай ақыл, қайрат қашан да жүрекке байлануы керек. Жүректен жібі үзілген қайрат түбінде не басын жартасқа соғады, не жардан құлайды. Ал ақыл жүректен өзін алшақ ұзақтап өз алдына шаңырақ құрғаннан бастап, әзәзіл оған тұзақ құрады. Жүректен ақыл алшақтаса — адасқаны. Адасқаны – алжасқаны. Әуелі өзімшілдік тұзағына түскен ол артынша менмендік мен тәкаппарлық ауына шырмалады. Шырмалған сайын шатаса береді. Мұндайда ол асқақ тауды да бетеге санайды. Мұндай дерт қоғамда көбейсе қоғамның бірлігіне сызат түсіп, жарық пайда болады. Әркім өзін біртуар санап өзгені місе тұтпайтынға кезігеді.
Жүрек те задында жалғыз ғұмыр кеше алмайды. Оның үстіне иманы болмаса не болмаса қауқарсыз иманы өңешінде қалса кез келгенге сенгіш, көрінгенге көнгіш, сезімге бойлағыш келе қалады. Мұндайдың санасы да таяз келеді. Бұл тақылеттес қоғамды әлде бір ессіз әуенмен, әлде бір қиял ертегімен елітіп, жетектеп алып кетуі түк те қиын емес. Бұларға ақты осындай әр түрлі тәсілмен қара деп қараны да ақ теп айта берсеңіз көп ұзамай нақ солай сенетін халге жетеді. Ақылы бір жақта, жүрегі бір жақта жүріп бірліктен айырылған соң көп нәрсенің пайымына бара бермейді. Есі кеткеннің есімі де кетеді. Бүлікті тілеп тұрған бұларға болмашы себеп те көп келеді.
Бір күні бір шайтан жол жүріп бара жатып бір ауылға кез болады. Не де болса бір тынығып алайын деген ол бір үйдің жанындағы жайқалған ағаштың түбіне отырып, ағашқа арқасын тіреп дем алып отырады. Көңіл күйі орнында еді. Қарап отырмай сол үйдің қорасында бір жас әйелдің бұзауын қазыққа байлап, сиыр сауып отырғанын ұзақтан бақылап қарап отырады. Әрине ол кей адамдардай әрдеңені бір түртіп қарап отырмайды. Жоспар құрып отырады. Аздан соң орнынан тұрып бұзаудың қазыққа байлаған жібін ептеп босатып қояды. «Сол да әзәзілдік болып па?». Қоя тұрыңыз. Сөзімді бітірейін. Бұзау енесі сауылмай тұрып иітілу үшін емген болатын. Соның дәмі әрине аузынан кетер емес. Жас әйелдің жай сауып уақыт өткізіп тұрғаны оған ұнамай аздан соң тыпырши бастайды. Аздап босаған жіп әрлі берлі ойнаған кезде шешіле кетеді. Шауып тікелей енесін емуге ұмтылады. Жақын қалғанда сүт тола шелекті қағып өте шығады да шелек аударылып кетеді. Еңбегінің еш болғанын көрген жас әйел ызаланып «кәрәң қалғыр» деп қолына түскен бір томар сексеуілді алып басына періп қалғанда жаңа туған бұзау серең етіп құлай кетеді. Бұзауына тиіскенін көрген сиыр да қарап қалмай артқы тұяғымен теуіп кеп қалғанда тұяқтың ұшы маңдайына қатты тиіп жас әйел сол жерде жан тәсілім болады. Осы көріністі ұзақтан байқап қалған жас әйелдің қайынатасы бұған шыдай алмай үйінен оқтаулы білте мылтығын алып шығып сиырды атып кеп жібереді. Мылтықтың жер жаңғырған дауысын үйде жатып естіген жас әйелдің күйеуі далаға атып шығады. Өз көзіне өзі сенбейді. Бір жерде серейіп бұзау, бір жерде теңкиіп сиыр өліп жатыр. Ал сол сиырды астында ғашық болып зорға қолы жеткен сүйгені өліп жатыр. «Бұл не деген сұмдық! Өз әкем әу баста қарсы болып, одан кейін үйге келін етіп түсіргенде де күнде әрдеңені бір сылтау етіп тиісе беруші еді. Ақыры атып тынған екен ғой. Ертеден қара кешке дейін шалдармен құмар қарта ойнайсың. Ал мен қалаға казиноға барсам оңдырмайсың» деп басын күні бойы арақ таппай жаза алмай отырған баласы мына қорлыққа шыдай алмай апалаңның арты топалаң болсын деп қалтасынан казинодан ұтып алған ақшаға сатып алған су жаңа тапаншасын қалтасынан шығарып әкесін көздемей-ақ атып жібергенде оқ тұп тура жүрегін тесіп өтіп, әкесіне артына бұрылып қарауға да, тілге келуге де шамасы келмей қолындағы білте мылтығымен бірге жерге сұлқ етіп құлап түсіп тілі кәлимаға келмей кетеді. Баласы атуын атып қарайып қашанғы отырсын, аздан соң есін жиып қасына барғанда білте мылтықтың оғы перідей аппақ аруына емес, сиырға тигенін ал сиырдың тұяғы сол сұлуының маңдайына тигенін байқайды да өкіре жылап шашын қос қолымен жұла бастайды. Бірақ бұдан әрі төзе алмай өз өзіне қол жұмсап әлгінде ғана құтырған дене сұлайып жансыз қалады.
Осынау оқиғаны ағашқа сүйеніп отырып театрда отырғандай сүйсіне қызықтаған әзәзіл шайтан бәрі бітіп, «шымылдық» түрілгенде: «Осындай пәлені өздері істеп ап, ақыр соңында маған жабады ғой. Онысы несі екен? Мұндай сұмдыққа менің не қатысым бар дейсің? Бар болғаны бұзаудың қазыққа байланған жібін аздап босатқаным болмаса. Осы адамдар да ес жоқ әй» деп әрі қарай орнынан еріне, есіней тұрып әрі қарай қара жолға түсіп, құйынға айналып кете барады.
Иә, солай. Бүлікке ілігі көп елде бүлікке себептің түрі көп. Санасы жұтаң, жүрегі қуаңшылық жайлаған елдің дүрбелеңі көп болады. Алла елімізді мұндай мың бір пәледен сақтасын! Уәссәләм.
Мұхитдин Иса