БІР КҮНДЕ 3 ПӘТЕР БЕРІЛДІ
Ырысы мен тынысы дарыған Қасиетті Рамазан айы нет-кен тамаша, сондай қадірлі. Жүректі жібітіп, жанарға қуаныш ұялататын қайырлы айда қайырымды шаралар толастар емес. Дұға-тілектер қабыл болып, Алланың шарапаты түсетін шақта адамдар сансыз сауаптарға асығып, қайырлы іс жасауға қадам басады. Ал, Рамазан айында бұл сауаптар еселеніп қайтатынын да күллі мұсылман біледі, үміт күтеді. Бүгінгі игі істің салмағы да, аумағы да, тәрбиелік мәнінің тамыры да тереңде. Рамазан айының соңғы күндерінде, Қадір түнінің қарсаңында қаламыздағы «Тұмар» мейрамханасында өткізілген 100 адамға арналған ауызашар кеші тосынсыйлар мен ғибратты әңгімелерге толы болды. «Amina» сауда үйінің иесі Р.Әшімова мен » Aqua Premium» компаниясының иесі А.Қалдыбаевтың мұрындық болуымен өткізілген ауыз-ашар барысында аудандық орталық мешіттің бас имамы Ғ.Қонақбаев барша келген қонақтарды Қасиетті Рамазан айымен құттықтап, мүбәрак айдың маңыздылығын атап өтті. Кешке арнайы келген «Hareket» қорының өкілі Б.Балғабай 899-шы баспананың кілтін Жаңатас қаласының тұрғыны М.Оспановаға ресми түрде табыстады. Тосын мұнымен тосылып қалмады. Аудандағы көптеген қайырымдылық шараларының басы-қасында жүрген «Аманат» қорының өкілдері Ғ.Ахметов, С.Жанқожаев пен «Жарас» ЖШС-нің директоры Е.Тлешов қолдауымен Жаңатас қаласының тұрғындары М.Есболова мен А.Қанатоваға 3 және 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Күтпеген қуанышқа тап болған жаңа пәтер иелері көздеріне жас алып, ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жеткізді. Аталмыш шарада аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінен құралған «Сарысу» триосы жарапазан жырын айтып, көпшіліктің көңілдерінен шықты. Жарапазанға жиналған қаржы алдағы игі істерге жұмсауға «Hareket» қайырымдылық қорына аударылды. Сонымен қатар, Жаңатас гүлдер дүкені өз кезегінде пәтер иелеріне гүл шоқтарын, қаладағы «Колибри» дәмханасы бір реттік фасфуд түрлерін, ал «Аманат» қорының өкілдері «Бәрі бар» әмбебап дүкенінің 20 мың теңге сертификатын тапсырды. Береке тұнған кеште шаттық пен шексіз мейірімділіктің лебі есіп тұрды. Бір ғана кеште үш бірдей ананы бақытқа қауыштыру, асқақ армандарын орындау қандай ғанибет. «Жақсылық жасасаң, берекесі көбейе түседі» дегендей келген қонақтардың әрқайсысының жүрегінде ізгілік туралы өшпес із қалатыны анық.
Сарысу ауданы