БІР КҮНГІ ҰРЫСТЫҢ ҚЫРЫҚ КҮН КЕСІРІН КӨРМЕЙІК…

Азаттық алып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан соң ешкімге жалтақтамай, өшкенімізді жаңғыртып, тіліміз бен дінімізді түзедік.Құдайдан үмітін үзбеген Мұхаммед үмметінің санаты күн санап артып жатқанына шүкірлік еттік.

Ыстамбұл қаласындағы «Ыстамбұл» университетіне магистрлік оқуға барып, көктемнің жаймашуақ күндерінде іс-тәжірибеден өткен едім. Мамыражай жатқан елді көріп, өз елімізде жүргендей әсерде болдық. Ыстамбұлға әртүрлі мақсатпен сырттан келіп-кетіп жатқан шетелдік мыңдаған туристерді түрік халқы жатырқап та, жатсынып та жатқан жоқ. Ал біз білетін бір ақиқат – қазақ пен түрік – ежелден ағайын, бауырлас халық. Еліміз тәуелсіздігін алғанда, тәуелсіздігімізді мойындап, алдымен риясыз тілектестігін білдірген де Түрік елі болатын. Әрине, екі ел арасындағы достықтың тамыры тереңде жатқаны мәлім, бастысы тыныштық пен береке-бірлік болса, әлі талай асуларды алатыны анық.

Қазақ атамыз «Бір күнгі ұрыстың қырық күн кесірі болады», – деп бекер айтпаған. Өткен аптада Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болған бүлікшілер туралы естігенде, түбі бір туысқан халықтың жағдайы бізді де бей-жай қалдырмады. Қай уақытта, қай елде болмасын тыныштықтан асқан береке жоқ екені белгілі, діңгегі берік ел атанған бауырлас түрік халқына әрдайым тыныштық пен тұрақтылық тілейміз.

 

Бейбіт күнде неге оқ атылды?..

Бүгінде бүкіл әлемді лаңкестіктің елесі кезіп жүр. Осы айдың өзінде Ататүрік атындағы (Түркия) әуежайында, Ниццада (Франция), Бельгияда, Иеменде орын алған лаңкестік әрекеттер әлемді тағы бір дүр сілкіндірді. Қаншама жазықсыз жандар жапа шекті, жақындарынан айрылды. Бұрын мұндай сұмдық әрекеттер бола қалған жағдайда бүкіл әлемді дүр сілкіндіретін. Енді айтуға ауыз бармайтын сондай бассыздықтар тұрақтылық пен төзімділікті ту еткен қазақ даласында да орын алды. Бүлікшілер сыртқы жау емес, өзіміздің қандас бауырларымыз болғаны жан ауыртады. Еркін, азат елдің ішінде жүріп «еркіндікті» теріс жолға пайдаланып, арам әрекеттерге барғандар екен. Бұған дейін Тараз, Ақтөбе (2011 ж) қалаларында орын алған терактінің зардаптарын ұмыта алмай жүргенде, Ақтөбе қаласында (2016 ж) өткен айда орын алған лаңкесшілердің әрекеттері төбемізден жай түскендей етті. Әрине, мұндай қайғылы жағдайдың болуы – өте өкінішті, қаншама жазықсыз азаматтарымыз қаза тапты…

Бұл сойқанның дін атын жамылған радикалды жəне теріс пиғылды ағымдардың белсенді əрекеті екені жария болды. Ресми органдардың мəлімдегендей, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар ислам атын жамылған салафилер екені белгілі болды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде болған терактіні «дəстүрлі емес діни ағым – салафизмнің зұлымдық əрекеті» деп айыптады. Салафилік ұйым дəстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтарды күйретуге бағытталып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Елімізде жылдар бойы үздіксіз әрі астыртын, ел санасын оңай жаулау үшін діннің атын жамылып жүргізген əрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдырып, аса қауіпті əрекеттерге ұрындырады.

Енді міне, кеше ғана Алматы қаласында болған қанды оқиға тағы да тыныштығымызды бұзып, дабыл қақтыруда. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланған суреттерден бұл әрекеттің де «авторлары» дін атын жамылған содырлар екені байқалады. Қандықарақшыларды бейбіт елдің тұрғындарына оқ атуға «мәжбүрлеген» не екен? Көкейде жауабын күткен сұрақтар көп! Еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікке қауіп төндірген қаныпезерлердің көксегені не болды екен?..

Ұлы Жаратушы «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», – деп қатаң ескерткен. Жазықсыз жандардың қасықтай қаны төгілмеуі керек еді. «Бөлінгенді бөрі жейтінін» ескермей, ел ішіндегі бөлек топтар, ақырында оқ атып, бүлік жасады.

Бүлікшілердің қанды әрекетінің салдарынан қаншама азамат оққа ұшып, жесір әйел, жетім балалар жазықсыз зәбірленуде.

 

Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ

Дінімізде басшыға бағынып, бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «…Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар…» — деп әмір етеді («Маида» сүресі, 2-аят). «Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең», – деп айтылған хадисті ескермей, әлдебіреулердің сол Ислам жібін үзіп, дінге жат әрекетке ортақтақтасулары – мұсылмандықпен еш қабыспайтын жат қылық. Дәл қазіргі таңда бізге керегі – ел ішіне лаң салып жүргендерді лайықты жазалап, пейілі терістерді тізгіндеу. Қай уақытта болсын қоғамнан, жамағаттан бөлінушілік жақсылыққа апармайды, Мұхаммед пайғамбар бұл ақиқатты он төрт ғасыр бұрын былай жеткізген: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін».

Жалпы елімізде тыныш елдің ұйқысын бұзған дінбұзарлардың әрекетінен «арамзалықтың иісі аңқып тұр». Адасудың құрбаны болып, мешіттегі имамға бағынбай, «өз шейхтарының» ғана сөзін тыңдап, шатасқандардың ақырғы қадамы дұрыс болмайды! Лаңкестердің теріс әрекеттеріне, әлі де сондай қара ниетте жүргендерге ұстанған сенімдерінің дұрыс емес екендігін ел болып ескертеміз.

Әсіредіншілдердің санасы бұзылып, мәңгүртке айналған, сақалы ұзарып, балағы қысқарған. Мұны тағы да бір айтпасқа болмайды. Бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымызды, өз азаматтарымызды жақсы жолға сала алмадық. Ақыл айтар елдің ақсақалдары көшеде карта ойнап, баласының қайда жүргенінен бейхабар күн кешті. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен түн қата оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастарымыз шетін уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды. «Ештен кеш жақсы» деген, ендеше, ел ішінде адасып жүрген азаматтарымызды жат ағымдардың ықпалынан арашалап, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мұхаммед пайғамбар: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың салдарынан болып отыр. Ел ішіне іріткі салып, дүрбелең туғызып жүрген шетін көзқарастағылар өз арының алдында да, Алла алдында да жауапсыз қалмайтынын білгені жөн.

 

Илегеніміз – «бір терінің пұшпағы»

Ия, бәріміздің илегеніміз – «бір терінің пұшпағы». Сондықтан ел ішіндегі тыныштықты, ауызбірлікті сақтап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу – әрбір ел азаматтарының азаматтық міндеті. Қасиетті Құранда: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді», – деп айтылған аят бар («Мәйдә» сүресі, 64-аят). Жаратушының құзырында құп көрілмеген әрекет халық арасында да хош көрілмейді. Бұл – ақиқат!

Сахаба Һузайфа (р.а.) былай дейді: «Адамдар Алла елшісінен (ﷺ) жақсылық жайлы сұрайтын. Ал, мен сақтанып жүрейін деп жамандық не екенін сұрайтынмын».

— Бір күні мен: «Уа, Алла елшісі! Расында біз надандықта болдық. Алла бізге Исламды берді. Осы жақсылықтан кейін бір жамандық бар ма?» — деп сұрадым.

— Пайғамбар (ﷺ): «Иә», — деді.

— Мен: «Сол жамандықтан кейін бір жақсылық бола ма?» — дедім.

— Пайғамбар (ﷺ): «Иә, бірақ бір бұлыңғырлық бар», — деді.

— Мен: «Ол бұлыңғырлық не?» — деп сұрадым.

— Алла елшісі (ﷺ): «Адамдар тура жолда әрең жүреді», — деді.

— Мен: «Осы жақсылықтан кейін тағы бір жамандық бола ма?» — дедім.

— Пайғамбар (ﷺ): «Иә, тозақ есіктеріне шақырушылар болады. Кім оларға ілессе, тозаққа құлайды», -деді.

— Мен: «Уа, Алла елшісі! Оларды бізге суреттеп беріңіз», — дедім.

— Пайғамбар (ﷺ): «Олар біздің нәсілден болады, біздің тілімізде сөйлейді», — деді.

— Мен: «Егер сол уақытта өмір сүрсем, не істеуім керек?» — дедім.

— Пайғамбар (ﷺ): «Мұсылмандар жамағатымен және басшысымен бірге бол», — деді.

— Мен: «Мұсылмандардың жамағаты және басшысы болмаса ше?» -дедім.

— Пайғамбар: «Ол топтардың барлығынан оқшау жүр, жолама. Тіпті, ажалың келгенше ағаштың тамырын тісіңмен тістеп жатып алсаң да, сол күйде бол», — деп ескертті. (Бұхари, Муслим, Термизи).

Дін – нәзік мәселе, сондықтан ол туралы кесіп пікір айтуға болмайды. Осы хадисте айтылғанды дәл қазір бастан өткеріп отырғандаймыз. Сондықтан, елдігіміз сынға түскен қазіргі шақта алауыздыққа тосқауыл қойып, бір-бірімізге жақындай түскеніміз абзал. Елінің қамын жеген Елбасымызбен, халқымызбен бірге болып, өлара кезеңде береке-бірлігімізге сызат түсіріп алмайық

 

Атадан аманат, ұрпаққа ұлағат

Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел идеясын жаң­ғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін ежелгі Ұлы даланың мұрагері, көне ұлттық дәстүрлердің жалғастырушысы ретінде әлемге танытуда.

Мәңгілік ел идеясы – біздің мүдделерімізге, қоғамымыздағы тыныштыққа, ынтымақтастыққа қызмет ететін, бағыты мен бағдары анық жол болмақ. Сол идея – бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaй отырып, сындарлы сәттерден сүріндірмейтін ұлы мұрат.

Конфессияаралық татулықты әрдайым назардан тыс қалдырмайтын Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде: «…Біз, сондай-ақ, діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз.

Ислам діні әу баста жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз…», – деп ескерткен болатын.

Қиын-қыстау күндерде де мұсылманшылықты ұстанған қазақтың иманы кәміл болып, тура жолдан жаңылмағандықтан, татулықты ту етіп, мамыражай өмір сүруді армандаған. Ашаршылықтың ащы дәмін татқан бабаларымыз тәуелсіз ел болу үшін басын бәйгеге тіккен. Ендеше, ып, Тәуелсіздіктің тұғырын төмендетпей, ел ынтымағының одан әрі нығаюына өз үлесімізді қоса жүрейік, ағайын!

Тұрар ӘБУОВ,

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының бөлім басшысы,

бас ғылыми қызметкер