Бір мезгілде екі балақша пайдалануға берілді
Кеңестік дәуірде қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты қанша жерден жою туралы айтылғанмен, оның барлығы сөз жүзінде қалып келіп еді. Бүгінде ешқандай ұрандатусыз-ақ ауыл мен қаланың айырмасы жойылып келеді деп айтуға негіз бар. Себебі бүгінде әрбір ауылда балабақша салынған, газ тартылып жатыр. Жарқыраған көшелері қаладан әсте кем емес. Тіпті саябақтар да баршылық. Әрине мұндай жетістіктің барлығы оңай келді деп ешкімнің айта алмасы анық. Бұған қыруар еңбек жұмсалды. Ең бастысы — Елбасы мен Тәуелсіздіктің арқасы.
Жоғарыда айтқандай бүгінде тұрғындары өздерін қалада тұратындай сезінетін ауылдар көп. Солардың бірі — Сарыағаш ауданындағы Ошақты ауылдық округі. Бұл жөнінде аталмыш ауылдық округ әкімі Сейдахрам Ештаев былай дейді:
— Бүгінде біздің ауылдарда балабақшаға деген сұраныс жоқ. Барлық бала қамтылған. Кеше Тұңғыш Президент күні қарсаңында округке қарасты екі елдімекенде балабақша ашылды. Нақты айтсам Ошақты ауылындағы 200 орындық «Қос қажы» мен Жиделі елдімекенінде 150 орындық «У.Аяулым» балабақшалары жұмыстарын бастады. Енді Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Саңырау елдімекенінде 150 орындық жаңа мекептің лентасын қиюды жоспарлап отырмыз. Үш көшеге орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Екі көшеміз ағымдағы жөндеуден өтті. Бұларға шағыл тас төседік. Тағы екі мектеп салынып жатыр. Алла бұйыртса, олар келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қоңыртөбе ауылына газ тартылды. Міне осы жұмыстардың барлығы мемлекеттің ауылдарға көмек беру бағдарламасының аясында атқарылып жатыр.
Р.БАЛАБИ,
ОҚО облысы.