Бір шаңырақ астында
Павлодардың «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті. Шараға облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, Ассамблея мүшелерін марапаттады.
Ассамблея мүшелерінің алдында сөз сөйлеген облыс басшысы бүгінгі таңда жастардың жеке пәтер алу, білім беру гранттарын көбейту мен студенттерді жатақханалармен қамту – ең өзекті мәселе екенін атап өтті. Осы мәселелерді шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 5 әлеуметтік бастамасына ойдағыдай жүзеге асыру керектігін сөз етті.
– Бұл бастамалардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүру сапасының деңгейін көтеру болып табылады, – деді аймақ басшысы. – Біз осы бастамаларды тек бірліктің арқасында жүзеге асыра аламыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI съезінде мемлекет басшысы 8 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру бойынша бірінші кезекті мақсаттарды белгіледі.
Әкімнің сөзінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басымдылықтары мен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңдағы өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі Даму концепциясы мен жоспарын соңына дейін жасап бітіру қажет. Сонымен қатар, ҚХА-ның қайырымдылықтағы белсенділігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
– Ассамблеяның аясында жастар бірлестіктерінің координациялық кеңесі жұмыс істейді,- деді Болат Бақауов. – Ақпараттық технологиялар мен дамулардың жаңа заманында жастар жаһандандырудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Сол себепті жастарды елді жаһандандыруға бағытталған «Жаңғыру жолы» атты жаңа қозғалысқа жұмылдыру бойынша жұмыстарды жүргізу тиіс.
Кезедсудің қорытынды бөлімінде Павлодар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне наградаларды табыстау салтанаты өтті. Шухарт Данбай ҚХА-ның «Жомарт жан» белгісіне ие болды. Музыкатанушы Наум Шафер, облыстық «Регион KZ» газетінің бас редакторы Роза Мустафина және «Мерказ» еврей ұлттық мәдени орталығының белсенді мүшесі Максим Қарапузов Ассамблеяның Алғыс хаттарымен марапатталды.
Әлихан