Бір тоннадан астам балықпен ұсталған браконьерлер сотталды
Атырау қаласының № 2 сотымен балық ресурстарын заңсыз аулау фактісі бойынша Атырау облысы Жанбай селосының төрт тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, — деп хабарлайды Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Жанбай селосының төрт тұрғыны қоршаған ортаға үлкен залал келтіріп, балық ресурстарын заңсыз аулаумен айналысқан. 2017 жылдың қараша айында Жанбай селосына жақын жерде балық инспекциясы қызметкерлері оларды «Байда» су қайығымен балық аулап жүрген жерінен ұстады. Қайықтан 1.110,7 келі бекіре тұқымдас балығы және балық аулайтын тор табылған.
Сот үкімімен төрт тұлға Қазақстан Республикасының ҚК-нің 335-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Сот сотталушылардың өз кінәларын мойындап, әрекеттеріне өкінулерін, сондай-ақ, іс бойынша жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оларды өмір бойы балық аулау құқығынан және 2 жыл мерзімге шарты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қайық және балықтар мемлекет меншігіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
С. Муньянова