БІРЕУ КЕТКЕН ДҮНИЕ, БІРЕУ КЕЛІП…

Біреу кеткен дүние, біреу келіп,
Біреу туып жатады, біреу өліп.
Өзектіге білмесек, өлім барын,
Бұл жалғанның қадірін білер ме едік.

Біреулер жүр аспаннан айды алмақшы,
Байып болған. Құдайға айналмақшы.
Біреудің қарыны аш, рухы бай,
Сондықтан қайғырмайды, қайран жақсы.

Жөргегінен билікті аңсап туып,
Біреулер жүр атақ пен мансап қуып.
Тағың, бағың қалады, ап кетпейсің,
Тағынсаң да билікті моншақ қылып.

Біреу жүр қарғыс айтып табанына,
Тимедің деп Малдивтің аралына,
Енді біреу сәждеге бас ұрады,
Тәубе қып төрт мүшесі аманына.

Сүйсең де бұл жалғанды құшырлана,
Тау қопарар болса да күшің дара,
Өлмейтұғын адам жоқ, ей пенделер,
Өлмейтұғын тек сенің ісің ғана.

Әділбек ҚАБА