Біреудің киімін киюге болмайды!
Сәтсіздігі сізге «жұғуы» мүмкін
Бүгінде кейбір жақын араласатын адамдар бір-бірімен киім алмастырып киіп жүре береді. Ал негізінде өзгемен киім ауыстырып кию бұрынырақта тыйым салынған ырымға саналатын. Өйткені біреудің бағы, екінші біреудің қырсығы ауыстырып киген киіммен бірге басқа адамға жабысып қалады делінетін.
Мұндай әңгімені мен осыдан 5-6 жыл бұрын, студент кезімде естігенмін. Құрбымның бас киімінің түсі мен тігісі курткама сәйкес келетіндіктен мен көбіне оның құндыз бөрігін киетінмін. Кейінірек басым үнемі ауыратын болды. Самайларым солқылдап тартып, қақсағанда дәрі де көмектеспей, жиі жатып қалатын едім. Бірақ бұл аурудың нақты себебін ешкім дөп басып айта алмады.
Қысқы демалыста нағашы әжемнің ауылына барғанмын. Маған ұзақ, тесіле қараған әжем: «Анау бас киім өзіңдікі ме?» – деп сұрады. Жауабымды естіген соң дереу үй ішін, сосын мені айналдыра бұрқыратып адыраспандады да, құндыз бөрікті пакетке салып қойды. Сөйтіп маған: «Енді өзгенің бас киімін киюші болма. Құрбыңның бас сақинасы саған ауған ғой. Ешкімнің киімін де киюші болма», – деді.
Осыдан кейін менің басымның ауырғаны қойды. Адамның ауруы, бағы мен айналдырған қырсық киіммен де көшетініне содан кейін сене бастадым. Осындай жағдай өзгелерде де қайталанбасын деп ежелден келе жатқан ырым-тыйым-дар жайлы айта кетпекпін.
ТЫМАҚ. Бас киім қашанда қасиетті саналады. Оны айырбастамайды, басындағы бағы мен бақыты ауып кетеді дейді. Бас киімге аяқ тигізбейді, басы жерге тиіп, абыройы төгіледі делінеді. Бас киімді жоғарыға іліп қояды, кез-келген жерге тастай салмайды, астыға басып отырмайды. Олай жасаса, бастан бақ таяды. Оны ешкімге сыйламайды, сатпайды. Сыйлыққа киілмеген, жаңа бас киім алып беруге болады.
Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Олай жасаса ер мінезділіктен айырылады. Бас киімнің төбесін басып кимейді, онда берекесін өз қолымен жаншиды деген мағына жатыр.
ШАПАН. Қазақтар оны жағалы киім ретінде бағалайды. Адамға шапан кигізу, иығына шапан жабу – үлкен құрмет. Шапанды өзінен кейінгі бауырға, баласына «жақсы қасиеттер жұғысты болсын» деп жабуға, сыйлауға болады. Ал дос емес адамға беру берекесін кетірумен тең.
ЖЕЙДЕ. Ұзақ жасаған, халқына өте қадірлі болған, бақытты тұрмыс құрған қариялардың жолын берсін деп олардың жейде, көйлегін сұрап алып, ырымдап киген. Мұндай киім өте тозыңқы болса, оны алғысы келгендер көбейіп кетсе, әлгі киімді бұзып, кішкентай беторамал көлемінде теберік деп бөліп алған. Ал жастардың киімін ауыстырып кие беруі оның ержүректілігін, ырзығын шашып тастаумен тең.
Киімнің жағасын баспайды. Ол жамандық шақыру. Киімді бисмилла деп оң қолдан, оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан, сол қолдан бастап шешеді. Киімді желбегей жамылуға да болмайды. Өйткені әруақтар ғана (мүрделер) жеңсіз кебін киеді, кебінін жел¬бегей жамылып үйге кіреді, екі қолы жоқ адам да киімді желбегей жамылады.
КЕБІС. Ол табандық киім. Даладан үйге кірген адам қалыптасқан ғұрып бойынша кебісін шешіп, оң жақ босағаға қатарластырып, тұмсығын отқа, сірі өкшесін іргеге қаратып қоюға тиісті. Аяқ киімді төңкеріп қоймайды, теріс кимейді. Олай жасаса, адамның жолы болмайды. Аяқ киімнің табанына қарамайды, егер табанына көзі түссе үш мәрте түкіргені жөн. Себебі аяқ киімнің баспайтын заты жоқ. Аяқ киімнің табанына қараған адамның көзінің ұшынуы мүмкін. Сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш мәрте ұрып, ұшықтайды. Жаңа ұлтарақты аяқ киімге салғанда алдыңғы жағының басын бойлата тіліп, иесіне «жолын ашу» ырымын жасайды.
Мөлдірдің хаты.
«Халық емі — Целительство».
(Мақаланы көшіріп басқанда сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған