Бірігер ме Көк түркінің ұрпағы?!
Өлең оқысам қолым көкке кетіп қалады.
Тобырынан адасқан аш- арықтай,
Қасіретті бөрі жалғыз ұлыса.
Азу тісін алқымына дарытпай,
Сырттанменен алмаса егер жұлыса.
Күн артынан өтіп жатыр күн өрлеп,
Жалғыз бөрі жемін дара күйттеп жүр.
Жалғыз бөрі- о дағы бір сүмеңдеп,
Қотан қорып, қой күзеткен ит те бір.
Ақ сонарда көп із жатса жосылып-
Топ бөрі кеп қамағаны отарды.
Көп бөрілер ұлыса егер қосылып,
Көп бөрінің ұлығаны- қаһарлы!
Бір-бір уық қадап, ортақ кереге,
Керетұғын туар ма екен күн алда?
Үйін тігіп, құртын жайған өреге,
Көшпендінің мемлекеті Тұранға?!
Ойдан оғыз, қырдан қыпшақ жиылып,
Шошақ бөрік қимақ пенен қарлұғым.
Дос сүйініп, хас дұшпаны күйініп,
Асықтай қып жиып алса барлығын.
Шетте Шашым, бір жағымда Алтайым,
Қиырына құс ұша алмас даламда.
Қауқылдасып, құшақтасып арқайын,
Бір тостақтан ас ішер күн болар ма?!
Тігілер ме Көк түркінің байрағы?!
Бірігер ме Көк түркінің ұрпағы?!
Аламандап аттанбаса аймағы,
Жаяуды жол, жалғызды жау құртады.
Қаңлы, алшын, табғаш,бозоқ, ғұндардай,
Бабамыздай көзімізге кек тұнып.
Даламызға көзін тіккен мұндарға,
Қамал болып жатар ма едік шеп құрып!
Айдаһар да қимылдамас қорыққаннан,
Қырандаймыз қанат қаққан кеш түлеп.
Ат та та үрікпес жалғыз-жарым жортқаннан,
Көп бөрінің жортқаны- сестірек !!!
Сәулеш Шәтенова