Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын павлодарлық қыз өзінің туған қаласындағы екі бүлдіршінге жәрдемдесті

Шұғыл отаны қажет ететін екі павлодарлық бүлдіршінге көмек Біріккен Араб Әмірліктерінен келді. Бұл туралы Павлодардың қайырымдылар клубы өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.   

Алты жасар Теңізбаева Әминаның маңдай-самай бөлігінде қатерлі ісік пайда болған. Астаналық дәрігерлер оған әзірге көмектесе алмай отыр. Сондықтан, олар Әминаға Алматы қаласындағы В. Савинов атындағы клиникасына жолдама берді. Қыздың анасы жалғыз өзі үш баланы асырап отыр. Оның үстіне ол Әминаның ауруы себепті жұмысқа да орналаса алмайды.

Бес жасар Дерябина Сабринаға осыған дейін облыс орталығында, Ресейде және Қытайда бірнеше ота жасалды. Бір жасында оған ортан жіліктің туа біткен шығуы мен жамбас буындарының екі жақты дисплазиясы диагнозы қойылған. Сабрина әлі күнге дейін гипспен жүреді. Соған қарамастан, сәбидің толық жазылуына деген үміт бар.

Қайырымдылар клубының еріктілері Instagram-дағы парақшасында балалардың еміне қаржы жинау туралы жариялағандарымен, қаражат жинау ұзаққа созылып кетеді.

— Бізге Біріккен Абар Әмірліктерінде тұратын Жанар есімді жерлесіміз хабарласып, екі қызға да қаржы жинау үшін көмектесетінін айтты, — деді қайырымдылар клубының өкілі Мира. – Алғашқысында ол Әминаның еміне жетпей жатқан 150 мың теңге соманы жіберді. Бір аптадан соң Сабринаның еміне қажетті 850 мың теңгені аударды. Жанар өзінің таныстарының арасында бүлдіршіндердің еміне қаржы жинау марафонын жариялаған екен. Алғашында олардың көпшілігі қомақты сома тиісті жерге жетпейді деп күмәнданған екен. Сол кезде Жанар қыздардың сырқатнама қағаздарын, басқа да құжаттарды жинап, бұл қаражат науқас балалардың еміне қажеттігіне сендіреді.  Біз Қазақстандағы ғана емес, өзге елдерде тұратын да қайырымды адамдардың қол ұшын созғанына дән ризамыз.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы