Біріккен кәсіпорын ашылмақ
Жақында өңір басшысы Алтай Көлгінов облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында «GazChem» ЖШС өкілдерін қабылдады. Бұған облыс әкімінің орынбасарлары мен жергілікті кәсіпкерлік сала басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды жүргізген облыс әкімі Алтай Көлгінов ең алдымен қатысушыларға меймандарды таныстырып, содан соң басқосудың мәнісін түсіндірді.
-Елімізде кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың қатарында шетелдік инвесторларды тарту да бар. Елбасының Иран Ислам Республикасына сапары және 2016 жылдың тамызындағы ресми делегациямен бірге барған біздің іссапарымыз да нәтижелі болып, бизнесті жақсарту бағытында бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Бүгін, міне, сол келісімдердің нәтижесінде өңірімізде қазақстан-иран-канада біріккен кәсіпорны ашылмақ. Шетелдіктердің біздің өңірді таңдағанына қуаныштымыз. Бұйырса, жаңа кәсіпорында 50 жаңа жұмыс орны ашылмақ, — деген өңір басшысы сөз кезегін шетелдік инвесторларға берді.
— Біріккен кәсіпорын «GazChem» ЖШС деп аталады. Жаңа кәсіпорын мұнай-газ компанияларына қажетті жоғары сапалы химиялық өнім өндірмек. Ең замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған кәсіпорын ҚР барлық заңдарына сәйкес жұмыс істейтін болады. Жұмыс барысында қоршаған ортаның қауіпсіздігін сақтау басты назарда болмақ. Қазіргі кезде кәсіпорынның заңдық құжаттары дайындалуда. Қазақстандық, ирандық және канадалық серіктестер біріккен кәсіпорын құруға қажетті құжаттарға қол қойды. Және Желаев өндірістік аймағында зауыттың құрылысы басталды,- деді өз сөзінде компанияның басқарушы директоры Алиреза Сайед Хосейни.
Оның сөзін жалғастырған компанияның даму бойынша директоры Ғайса Жұмалиев жақында өндірістік базада реагенттерді синтездеу цехының құрылысы басталатынын айтты.
-Реагент – мұнай дайындау үшін өте қажетті өнім. Арнаулы химиялық өнім технологиялық құрылғыларды қорғайды. Мұндай өнім еліміз бойынша осы Орал өңірінде тұңғыш рет өндірілмек. Қазіргі таңда су және мұнай негізінде технологиялық ерітінді өндіруге арналған цехтың инженерлік бөлігі аяқталды, сондай-ақ, резервуарлық парк, қойма және химиялық зертхана құрылысы жобалануда, -деді Ғайса Жұмалиев.
Кездесу барысында шетелдік инвестор Хонсали Мұхаммад Али өзінің осы салада 50 жылдық тәжірибесі бар екенін айтып, сол бай тәжірибесін қазақстандықтарға үйретуге қашан да дайын екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын жұмысын алдымен шикі мұнайды тазартудан бастап, содан кейін су тазартуды да қолға алмақ. Мұнайгаз компанияларына арналған бұл жаңа өнім алдағы уақытта ЕАЭО елдеріне де шығарылмақ. Бұған Орал өңірінің ыңғайлы географиялық орналасуы мүмкіндік бермек.
Компанияның басқарушы директоры Алиреза Сайед Хосейнидің айтуынша, бастапқы инвестиция мөлшері 2 млрд. теңгені құрайды. Зауыттың жалпы өнімділігі – 5 000 тонна. Алғашқы жылы 1,5 млрд. теңгеге шығып, одан кейінгі жылдары кіріс мөлшерін 3 млрд. теңгеге дейін көбейту жоспарлануда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов біріккен кәсіпорын жұмысының қалыпты жүруіне барынша көмектесетінін айтып, компания өкілдеріне сәттілік тіледі.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
Батыс Қазақстан облысы