Біріккен күш бірегей табысқа жетелейді
Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары нарыққа нақты қадам жасауда. Оның жемісін өңірдегі кооперативтер де көре бастады. Бұл бағытқа жол сілтеуші – облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Жаңадан қолға алынған ет және сүт бағытындағы жұмыстар қолда барды ұқсататын тиімді жоба екен. Ал шаруаның өрге басуына ауыл шаруашылығы басқармасы себеп болуда. Себебі, облыс әкімі аталмыш басқармаға кооперативтерге сүт сақтайтын танкерлер алып беруге қол ұшын созуға тапсырма берген. Жаңа танкерді алғандарға шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидия есебінде беріледі.
Бұл мүмкіндікті бүгінде Қазығұрт ауданындағы шаруалар тиімді пайдалануда. Аталмыш ауданда мал сою, сүт қабылдау бекеттері мен қарқынды бау өсіру және жеміс жидек қабылдау бекеттері сынды 40 кооперативі құрылған. Оның 19-ы өткен жылы құрылса, биыл 21 кооператив іске кірісті.
Сондай кооперативтердің бірі Шарапхана ауылдық округіне қарасты Махамбет Өтемісұлы ауылындағы «Қаратас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Өткен жылдың соңында құрылған сүт шаруашылығымен айналысатын кооперативтің бүгінде 117 мүшесі бар.
Біріккен күш бірегей табысқа жетелейтінін айтқан шаруалар кооперативке бірігудің арқасында мемлекеттен тиісті қолдау көмектер алып, шауашылықтың өрісін кеңейтіп жатқанын жеткізді.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.