Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос…
“Мен Адаймын, мен Найманмын” деп емес, “мен қазақпын” деп айтатын, мақтанатын деңгейге жетуіміз қажет.
Қазақ қоғамында бітпейтін “жырдың” бірі, ол – жүз жүзге, ру руға бөліну, сөйтіп бір – бірін әжуалау. Әрине жүзіңді біл, руыңды біл, тегіңді біл. Бұл қан тазалығы үшін қажет. Бірақ “ана ру анадай, мына ру мынадай” деп әжуалап, кекетіп, мазақ ету артық.
Жақында ғана әлеуметтік желі арқылы белгілі актер Алмат Сақатов “Наймандарды мазақ ететіндей, наймандар сендерге не істеді?” деген ыңғайда әңгіме айтты. Мұндай тенденцияға қарсылық білдірді. Бір руды артық қойып, екіншісін төмендету дұрыс еместігін түсіндірді. Тіпті Несіпбек Айтұлы деген ақын ағамыз осы мәселені өзек етіп, Президентке ашық хат та жазды.
Шындыққа тура қарап айтатын болсақ, Найман кім көрінгеннің тілге тиек етіп, мазақ ететін, анекдотқа айналдыратындай ру ма, еді? Жоқ. Найман қазақ елін құрушы рулардың бірі һәм бірегейі. Ең ірісі.
Тарихқа үңілетін болсақ, Найман жұрты әр түрлі атаумен 6-7 ғасырларда пайда болған. 10-13 ғасырлар арасында ірі Найман мемлекеті құрылған. Айналасындағы көршілермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқан. Өзіндік жазуы болған, мәдениетті ел атанған. Дәл сол кезде қазақтың қай руы Наймандардай жеке мемлекет құрып, жазуын қалыптастыра алды? Ешкім!
Тіпті Шыңғысханның заң – зәкөндерін хатқа түсіріп отырғанда Найманнан шыққан Тата – тұнға деген данагөй. Ал найманнан шыққан Кетбұқа ұлы қағанның ұлы нояны, абызы, ұлы жырауы еді. Найман жауынгер халық. Қаһарлы Шыңғысханның өзіне қарсы шауып, Алтай, Тарбағатайдан бері асырмай жиырма жылдай ұстап тұрды. Тек ағайынды хандардың бас араздығынан наймандар бөлшекке түсті. Ақыры тағдырдың талайына көніп, Шыңғысханның дәргейіне көшті.
Жиырма жыл наймандармен соғысып Тарбағатайдан бері асып түсе алмаған Шыңғыстың қалың әскері, наймандардар берілген соң ғана, бері қарай қозғалды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Наймандармен жиырма жыл соғысқан Шыңғысхан, не бәрі екі үш жыл ішінде Орта Азия мен Таяу Шығысты, Қап тауымен орыстың жерін, Шығыс Еуропаны жаулап алды. Наймандардың қандай жауынгер ру екенін осыдан көруге болады.
Ақтамберді бастаған жыраулар, Ақтайлақ би бастаған билер, исі қазақ әскерінің қолбасшысы, дарабоз батыр, Қаракерей Қабанбай секілді арыстан жүрек, не бір батырларда осы наймандардан шыққан. Наймандарды келеке етпес бұрын, білімі таяз, сайқымазақ әзілкешсымақтар ол рудың осындай ғажап тарихын білгені дұрыс. Бүгінгі күні де наймандар ірі ру. Саны көп. Қытайда миллион жарымға жуық, сондай-ақ өзбек пен қарақалпақтың, татар мен башқұрттың ішіне сіңген қанша найман бар. Тіпті Тыва мен Бурят жерінде де найман ауылдары бар көрінеді. Бүгінгі күні жер бетіндегі найманның ұзын-ырғасы 7 миллионның көлемінде. Демек, қазақтың үштен бірін құрап отырған ең іргелі ру. Санының көптігі болар, “түкірсең найманға тиеді” деген сөзде бар. Менің бұл жерде айтқым келгені найманды дәріптеу емес. Басқа. Кешегі кеңес заманында жерге, жүзге, руға бөліну мәселесі өзекті болған жоқ. Керісінше қалай тәуелсіз ел атандық, жікке бөлінудің көрігі қызып жүре берді. Неге?
Бұл жерде ең бастысы қарапайым қазақ кінәлі емес. Бұл, шолақ ойлы, мұның арты неге апарып соқтырарын білмейтін, қолында билігі барлар, өздерін зиялымын деп жүргендер, қолына қалам ұстағандардың тірлігі. Қазір қай салада болмасын жерлестіктің, руластықтың иісі аңқып тұр. Кім қай салаға басшы болып бармасын аталастарын топтап ертіп жүретін тенденция пайда болды.
Бұл тек шенеуніктердің ғана тірлігі емес. Өздерін ұлттың “ақыл-ойымыз” деп санайтын ақын-жазушылар, журналистердің ортасында да бар. Бұл жақсылықтың нышаны емес.
Біздің осындай жүзге, руға бөлініп, бірін-бірі аяқтан шалып жүретін мүсәпір тірлігімізді білетін кейбір сыртқы күштер, әдейі ши жүгіртіп, елді бөлшектеп тастауы кәдік. Мұның соңы мемлекеттің ыдырауына алып келеді. Бұл орны толмас үлкен трагедия болмақ. Мен қай жерде, қай салада жұмыс істемейін, еш уақытта жерлестерімді, руластарымды жаныма топтастырмаппын.
Маған ол Шығыстан ба, Батыстан ба, Оңтүстік, я болмаса Солтүстіктен бе, бәрібір. Ең бастысы адамгершілігі мол, парасатты, адал, іскер жан болса болды. Мен “әр қазақ менің жалғызым” деген ұстанымда жүрген адаммын. Біз жүздік, рулық деңгейден көтерілуіміз керек.
“Мен адаймын, мен найманмын” деп емес, “мен қазақпын” деп айтатын, мақтанатын деңгейге жетуіміз қажет.
Сонда ғана жұмылған жұдырықтай болмақпыз. Біз азғантай ғана халықпыз. Бізге бірлік керек. Әсіресе миллиондар қарайтын теледидардан, миллиондар отыратын әлеуметтік желілерден жүзге, руға байланысты әңгімелерді, әзілдерді байқап айтқан жөн. Артық айтылып қалған бір сөз, бір әзіл қоғамда үлкен дау, арты өкінішке соқтыратын сілкініс тудыруы мүмкін. “Болар елдің баласы бірін бірі батырым” демейтін бе еді? Ұлы Абай “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп бекер айтпаса керек-ті.
Өркениеттің өрінде тұратын ел боламыз десек, осы қағиданы санамызға сіңіргеніміз жөн-ау.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
“Байтақ-Болашақ” экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.