Бірлігі бар елде береке болады
Аудандық атқару комитетін ұзақ жыл жемісті басқарған Қырықбай Асановтың «Коммунар» совхозына бір шыбықты шаншып қойып, мынау директорларың десең, ондағы жұрт басын шұлғып, алаңсыз тірлігін істей береді» деген сөзі ауылға барған сайын еске түседі. Әрине, ешкім де қу ағашты адам деп қабылдамайды ғой, ол Сарысу ауданының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, аузы дуалы Қырекеңнің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бірлігі жарасқан, бейнетқор коммунарлықтарға берген әділ бағасы еді. Бірнеше ұжымшар бірігіп,1957 жылы шаңырақ көтерген кеңшарды бірнеше директор басқарды. Соның барлығының соңында жарқын із, жақсы сөз қалды.
Туған өңірге жол түссе ауылды аралаймыз, жұртпен жолығамыз. Тіршілігін көреміз. Ауылдық округ негізінен ата кәсіп – мал және егін шаруашылығымен айналысатындықтан, бірінші осыған назар аудардық. «Биыл округ бойынша игіліктіктер 2500 гектарға дәнді дақылдар орналастырып, егін науқаны аяқталды. Алынған өнім көңіл көншітеді. 500 гектар алқапқа егілген жүгері орағы да аяқталып келеді. Егістік жер алқабын тыңайтып, ауыспалы егіс жүйесін пайдаланатын диқандар 748 гектарға жоңышқа ексе, оның ішінде жаңадан егілгені 200 гектарды құрап отыр. Мал азығын дайындауда «Игілік» өндірістік кооперативі мен басқа да шаруа қожалықтары 28 трактор мен өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын жұмылдырып, тынымсыз еңбек етті. Күзгі қара суық, жауын-шашын түспей арық-атыз, сай-саладағы шөпті орып алуға бекініп отыр шаруалар», дейді Игілік ауылдық округінің әкімі Жандос Жанайдаров.
Егістік алқаптарын тыңайту мақсатында «Игілік» өндірістік кооперативі 4,5 миллион теңгеге 15 тонна амафос сатып алып, жерін тыңайтып алыпты. «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасымен үш кәсіпкер «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктен 6 пайызбен 15 миллион теңге несие алған. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында «Жамбыл-2», «Дархан» және «Назар» шаруа қожалықтары бір-бірден лизингке трактор алуға құжаттарын өткізіпті.
«Саудакент» несие серіктестігі арқылы «Жанар» жеке кәсіпкерлігі шаруашылығын ұлғайту үшін 2,8 миллион теңгеге алты бас жылқы сатып алған. Жайылымды суландыру мақсатында «Жамбыл-2» және «Дидар» шаруа қожалықтары екі құдық қаздырып, субсидия алуға құжаттарын өткізген. Мемлекеттен көрсетіліп жатқан осындай көмек-қолдау бар, шаруалардың өздерінің тынымсыз еңбегі бар, ауылдық округ бойынша мүйізді ірі қара – 2260, қой-ешкі – 24743, жылқы – 780, түйе 330 басқа жеткен. Қашаннан төрт түлік сияқты ауылдастар үй құсына да баса мән береді. 1420 құс бар.
«Жомарт түлек» жобасы аясында Өндіріс ауылындағы Жаманқара мешітінде 2 миллион теңгеге жуық қаржыға арнайы орын ашылып, шатыр тігіліп, орындықтар қойылған. Игіліктегі Шоқай датқа мешіті де қажеттіліктермен жабдықталған. «Мейірім» жобасы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаға ай сайын қаржы аударылып келеді.
Қайрат Шайлазымға алма бақ ашу үшін бір гектар жер телімі беріліп, құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Құжаты реттелген соң, бақ аумағы қоршалып, келесі жылы алма көшеттері отырғызылады. Рауан Әбдіқадыров бес сотық отбасылық жылыжай құрылысын жоспарлауда. Қазір құрылыс материалдарын алуда. Ал Теміржан Бұралқиев болса, шағын құс фермасын салуды қолға алмақ.
«Бизнес-Бастау» курсына оқуға тіркеліп, қайтарымсыз грант алғаннан кейін жобасы іске асырылады. Өндіріс ауылындағы Ж.Омаров, Ж.Жұмаділов, С.Әжікұлы және М.Әбішұлы көшелерінің түнгі жарықтарын жөндеу жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланған.
Сонымен қатар Саудакент-Игілік бағытындағы кіреберіс жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, А.Назарбеков және А.Рысбаев көшелерінің қиылысына асфальт төселмек. Демеуші есебінен Игілік ауылының кіреберісіне аялдама салынады деген хабарды да естіп қалдық. Екі ауылдағы білім беру, бюджеттен қаржыландырылатын басқа да мекемелердің жұмысына тоқталған жоқпыз. Жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындықпен келіп, білім ошағы оқушылардың шат күлкісіне толған.
…Өндіріс ауылынан екі жарым шақырымдай жерде қорым бар. Ашаршылық жылдары Сарыарқадан үдере көшкен жұрттан зұлмат беті қайтқанда Саудакент ауылының төңірегіне аман жеткен жұрт осы маңнан «Өндіріс» ұжымшарын ұйымдастырады. Ескі көздердің айтуынша, қорымға алғашқы адам сол жылдары жерленіпті. Бүгінде іргелі бір ауылдың тұрғындарындай жанның мәңгілік мекеніне баратын жол апатты жағдайға жеткен. Жерлеуге апара жатқан мәйітке обал. Бұл мәселе ауыл әкімін де толғандырып жүрсе керек. «Өндіріс ауылынан қорымға шығатын жол «ауада» қалып кеткен.
Бүгінде осы жолды аудандық мәндегі жолдың қатарына қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді Жандос Жанайдаров. Ауылдың жас, іскер әкімі жол аудан балансына өткенше қол қусырып, қарап отырмас. Жаңатастағы іргелі кәсіпорын басшыларына шығып, мәселені шешер.
Амангелді ӘБІЛ Сарысу ауданы.