Бірлігіміз бен ынтымақтастығымызға қол сұғуға ешкімге жол бермейміз!
Биылғы оқу жылы ішінде Қарағанды облысының Жезқазған қаласында және Қарқаралы ауданында білім беру бөлімдерінің қолдауымен қоғамымыздағы тұрақтылыққа қатысты өзекті мәселеге арналған дөңгелек үстелдер өтті. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған бұл басқосуларда асыл дініміздің адамзат өркениетіндегі ерекше орнына лайықты баға беріліп, мұсылман қауымының адамгершілік құндылықтарды қадірлеуі диалог өзегіне айналды.
Астанадағы «Хазірет Сұлтан» мешітінде Елбасымыз «Ислам әрдайым ізгілікке, жақсылыққа баулиды. Ол бөлінуге емес, бірігуге шақырады. Құран кәрімде мұсылман баласы сөзімен де, ісімен де ешкімге зиянын тигізбеуі тиіс» деп жазылғанын атап өткен болатын.
Татулық пен тұрақтылық — Қазақстанның ішкі саясатының басты басымдығы әрі еліміздің өрлеп-өркендеуінің қажетті алғышарты. Бүгінгі дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтеруде. Идеология, теріс пиғылға үндеу, яки лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр. Осындай әсерлердің нәтижесінде кейбір жастар дәуірлер қиылысындағы бағдарсыз буын ретінде идеологиялық ықпалға ұшырады, мұны тіптен, шетелдік экстремистік орталықтар тарапынан туындаған идеологиялық диверсия деп атауға да болады. Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес діни саладағы экстремизмге тойтарыс беру және ымырасыз күресумен кешенді айналысып жатқан мемлекеттік органдардың қызметіне лайықты баға берілді. Олардың басты міндеті — адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, жолын кесу.
Діни сауаттылық деңгейін көтеру үшін алдымен тарихымызды жақсы білуіміз керек. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында былай деп жазады: «Қазақтар үшін Исламның рөлі ерекше және мұны түсіну ұлттық санамыздың маңызды мінездемесіне айналғалы тұр. Бұл әсіресе осынау ұлы да гуманистік діннің рөлі мен мәні ұзақ жылдар бойы бұрмаланып келгеннен кейінгі жерде өте маңызды. Біздің ата-бабаларымыз және туыстас түркі тілдес халықтар ешқашан діни үстемділік мінезімен ерекшеленбеген және басқа халықтардың рухани бостандығына құрметпен қараған. Бұл — тарих тағылымы». Жиынға қатысқан «Дінтану негіздері» курсының мұғалімдері діни сауаттылық деңгейін арттырудан басқа, өз тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді, соның ішінде діни әдет-ғұрыптарды жалпыға ортақ түсіндіру ауадай қажеттігін алға тартты.
Біз, Елбасымыз айтқандай, тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салған, асылын ардақтай білетін, бірлігіміз жарасқан халықпыз. Халқымыздың зияткерлік, шығармашылық әлеуеті өте бай. «Біздің бірлігіміз бен ынтымақтастығымызға қол сұғуға ешкімге жол бермейміз» деп, бірауыздан ұйғарым жасап тарасты білімді де білікті ұстаздар қауымы.
Қ.Абдықалықов,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
«Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.,
С.А.Курманалиев, Жезқазған қаласы №1 орта мектеп мұғалімі.