Бірлік – берекеге бастайды
Мойынқұм – өндірісі жанданып, экономикасы артып келе жатқан өңірдің бірі. Оған соңғы он
жыл көлемінде салынып, ісін жолға қойып үлгерген өндіріс ошақтарының жұмысы дәлел. Сонымен бірге, бұл аймақта үш жылдан бері құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Шу- Бурылбайтал тасжолы да аудан экономикасының артуына оң серпін беріп отыр. Оның бойында жатқан ауылдық округтер де өркениет көшінен қалмай, көшке ілесіп келе жатқанын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы өндіріс аймағындағы Шығанақ пен Мыңарал ауылдық округтерінің тұрғындарымен болған кездесуде жақынырақ тани түскен едік.
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов бірінші Шығанақ ауылдық округінің орталығы – Шығанақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Округ әкімі Таңатар Боранбайұлы есептік баяндамасын жасады. Оның айтуынша, округте 2744 адам тұрады. Онда бизнеспен айналысатын 50 жеке кәсіпкер бар. Мұндағы халықтың 70 пайызы теміржол саласында жұмыс істесе, 30 пайызы балық шаруашылығымен айналысуда. Өндірісте
«Барит» кенін өндіретін «Шығыс кен орталығы» ЖШС мен балықшылар қоғамы жұмыс істейді.
Округте өткен жылы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бес маман тартылса, оның бірі округ әкімдігіне, екіншісі жол құрылысы мекемесіне жұмысқа алыныпты. Кездесуде округте ауыз су мен ағын суға деген тапшылықтың бары айтылды.
Мәселен, мұндағы 480 ауланың 360-ы бау-бақша өсірумен айналысады екен. Ауыз судың тапшылығы «Шығыс кен орталығы» ЖШС тарапынан туындап отырғаны айтылды. Өйткені, ол серіктестік үлкен сыйымдылықтағы цистернадағы ауыз су жүйесін өздеріне бұрыпалған. Серіктестік пен ауылға таза ауыз суды толық көлемде жеткізу үшін үлкен сыйымдылықта бірнеше бөшке орнатылуы керек екен.
Аудан әкімдігіне қарасты жауапты бөлім басшылары бұл мәселе бойынша серіктестікпен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, оның таяу арада шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ жиында көпқабатты тұрғын үй тұрғындары кәріз жүйесінің жоқтығын айтып, қалдық су жинайтын құдық қазып, оны сорып алып шығаратын арнайы көлік қажеттігін және басқа да шешімін таппаған мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында түскен барлық сұраққа облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жауап беріп, ешбір мәселені назарынан тыс қалдырмады.
«Көпқабатты үйдегі кәріз жүйесінің мәселесін шешу үшін алдымен таза ауыз судың проблемасын шешу керек. Сол үшін көршілер бір-бірімен дос болуы тиіс. Көпқабатты үйде тұратындар көршісімен келісіп, мәселені округ әкімімен ақылдаса отырып бірге шешпесе, бұл мәселе ешқашан шешімін таппайды» деген аймақ басшысы елді ауыл әкімімен бірлікте жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңынан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Мұнан соң округтегі білім мен балабақша нысандарында болып, олардың жұмыс барысымен танысты. Сондай- ақ, «Жамбыл цемент» ЖШС өндіріс ошағында болып, зауыт жұмысының барысын көрді. Зауыт директоры Пьетро Кала серіктестік жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша цементке деген қажеттіліктің 20 пайызын осы зауыт жауып отыр. Өнімнің басым бөлігі Астана мен Тараз қалаларына өткерілуде. Зауыт басшылығы аймақ басшысынан теміржол мен баламалы отын мәселесін шешуге көмек беруін сұрады. Тұрмыстық қалдықты өртеп, одан 74 пайыз цемент жасауға мүмкіндік бар екен. «Тек сол тұрмыстық қалдықты зауытта өндіріс мақсатында пайдалануға экологтар рұқсат берсе, біз жұмыс істеуге дайынбыз», дейді кәсіпкер.
Аймақ басшысы кәсіпкердің бұл бастамасын қолдауға дайын екенін айтып, осы салаға жауапты басқарма мен орынбасарына осы мәселені жан- жақты зерделеп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Мыңарал ауылдық округіне қарасты «Самал қалашық» кешенінде өңірдің өндіріс ошақтарының басшыларымен кездесті.
– Облыста өндірілген өнімнің 9 миллиард теңгесі өндіріс ошақтарына тиесілі екен. Дегенмен, ол өзге аймақтармен салыстырғанда төмен. Бізге өндіріс ошақтарын көбейту қажеттілігі туындап тұр. Қазіргі таңда «Қазфосфат» ЖШС облыстағы ірі кәсіпорын болып есептеледі. Ол облыстың жеті мыңнан астам тұрғынын жұмыс орнымен қамтып отыр. Одан кейінгі орында «Еврохим» ЖШС тұр. Ал, Мойынқұм ауданында сегіз өндіріс ошағы жұмыс істеуде. Олардың облыс экономикасына қосып отырған үлесі зор. Сол үшін сіздермен кездесіп, біздің тараптан қандай көмек керек, соны білуге, мәселе болса бірлесе шешуге келіп, өздеріңізбен кездесіп отырмыз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Кездесуде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандиар Сейсебаев баяндама жасап, облыстың өнеркәсіп саласындағы жетістіктерін баян етті.
Кәсіпкерлермен болған кездесуде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов еркін форматта пікір алмасып, олардың көтерген мәселелерін бірлесе шешуге шақырды. Кездесу соңында аймақ басшысы өңірдің экономикасын дамытуға белсенді үлес қосқан кәсіпорын басшыларын марапаттады.
Облыс әкімі Мыңарал ауылындағы апатты жағдайда тұрған Қ.Қасымов атындағы орта мектептің қазіргі жағдайымен де танысты. Сонымен қатар «Мың-Арал» компаниясында болды. Зауыт директоры Сергей Нидің айтуынша, балықты мұздату және өңдеу зауыты 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауыттың жылдық қуаты – 1,5 мың тонна. Өткен жылы өндіріс ошағында 1090 тонна балық өнімі өндіріліп, нарыққа шығарылған. Өнімі негізінен Еуропа елдеріне экспортталуда. Кәсіпкер Экология министрлігі тарапынан бір жылда 1250 тонна ғана балық аулауға рұқсат берілгенін айтып, биыл оның көлемін тағы 700 тоннаға көбейтуге рұқсат алып беруді сұраған болатын.
Сондай-ақ, көл маңайында заңсыз балық аулаумен айналысатын азаматтардың да көбейгенін жеткізді. Аймақ басшысы кәсіпкердің сұранысымен тиісті министрлікке шығып, мәселенің себебін анықтауға тырысатынын айтты.
Сапар соңында облыс басшысы Мыңарал ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, газдандыру, «Жайлы мектеп», «Дені сау ұлт» және басқа да жобалар туралы баян етті. Тұрғындар электр желісінің жел тұрса өшіп қалатынын, таза ауыз судың қыс айларында қатып қалатынын айтып, ауылға жедел жәрдем көлігінің керектігі көтерілді. Н.Нұржігітов тұрғындар тарапынан көтерілген барлық сұрақтарға жауап беріп, соңынан оларды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Мойынқұм ауданы
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.