БІРЛІК ПЕН ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН МЕРЕКЕСІ

Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен құрметтің орнығуы, бейбітшілік пен келісімнің үндесуі. Жылылық пен жанашырлықтың, достық пен ынтымақтың жарқын символы болған мерекенің жыл өткен сайын мазмұны тереңдеп, құндылығы артып келеді. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекеде жүрек толқытқан мейірім мен ризалық паш етілді.
Алғыс айту күніне орай Көктал ауылдық клубында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Сахна шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің құттықтау сөзімен ашылды.
— Биыл елімізде жетінші рет қатарынан аталып өтіп жатқан Алғыс айту күні — ерекше мерекелердің бірі. Себебі адам баласының бір-біріне деген ризашылық сезімі «Алғыс» білдіруімен расталып отырады. Көктал ауылы өздеріңіз білесіздер, бірлігі жарасқан, ырысы тасыған, құт қонған мекен. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, Көктал орта мектебімен қатар ауылдың тыныс-тіршілігін, сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызбен танысып, жоғары баға берген болатын. Бұл біздің аудан, ауыл үшін үлкен мәртебе. Осы мерекені пайдалана отырып барлықтарыңызға алғыс білдіргім келеді. Әрдайым ынтымақ пен береке болсын,-деп Дәуір Рысбайұлы көпшілікке ақ тілегін жеткізді.
Салтанатты кеш аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Әннен шашу шашылып, бишілердің өнерлері көрермендерді бір серпілтті.
Мерекелік шара соңында ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз Назым Айтбекова көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарға ризашылығын білдірді.

Арайлым ҚАСҚЫРБАЙҚЫЗЫ,
Көктал ауылы.