БІРЛІК ПЕН ТІРЛІК БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табысын арттыру, барлық әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда. Бұл – ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Ауылдағы ағайынның табысын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, кәсібін ашқан азаматтар қатары көбейіп келеді.

Осыған орай, бүгін «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы бүгін Жамбыл облысына  жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында аудандарды аралауды бастамақ.

Әулиеатаға аяқ басқан Еланасы жақында тағайындалған  Жамбыл облысы әкімінің идиология бойынша орынбасары Серік Сәлемовпен жолығып, қызметіне сәттілік тілеп, ұлттық құндылық, ұрпақтарымыздың болашағы туралы ой-пікір, жоспарларымен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасарының арнайы шақыртуымен бүгінгі облыстық ардагерлер үйіндегі «Қазақтар той дәстүрін ұмытып барады» деген тақырыптағы маңызды жиынға қатысты.

Маңызды жиында Еланасы: — Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы той – қазақтың туыстықты, татулықты, бірлік-ынтымақты бекіте түсуге қызмет ететін керемет жақсы дәстүрінің бір көрінісі еді. Бүгінде «болады» да, оның «қызығы» да жоқ… Бәріміз қаздай тізіліп барлық нәрсесі дайын тұрған тойханаға барамыз. Барғанда не көреміз? Бірінен бірі айнымайтын тойды көреміз. «Өзгелерден сөзі ұзын» (Абай) халық болған соң ескі әдетпен құлаш-құлаш сөйлейміз. Жаңалығымыз – «Көк жигули» мен «Эх, күйдіргі» «Даврага душдеп», аспанға қарап, жерге үңіліп шаршағанша билейміз.

Өз еркіміз өзімізге тигелі той тіпті көбейді. Тойханалар көктей қаулады. Бірақ, санға қарай сапа да артты ма? Осы жерде ойланатын мәселе аз емес сияқты. Қазақ бұрын «тойдың болғанынан боладысы қызық» дейтін. Шынында да, «боладының» ішіне тойдың мәслихаты кіретін, кемі 2-3 күн бұрын той өтетін жерді дайындауға, малын сойып, палатка-шатырын тігіп, тойдың тамағын жасауға ағайын-туған, дос-жаран, келін-кепшік, көрші-қолаң қызу атсалысатын. Той иесі тойдың ертесіне солардың бәрін шайға шақырып, «құдая шүкір» жасайтын, алғысын айтып, батасын беретін. 

Бүгінде ит пен мысықты үйлендіріп, қойға шапан кигізіп, еркек пен еркекті сүйгізіп басқа да көзге түрпідей, көңілге кірпідей қадалатын тұрпайы әрекеттер көбейіп кетті.

Даңғазалық қайдан пайда болады? Қазіргі кезде тойлар өз мағынасынан айырылып, үлкен шығындарға, ұятсыз би мен сөздерге толы іс-шараға айналып барады.

Бұрынғы той – ырыс еді. Қазіргі той шығын. Бұрын тойды ауыл-аймақ, туыс-жекжат бірігіп өткізетін. Тойды ырыс-құт санайтын. Қазір заман өзгерді. Орынсыз сырапшылдықты жою керек. Мысалы, белгілі бір адам санына, тағам түріне, музыкалық бағдарламаға байланысты шектеулер енгізген дұрыс,-деп барынша ағынан жарылып,  шырылдап, көпшіліктің көкейінен орын аларлық ойларын ортаға салды.

Облыс әкімінің орынбасары да осы жиынның негізі мақсаты да осы, елдің бірлігі мен тірлігіне аса мән беріп, қуанышты және қайғылы сәттердегі бос ысырап, бәсекені біржолға қою қажеттігін алға тартты.

Жиналғандар ойларын ашық айтып, алдағы уақытта бұл тағы да талқыға түсіп, арнайы комиссия құрылып, қыруар жұмыстар атқарылатын болды.

Жиын соңында бұл тірлікті жолға қоюды ұйымдастыру үшін күні кеше ғана Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры болып тағайындалған Жасұлан Әбдіхалыққа тапсырылды.

Ендігі кезекте апамыздың бағыты Ұлттық құндылық пен қатар елдің еңсесін көтеруге күш салып жүрген ауыл аманатына қатысты аудандарға сапарламақ. Ертеңгі іссапары Сарысу ауданы.

Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы жаңа кәсіп ашып, еңбек етіп жүрген жерлестерімізбен кездесіп, бизнеске мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі, өндірістік мүмкіндіктері мен өнім сапасын арттыру бағытындағы ойларын тыңдамақ.
Сондай-ақ,  алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған осындай жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, жұмыс орындарын ашуға және өңірдің дамуына оң әсерін тигізетінін насихихаттап, көптің көкейіндегі ой кеңестерімен бөліспек.

Дариха Үмбетиярова