БИЫЛ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА 465 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жол жайына да тоқталды.

«Облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі бүгінгі күні 61% құрайды. 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 48% болды. Биыл 465 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 66% -ға дейін артады», — деді О. Оразалин.

 

 

Атап айтқанда, биыл құны шамамен 47 млрд. теңге болатын Ақтөбе — Атырау — РФ (Астраханға баратын жол) шекарасы арасындағы автокөлік жолын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесін қалпына келтіру жұмыстары басталды, жобаның жалпы құны 62,5 млрд. теңге.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Ақтөбе — Орск, Ақтөбенің Оңтүстік айналма жолы, Қобда — Мәртөк учаскелерін қалпына келтіру және күрделі жөндеу сияқты ірі жобаларды аяқтау жоспарлануда.

— Қалалық тасымалдау жұмыстарына келетін болсақ, мұнда электронды төлем жүйесі мен жолақының дифференцияланған түрі енгізіліп, 250 қалалық маршруттық автобустарда валидаторлар орнатылған. Облыстық автобус бағытындағы 10 тасымалдаушының шығынын субсидиялауға 96 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Теміржол тасымалы саласында биыл әлеуметтік маңызы бар «Ақтөбе-Шалқар» ауданаралық байланысын субсидиялауға 324 миллион теңге бөлінді, — деді ол.