Биыл Қазақстан фермерлер Одағының құрылғанына 15 жыл
Биыл Қазақстан фермерлер Одағының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында ОҚО-да республикалық фермерлер одағының алқалы жиыны өтіп, ғылыми конференция ұйымдастырылдыОблыстық фермерлер одағы мен ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған алқалы жиынға республикалық фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дәрінов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Асқар Әбубакиров пен өңірдің барлық аудандарынан 600-ге жуық фермерлер қатысты.Жиын барысында мемлекеттік қолдаулардың қол жетімділігі, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, суармалы және жайылым жерлердің көлемін ұлғайту сынды көкейкесті мәселелер талқыланды. Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған фермерлер осы бағытта өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, сарығаштық фермерлер жанар-жағармай бағасының күн санап шарықтап бара жатқандығын айтса, мақтаралдық диқандар бақша дақылдарына да субсидия берілсе деген ұсыныстарын айтты. Ал түркістандық шарауалар агро саланы қаржылай қолдайтын «Агробанк» құрылса деген ұсыныс білдірді. Конференцияда айтылған барлық ұсыныстар фермерлер одағында сарапталып, жауапты мемлекеттік органдарға хатпен жолданатын болады.
Бүгінде фермерлер одағының еліміздің 8 облысында филиалдары мен 5 облысында өкілдіктері жұмыс істейді. Одаққа 10 мыңнан астам фермерлер біріккен. Ал ҚР Фермерлер одағының облыстық филиалы 2012 жылы құрылып, содан бері шаруалар мен фермерлерге қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Одақтың әрбір ауданда төрағалары сайланған. Жыл басынан бері облыстық фермерлер одағының ұйымдастырумен барлық аудан-қалаларда көшпелі жиындар өткізілді. Онда фермерлерді мазалайтын мәселелер айтылып, оны шешу бойынша ұсыныстар мен талап-тілектер тыңдалған. Ұсыныстардың барлығы билік органдарына хатпен жолданды. Одан өзге Фермерлер одағының ұйытқы болумен агро саладаға жаңа технологияларды енгізу, фермерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік қолдауларды насихаттау бойынша бірнеше семинар-кеңестер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған.
Шараның мақсаты — агроөнеркәсіп кешінінің дамуына кедергі болып отырған өзекті мәселелерді анықтап, фермерлерге барынша қолдау көрсету. Сол арқылы халықты сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамассыз ету. Шара соңында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда белсенділік танытып, еселі еңбегімен көзге түскен өңір фермерлері Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Конференцияға қатысқан еліміздің бас фермері Әуезхан Дарынов облыстық фермерлер одағының жұмысын жоғары бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Ермек. Жанболсынов