БИЫЛ РАМАЗАН АЙЫ 24 СӘУІР КҮНІ БАСТАЛАДЫ
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық орталық мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов хабарлады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ Мысыр, Түркия, Ресейдің, Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларының ұстанымдарын ескере келе, биыл рамазан айын елімізде 24 сәуір күні бастауға шешім қабылдады. Рамазан айы 30 күнге жалғасып, 24 мамыр күні ораза айт намазы оқылады деп жоспарлануда.
Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында күнде таң атқаннан күн батқанға дейін ораза тұту – парыз.
Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдарға, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.
Підия мәселесі
Кәрілік немесе айықпайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар оразаның әр күні үшін підия береді. Биыл 1 күннің підиясы 1700 теңге деп белгіленді. Ол – орта есеппен 1 адамның таңғы және кешкі асы немесе оның құнына тең қаражат. Жағдайы жоқ адамдардан підия беру талап етілмейді.
Пітір садақа мөлшері
Қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруі – уәжіп.
Биыл 1 адамның атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны республика бойынша есептегенде ұнның нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Материалдық мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны мейіз (3920 теңге) немесе құрма (9400 теңге) құнымен бергені абзал.
Зекет беру жайында
Рамазан айында жасалған әрбір жақсылыққа еселеп сауап беріледі. Сондықтан, көпшілік сауапты ұміт етіп, осы айда зекет беруді әдет еткен.
Зекет берумен зекет берушінің мал-дүниесі тазарады, берекесі артады. Ислам дінінде бай адамдардың зекет беруі – парыз. Бай деп қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі дәл қазіргі уақытта 1 млн. 170 мың теңгеге жеткен немесе нисаб мөлшерінде қойы, сиыры, түйесі, жылқысы бар адамға айтылады.
Өз кезегінде Ә.Елжанов вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтарды ораза ұстаған кезде (ауызашар мен сәресі уақытында) карантин ережесін қатаң сақтауға (1 метр арақашықтықты) шақырады. «Негізінде, қазіргі жағдайды ескерсек, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар өз қауіпсіздігі үшін оразаны кейін де ұстай алады», — делінген http://fatua.kz/ сайтында.
МО қоғамдық коммуникация орталығы