Биыл Таласта 14 195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді
Талас ауданында агросаланың қос қанаты – егін және мал шаруашылығы қатар дамуда. Жыл санап мал және егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың қатары өсіп, тиісінше ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосуда. Жалпы биыл ауданда 2022 жылдың өнімі үшін барлығы 14 195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылыпты.
Қазіргі уақытта Берікқара, Қаратау, Қасқабұлақ ауылдық округтерінің Қаратау жотасында орналасқан масақты дәнді дақылдарының өнімін жинау жұмыстары 100 пайыз аяқталды.
Биылғы жылы арпа-бидайдың шығымы 2021 жылмен салыстырғанда жоғары. Егін орағына – 14 дана комбайн, 18 автомашина және тағы да басқа ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылды. Күздік бидайдың орташа түсімі гектарына –14-15 центнерден, жаздық арпа – 10 центнерден айналуда.
Күзгі егіс-дала жұмыстарына үкіметтен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысы бойынша 195 тонна жанар жағар май бөлініпті. Бүгінгі күнге «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 65 тонна дизель отыны жеткізіліп, бағасы 204 (литр) теңгеден таратылуда.
✅Сондай-ақ көктемгі егіс-дала жұмыстарына Үкімет тарапынан қажетті 260 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген екен.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі