БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 32 306 ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРЕДІ

Биыл Түркістан облысында 32306 оқушы 11-сыныпты бітіреді деп күтілуде. Оның 1727-сі «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер болса, жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны – 2466. Ал 9-сыныпты 45 416 оқушы бітіреді деп болжануда, оның ішінде негізгі білім туралы «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны – 4540. ҰБТ-ға 27 340 оқушы қатысады.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, түлектер ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалған.
Тағы бір айта кетерлігі, 1-10 сынып оқушыларына «Білімім – Отаныма» тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу биылғы 24 мамырға жоспарланса, ал мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы 25 мамырда өткізіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. Оның ішінде 912 мемлекеттік мектепте – 482 722 оқушы, 140 жекеменшік мектепте 36 057 оқушы оқиды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі