Биыл түлектерге аттестат тапсыру салтанаты қалай өтеді?

Биыл қазақстандық мектептерде соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру дәстүрлі офлайн-форматта өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.

Каринова оқу жылының соңында соңғы қоңырау мен жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру дәстүрлі түрде өткізілетінін айтты.

«Бұл екі іс-шара да дәстүрлі түрде, өткен жылдардағыдай белгіленген мерзімде өтеді. Биыл соңғы қоңырау 25 мамырда болады. Әр мектеп бұл шараны өз бетінше өткізеді. Аттестат тапсыру — бұл балалардың өміріндегі алғашқы маңызды құжат алуы, сондықтан бұл іс-шара да өтеді», — деді ол.

Оның айтуынша, ведомство қазіргі уақытта іс-шараларды өткізу форматы бойынша ұсыныстар дайындап жатыр.

«Оқу жылының аяқталуына әлі бір жарым ай бар. Біз ұсыныстарды дайындап әріптестеріміз бен БАҚ өкілдеріне жариялаймыз. Бұл жыл сайын өткізілетін іс-шара. Әрине, өткен жылдары коронавирусқа байланысты шектеу шаралары болды. Сондықтан іс-шараларды өткізе алмадық, ал биыл аттестат тапсыру білім беру ұйымдарының қабырғасында салтанатты түрде өтеді», — деп толықтырды Шолпан Каринова.

tengrinews.kz