Биыл Жамбыл облысында 16 жоба жүзеге асырылады
Биыл Жамбыл облысында 357 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда Жамбыл, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында алты жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың құны 7,3 млрд теңгені құрайды. Осылайша, бес ауыл шаруашылығы кәсіпорнында инкубатор құру және су үнемдейтін технологияларды енгізу жобалары жүзеге асырылды. Жобалар аясында 87 адам жұмысқа орналастырылды.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына барлығы 6,1 млрд теңге инвестиция тартылды. 142,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді, оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 42,9 млрд теңге, мал шаруашылығында – 99,5 млрд теңге.
Мал басы мен ет-сүт өндіруге келсек, мұнда да плюс бар. Облыста жыл басынан бері ет өндіру 2,2 пайызға, сүт 1,1 пайызға, жұмыртқа 5,5 пайызға артқан. Бұл ретте ірі қара 7,9 пайызға, қой 21,9 пайызға, жылқы 5,8 пайызға өсті.
– Өңірде жұмыртқа мен құс етін өндіру көлемі қарқынды өсуде, саланың табыстылығы қазірдің өзінде жаңа жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік беріп отыр. Құс фабрикаларының өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік беру үшін оларға жеңілдетілген ұзақ мерзімді несиелер беріліп келеді. Бізде сыртқы нарыққа шығу бойынша нұсқаулық бар. Жамбылдықтар жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін жәрмеңкелерден жеңілдікпен сатып ала алады. 31 шілдеден бастап әр сенбі сайын коммуналдық базарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылады. Жәрмеңкелерде құс еті мен жұмыртқасы қашанда үлкен сұранысқа ие. Құс өнімдерін тек облыстағы құс фабрикалары жеткізеді, – деді Т.Жанұзақов.
Тұңғыш Жанұзақовтың айтуынша, қазіргі таңда аймақтағы құс саны 1,9 млн басты құрап отыр. Жыл басынан бері 11,2 мың тонна құс еті өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық көрсеткішке ие. Құс етінің 376,4 тоннасы экспортқа бағытталған. Одан бөлек 75 миллион жұмыртқа өндіріліп, бұл көрсеткіштің өткен жылғы сәйкес есепті кезеңмен салыстырғанда 5,5 пайызға өскені көңіл көншітеді.
Жасұлан Бақытбек