БІЗ БАБАЛАРДЫҢ АМАНАТЫН ҰРПАҚҚА БҮТІН ТАБЫСТАУЫМЫЗ КЕРЕК

…Қазір билікте жүрген жігіттердің көбінде төрт-бес дипломнан бар. Бәрі ақылды, данышпан! Бірақ, қорқақ…

Менің намысыма тиіп жүрген мәселе соңғы кездері бізде «сабырлы, жуас, төзімді, көнбіс болайық» деген ұрандардың жиі айтылуы. Жаратқан адамға малдан ерекше болсын деп өзіндік көзқарас, сана, ұстаным берді емес пе…

Өз ойын бүгіп, үнемі үндемейтін қоғамда екіжүзділер мен қорқақтар көбейеді. Ал, Қазақ – қасқыр. Бөрі секілді қайсар, мінезді. Арыстан, барыс дегендер мысық тұқымдас болғандықтан қолға үйренеді, циркте билеп, елдің көңілін көтереді, қол жалайды. Ал, қасқыр жарықтықтың хайуанаттар бағында, торда торығып тұрғанын ғана көресің. Сонда да рухы тәуелсіз екенін байқатып, көзінен от шашып тұрады. Оны циркте маймылша билетуге ешкімнің тәуекелі бармайды, билете де алмайды! Түркі халықтарының арасында Асыл түрік саналатын қазақтың осындай ерекшеліктері барын бас жақтағылар қаперден шығармау керек. Қазақ қонақты құрметтейді, сыйлайды, бірақ, бағынбайды. Біздегі 135 ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандары бар. Күн туса ауа көшіп, бас сауғалап кетуіне болады. Ал, қазақтың жалғыз Отаны – Қазақ елі! Осыны естен шығармасын… Мен – Герольд Бельгер, Асылы Осман апамды бағалаймын. Міне, нағыз намысты, сый-құрметті білетін, ары таза адамдар! Біз – байырғы және бүгінгі қазақ жерінің қожасымыз! Ел мен жер бабалардан аманатқа қалған. Біз ол аманатты өз ұрпағымызға бүтін табыстауымыз керек!

Қазақтың алтын бесігі – ауыл. Қаймағымызды бұзбай, салт-дәстүрімізді осы кезге дейін жеткізген сол ауылдағы қасиетті шаңырақтар. Ақының да, батырың да, ғалымың да сол қараша үйлерде, бесік жырын тыңдап өскен. Жаугерлік рух ананың әлдиімен, әкенің ұранымен ұрпақ бойына сіңді, атаның намысты сөзі қайралған қылыштай лыпыған перзент тәрбиеледі. Бір қарапайым мысал айтайын, кезінде қазақ жастары жиын-тойда түйенің, өгіздің жілігін қолмен ұрып сындырған екен. Сындыра алмағаны «Масқара болдым!» деп ұяттан өліп кете жаздайды. Ойынның өзінде осындай намысқа баулыйтын тәрбиелік мән бар. Ал қазіргі жастар ше… Қазіргі інішектердің кейбірі тауықтың да сүйегін сындыра алатынына шүбәм бар.

Осы күні намысты, рухы өр, өзгелерді тұқырта сөйлей алатын жігіттердің мекені түрме болды. «Ат жақсысы – кермеде, жігіт жақсысы – түрмеде»… Өзекті өкініш өртейді. Бұның өзі біздің тамырдан ажырағанымызды байқатады. Заманында осы кең сахарада бірде-бір абақты болмаған. Өйткені, біз екі сөйлемейтін текті едік. Батыр да, хан да әділеттің ақ туына тағзым етті, «екі сөйлегенім өлгенім» деп хақ сөйледі. Қазір ше? Бастан сабалай берген тұлпардай бүгелек күйге түстік, ортамызда алға шыққанды, жол сілтеген азаматты аранға жыққысы келетін, ішін қызғаныштың қызыл иті жайлап алған ағайын көбейді. Түбімізге сол пасықтар жетеді! Менің аттасым Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» дейді, мен: Әр қазақ менің Асылым!» деп есептеймін. Асылыңнан айырылсаң адамдығыңнан айырыласың, оны жоғалта алмаймын. Ұлт беделін, тектілігін сақтап қалу үшін қасық қаным қалғанша күресуге дайынмын. Өкінішке орай, спортшыларды тек білек күшіне сенген, ұрда-жық деп бағалаушылар көп. Қатты қателеседі! Спортшылар арасында «білегімен бірді, білімімен мыңды жыққан» жігіттер баршылық. Олардың жүрегі «қазағым» деп соғады, осы елдің қуанғанын көрсе – шаттанады, күңіренгенін көрсе – ширығады. Менің өз есебім бойынша қазақта жүректі, білекті, білімді екі жүздей спортшы бар. Қалғандары екіжүзді, бүгіні үшін билік алдында бүгежектегендер. Қарақан басын ойлағандардан Ұлы жеңіс күту бекер. Іші ірігеннен ірілік шықпайды. Осы күнгі қазақ жауынгерлері деп спорттың жекпе-жек түрлерінде жүрген жігіттерді атаса болар. Оларды, парашюттан секірт, отқа, суға салшы – ешкімнен тайсалмайды, оларға ешкім қарсы да келе алмайды. Себебі, тегі батыр! Бәрі Ертөстік секілді бір-бір төбе! Мәселен «Қазақ футболы қашан өркендейді» деп күйінеміз… Осы бетімен жүре берсе – ешқашан. Себебі, құрамадағылардың бәрі «ақсүйек», «көксүйектердің» балалары. Футболға қыруар қаражат бөлінеді, көп ақшаға жаттықтырушы жалдайды. Бірақ футболды бай балалары жем жейтін «ақыр» күйінен құтқармасақ бұл сала дамымайды. Ауылдағы дарынды балаларды жинап, Бразилия, Аргентина сынды елдердің ең құрығанда үшінші дәрежелі жаттықтырушыларын алдырсақ 10 жылда бір жетістікке жетеріміз анық. Ал, қазіргі қазақ баласының қалі қалай? Оны кім іздеді? Олар кеш батқанда «таңертеңгі нанды қайдан тауып жеймін?» деп қып-қызыл болып ұясына кіріп бара жатқан күнге қамыға қарайды… Қыста табаннан өткен сыздан, жазда маңдайдан өткен күннен қорлық көреді. Пана болған, сая болған кім бар?! «Бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» деген қазақ даналығының түбіне үңілмейді, саналы ұрпақ өсірейік деп қазақтың ордасы болған ауылға, ондағы жастарға жанашырлық танытпайды… Ал, ауылдағы ол жастарда үн жоқ. Ыңырсамайды, қыңсыламайды! Аталарының, әкелерінің «Қасқырдың терісін тірідей сыпырсаң да қыңсыламайды» деген сөзін түйсініп, өз бетінше күн көруге талпынып жүр. Кейбірі жолдан тайса лезде төбеден «шұғыл түрде бұзықтар мен қылмыскерлерге қарсы күрес жариялаңдар» деген бұйрық бұрқ ете түседі. Өзі қылмыс жасап отырғанын түсінбейтіндер өзгелердің қылмысымен күреспек… Бұл – Ұлттық мәселе, ұлт трагедиясы болып тұр. Анам марқұм «еркіндік деген адалдық» дейтін. Ел еркін, тәуелсіз болуы үшін әр қазақ Отанына, ұлтына адал болуы керек. Сол адал ұлдарды бағалай білуіміз керек. Аллаға шүкір, ондай жүрегін суырып беретін азаматтар бар! Мысалы – Қанат Ислам. Ол жігіт Бейжіңде жақсы нәтиже көрсетті. Егер финалда Бақыт Сәрсекбаевпен шықса, Қанат жеңетініне шүбәланған емеспін. Ақылы мен қайраты тасыған, өте мықты жігіт. Қанатты 75 келі салмақта Лондонға апару керек еді… Елім, жерім деп, атажұртты аңсап келген жігітті өзектен тептік. Түсіне білген адамға Қанаттың «Қазақты әлі шаталар билеп отыр екен» деп түнере айтқан сөзі, өте ауыр сөз. Бір ауыз сөзбен бүгінгі саясаткерлерге диагноз қою бөріліктің, іріліктің белгісі. Азаматсың, бауырым! Бір-екі жеңістен соң марапат пен қызметке бөгіп қалған көп спортшыдан Қанаттың десі басым!

1940-жылдары Қазақстанға көптеген ұлт өкілдері айдалып келді. Онан бұрын патша үкіметі сотталған, некесіз туылған, тексіз казактарды жіберді. Қазақ солардың мүсәпірін жұбатты, тексізін тәрбиелеп, бауырына тартты. Қазір солардың ұрпақтары «патриотпыз!» деп жар салып жүр. Алданбайық! Ел басына күн туса солардың көбі қашып кетеді. Неге? Өйткені, патриотизм қанмен, табиғи түрде келуі керек. Қазақтың бесік жырын тыңдамай, қазақтың шерін ұқпай өскендер қалайша қазақ жерінің патриоты болады? Ал, Қанат секілді жігіттердің елге адалдығына көлеңке түсірудің өзі – күнә! Мысалы қазір билікте жүрген жігіттердің көбінде төрт-бес диломнан бар. Бәрі ақылды, данышпан! Бірақ, қорқақ… Басқаны былай қойғанда әйелінің қабағы шытылса кірерге тесік таппайды. Отбасына ие бола алмай жүргендер мемлекетке еге болып мандыта ма? Еркектік мінез жетіспейді…

«ХХІ ғасыр ғылым мен білімділердің заманы» дейміз…. Біздегі білімділер қандай, есі дұрыс академик бар ма? Ғылымды да жекешелендіріп алғандықтан қазіргі ғалымдар академиядан емес, ЖОО-нан (Жекеше Оқу Орындарынан) атақ алып жатыр. Сіз сенесіз бе сондай академик, профессорларға? Өз басым сенбеймін! Білім саласы біреулердің бизнесіне, еріккенге атақ беретін ермекке айналды. Ал, ғылым мен ілімге шын сусаған қара қазақ баласы оқи алмай жүр. Тест деген оқпаны үлкендердің ойынына айналған, ал ақылыға барғанға шама жоқ! Қолғапша ауысатын, реформашыл министрлердің оларға мойын бұрғанға шамасы жоқ. Бұл қалай? Мұндайды қоғам деградацияға ұшырады дейді. Яғни, кері кетіп барамыз, азып тоздық. «Қазақ мемлекеті ең әуелі қазақты қолдауы керек!» деген қарапайым қағиданы түсінбейді төбедегі төресымақтар. Мына іргедегі Түркімен мен Өзбекстанда осындай мәселе бар ма? Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқ, бірақ, өз тілін, өз ділін, өз дінін, сөйтіп барып өз ұлтын алдыға шығарды. Өзгелер өкпелеген жоқ, қайта соларға ұқсауға, соларша назарға алынуға талпынды. Ал біз өзгелерді қазаққа үлгі етеміз, қазақтың өзгелерге еліктегенін, солардың тілінде сөйлеп, қонақтың алдында құрақ ұшқанын қалаймыз. Үйдің иесі екенін ұмыттырмақпыз… Міне соның жемісі: Тәуелсіздік алғалы 23 жыл өткенде қазақ баласы көше сыпырып, қыз-жігттер құл болып жүр. Неге!? Осындайларды ойласам көңілім құлазып, жігерім құм болады…

Украина оқиғасы талайымызға ащы сабақ болды. Құдай басқа салмасын… Бірақ сақтықты ұмытпай, жұдырықтай тастүйін жүруіміз керек. Жер бетінде елі жоқ, туы жоқ, Отаны жоқ қаншама ұлт бар?! Қазақты солардың қатарына қосқысы келетін қаскөйлер жетерлік. Құл еткісі келетіндер де аз емес… Аюды алқымынан алмақ болып атылар, анталаған жауды қоралы қойдай ықтырар бөрілік бер! – деймін Жаратқанға. Бізде намыс бар! 89-жылы Жаңаөзенде таулықтарды, 90-жылдары Оралда казактарды тәубесіне келтірдік, Семейде шешендерді орнына қойдық… Қазақтың төрге шығарса да төбеге шығармайтынын түсіндірдік. Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтардың рухы көтеріліп, ауызбірлігі күшейіп еді. Ал одан соң… Содан соң қазақ рухын жасыту, жуасыту механизмі іске қосылды. Тепсініп келгенді тіксініп қарсы алатын, қазақ азаматтарының ұйытқысы болған жігіттердің көбі абақтыға жабылды. Атылды! Өзімді де жазықсыздан жазықсы 7 жылға жапты… «Адалдың аты арымайды». Осы жасқа келгенше бір сәбидің көз жасына қалып, бір қарияның алдын кесіп аттамаған қазақпын.

Қазақ еліндегі саясат тым былғанышты, өте лас. 2006 жылдары мені өзім бас болып «Халық дабылы» деген ұйым құрдым. Ұлттың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын, бұралаңсыз тік жүретін бір ұйым осы болса екен деп армандадым. Үкіметке «Президенттікке сайланатын адам қазақ тілін білуге міндетті, емтихан тапсырады! Демек, министрлер де мемлекеттік тілді білуге міндетті!» деген талап қойдық, «Анасы сырқаттың – ұрпағы сырқат» деп базарда сауда жасап жүрген, телім-телімі шыққан қыз-келіншектер, аналар мәселесін қозғадық… Бірақ биліктің құрығы ұзын. Айналамдағы адамдардың пейілі бұзылды, кедергі көп болды. Шошындым! Біреуге он мың теңгеге көрсетілетін қызмет, саған 100 мыңға бағаланады… Арқасүйер санағаның әлдекімдердің әуеніне төңкеріліп шыға келеді. Содан кейін қоя қойдым. Қаншама есіл еңбек, қаржы кетті. Садақа! Шынын айтсам, ен байлықтың үстінде, аш-жалаңаш жүрген халық бар дегеннің өзі ұят емес пе? Сатылып жатқан көмірдің өзімен-ақ халықты ешкімнен кенде етпей асырауға болар еді… Ал, біз миллиондап, миллиардттап, мұнай, газ бен алтынды да сатып жатырмыз! Қайда кетіп жатыр сол қаржы? 23 жылда толмайтын ол не деген құрдым-құлқын!? Өндіріс орындарын ашып, өндіруші мемлекеттер сапына қосылмадық. Жеткен жетістігіміз Ресеймен одақтасу болғаны ма? Көршіміздің жаман машинасы кімге керек? Неге қазақты жапонның «арғымақтарына» отырғызуды армандамаймыз? Неге біздің мақсат-мүдде тым ұсақталып кетті? Мұсылман адам үш нәрсеге асығу керек деген қағида бар. Қайтыс болған адамды жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға, қарыздан құтылуға асық. Біздің басекеңдер бәрімізді қарыз етіп қойған. Қазақтың бәрі қарыз. Қазақ еліндегі қыруар ақшаны азсынғандар шетелдерден миллиардттап қарыз алып жатыр. Оны өтейтін – халық! Сондықтан салықты үстемелейді, алымды көбейтеді! Ал, байлар зәулім үйлер салып, оның сыртын алып қамалдармен қоршап, оққағар жалдап, өмір сүріп жатыр. Бұның бәрі үрейдің белгісі. Бар байлық өз еңбегіңмен, біліктілігіңмен келіп жатса несіне өз халқыңнан жасыранасың, қамалдың тасасына тығыласың…. Бәрібір ол байлықты өзіңмен алып кете алмайсың. Саған бұйырары екі метр жер мен бөз ғана!

Алаш арыстары армандаған Ұлттық мемлекет құрудың сәті келіп-ақ тұр. Тістесіп, ұстасып жүріп сақтап қалған жеріміздің қаншасынан айырылдық?! Еділден айырылып, Жайықты жетімсіреттік. Талас пен Шу сияқты қазақ елінің бір шетінде қатар ағып жатыр еді ғой… Тіпті, өзбек те жеріміздің бір шетін оңдырмай опырып алды. Соны қорғауға ұмтылған біреу бар ма? Не өздері сөйлемейді, не халықты сөйлетпейді! Енді көзбен арбаған бикештей жанарлары жылтырап Ресейдің қолтығына кіріп барады. 45 миллион халқы бар Укринаны оңдырмаған Ресей ат төбеліндей қазақтың маңдайынан сипайды деп ойлай ма?! Алыстан сыйласайық. Әлемдік үрдіспен геосаяси қарым-қатынас орнатуымыз керек. Тақырбастарын айтақтап, ел шетін арандатса қазақ жігіттері баршылық. Жүз қорқаудың бір көкжалдан ығатынына шүбәм жоқ. Ешкім шүбәланбасын! Атой салса, қан оянады! Бұл үшін қазақ ауызбірлікті болуы керек. Бірімізді біріміз тірі күнімізде сыйлайық. Мысалы мен – бақытты адаммын! Себебі менде өкпе жоқ, бауыр ғана. Қазақты бөлмеймін. Өйткені, осы жерді бар қазақтың ата-бабасы бірлесе қорғаған. Өзім қазағымды жамандап көрмеппін, өзгеге де айтқызбаймын! Осы ұстанымыз бәрімізге ортақ болса бар қазақ бақытты болады деп ойлаймын!

Айтпақшы, анау «қазақта ел жоқ, жер болмаған» деп жүргендермен кездеспей жүрмін. Кездесіп қалса… Обалдары өздеріне! Малды таяқпен ғана қайырады!

Сабыржан Махметов,

“Парасат” әдеби, саяси-қоғамдық журналы