Біз браконьерлер емеспіз!

Атырау өңірі халқы үшін бал татыған балықтың құны бөлек. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегенге сүйенсек, аймақ балықты ерекше қадірлейді. Соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың тіл үйіретіні рас. Бірақ ол қарапайым халықтың аузына тиіп жатқан жоқ. Оны браконьерлер еншілеп кетуде. Биыл балық аулау маусымы ерте, 12 наурызда басталды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен Баймағамбетовтың айуынша, кәсіпшіліктің ерте басталуына лимиттердің ерте бөлінуі мен мұздың ыдырауы себеп болды. 2018 жылғы 10 сәуірде балық аулау кооперативтері Жайықтан 2,7 мың тонна лимиттің 17 тоннасын, ал биылғы 10 сәуірде 4,5 мың тонна лимиттің 142 тоннасын, яғни, өткен жылдан 8 есе көп балық аулады. «Бекіре» акциясын өткізу жөніндегі облыстық штаб отырысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та өткен жылдың желтоқсанында балықтың қырылғанына қарамастан Жайықта балықтың бар екенін атап өтті. Бастысы — бұл айларда адамдардың ешқайсысы зардап шекпеген, суға немесе балыққа уланған жағдайлар тіркелмеген. Бүгінде ІІМ арнайы тобы тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Қоғамдық ұйымдардың, еріктілер мен мемлекеттік органдардың белсенді әрекеттерінің арқасында қырылған балықтарды жинау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Осындай оқиға Ойыл өзені бойынша да орын алғанын жазған едік. Балық шаруашылығы институты филиалының директоры Ерболат Қадимовтың пікірінше, Ойыл өзеніндегі балықтың қырылу себебі — балықтың қысқы қырылуы. Өйткені Ойыл өзені балық шаруашылығы айдыны емес. Тасқын сулары құмға сіңіп кетеді. Ғылыми қорытынды жасап, оның негізінде мұз қатқанға дейін балық қырылмай тұрып, су айдынынан балықты жаппай аулау керек.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, балық аулауда құрылымдық мекемелердің өзара түсініспеушілігі де орын алуда.
— Бізге балық аулау кезінде кейбір адамдар кедергі жасайды. Жақында тартымға автомат асынған шекарашылар келді. Түнгі сағат 2-ге дейін құжаттарды тексеріп, ауланған балықты өлшемек болды. Балықшылардан шекаралық рұқсат қағазын көрсетуді талап етті. Мен табиғат қорғау прокурорына қоңырау шалуға мәжбүр болдым. Содан кейін шекарашылар біздің ізімізге шам алып түсті… Балық аулау 24 сәуірде аяқталады. Ал біздің мұндай үзілістер жасауға уақытымыз жоқ, — дейді «Жамбыл» ӨК төрағасы Руслан Исмағұлов. Ал шекаралық әскери бөлімше командирі Дәулет Әбсаматов бұл кооперативтің орналасқан жері шекаралық аймаққа кіретінін айтты, «Балық-шыларға шекаралық рұқсат құжаттары уақытында берілді. Кеме капитанын тексерген кезде құжаты болмай шықты. Біз оған жұмыстан кейін шекаралық бөлімшеге келуді өтіндік. Біздің әрекетіміз заңды» дейді. Әркім өзінікін дұрыс көреді. Облыс әкімі квота орындамайтын балық аулау кооперативтерінің балық аулау көлемдерін қайта қарау керектігін мәлімдеді: «Құқыққорғау органдарына заң бұзушыларға қарсы әрекет ету алгоритмін жасау керек. Тартымда арнайы адамдар — браконьерлерден балық сатып алып, оны балық аулау кооперативтері арқылы заңдастыратын «экспедиторлар» бар. Көбінесе кооперативтер бір анықтамамен бірнеше рет балық қабылдайды. Тартымдардағы балық қорғау инспекторларының қызметін тексеру керек». Ия, өзендегі балықты өзіне қарай тартып, әркім-ақ бір қарпып қалғысы келеді. Заң шеңберіндегі әрекетке реніш жоқ. Тек осы бекіре тұқымдас балықты жергілікті тұрғындардың заңды түрде сатып ала алмайтыны көңілге қаяу түсіретіні шындық.

Ғазим Әділ, Атырау