Біз кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді нақты шешумен айналысуға тиіспіз
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің отырысына қатысты.
Басқосуда өңірдегі инвестициялық ахуалды жетілдіру және кәсіпкерлікті дамыту, бизнестің барлық бағыттары бойынша кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.
– Мемлекет басшысы адал да ашық бизнес өкілдеріне барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің әрбір өтінішін кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жан-жақты зерделеуі тиіс. Жергілікті басшылар жауап берумен емес, нақты мәселені шешумен айналысуы керек. Сондай-ақ, олардың алдына қойылған міндеттердің бірі – тиімді мөлшерлеме бойынша несие алуға көмек көрсету. Бұл бағытта біз «Тараз» ӘКК мүмкіндіктерін пайдалануды көздеп отырмыз. Түпкі мақсат – жергілікті өнім көлемін арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу. Кәсіпкерлерді өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін ұмытпауға шақырамыз. Үкіметтің қолдауымен біз мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салалары бойынша қаржылай қолдау қаражатын 100 миллиард теңгеге жеткіземіз деп жоспарлаудамыз. Бүгінгі таңда қаралған қаражат 80 млрд теңгені құрап отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев ағымдағы жылы жергілікті тауар өндірушілердің тауарларына 68 СТ-KZ сертификаты, 2 индустриялық сертификат және 1 263 экспорттық сертификат берілгенін айтты. Палатада бірыңғай тәсілді қолдану үшін 6 салалық комитет құрылған. Республикалық және өңірлік сипаттағы өзекті мәселелердің ресстрі тұрақты түрде қалыптасуда.
Сондай-ақ, Е. Атымтаев былғары кластерін құру жұмыстары туралы баяндады.
Еркін диалог барысында кәсіпкерлер түрлі мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, заңсыз жолаушылар тасымалдау, жаңа автобустар сатып алу, туристік нысандар салу, жол жөндеу, жергілікті жанар-жағармай нарығын қамтамасыз ету мәселелері сараланды.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі