Біз осы «түрікпіз» бе, «түркіміз» бе?

Осы күні түркітанушылар арасында «түркі» терминін жоққа шығарып, «түрік» терминінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысқан пікірлер мен уәждер көп. Жалпы, «түрік әлемі» немесе «түркі әлемі» деген сөздердің қайсысы дұрыс? Түркология ғылымы екі сөздің қайсысын ғылыми тұрғыдан растайды? Бұл үшін мамандар пікіріне жүгінбес бұрын, сәл шегініс жасап, тарих таңбаларына зер салсақ, Алаштың бетке ұстары, Алашорда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейханов сөзін «Біздің түрік текті қазақ халқы…» деп бастаған болса, Алаш мемлекетінің гимні «Арғы атам — ер түрік, Біз — қазақ еліміз!» болған. Ал ұлы Мағжан «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған.

Сол секілді «Сонау, сонау со бастан, көк түрік едік көк алмас, қара жер мен көк аспан жаралғанда ең алғаш» деген сынды арғы-бергі тарихымыздағы өлең жолдары да түрік/түркі тектес ұлттарды сипаттайтын қазіргі қолданыстағы «түркі халықтары» немесе «түрік халықтары» деген тіркестің тілдік қолданысымыздағы нақты атауын бірыңғайлайтын кез келгенін аңғартады. Негізінен, еліміздің түрколог мамандары арасында бұл туралы түрліше пікірлер айтылғанымен, газет-журнал мен басқа да ғылыми жұмыстарда, жалпы халық арасында бір ғана «түркі» атауы бұлжымастай боп тілдік айналымға түсіп кеткен.

Ораз Сапашев, ф.ғ.к., түрколог: «Мынау дұрыс деген нақты пікір жоқ»

«Түрік» және «түркі» этнонимдерінің арасынан мен үлкен айырмашылық көрмеймін. Негізгі мағынасында, әрине, «түрік» атауы тұр. Совет түркологиясында Түркиядағы түріктер мен Орта Азиядағы түріктерді тілдік, этникалық жақтарынан ажырату қажеттілігінен туындаған бұл екі атау Түркия түріктері үшін «турок — fad8cf991541e68турецкий язык»; Орта Азия түріктері үшін «тюрк — тюркские языки» деп ажыратылған. Осының негізінде Еуропа, Америка ғылымында да Түркия түріктері үшін «Turkish — Turkish language», біздер үшін «Turkic — Turkic languages» деп түстеп беретін болды. Алғашында патшалық Ресей ғылым академиясының зерттеулерінде де барлық түркі халықтарының тілі мен тарихы «Турецкие наречия», «турецкие народы» деп зерттелінген. Кейіннен бұл Осман империясының орнына жаңа Түрік демократиялық республикасы бой көтеріп, олардың тарапынан «түрік» этнонимі республика және ұлт атауы ретінде ресми қабылдануына байланысты, Советтік ғалымдар бізді «тюрки» деген атауға көшіргені белгілі, оның Орта Азия түріктерінің тіліндегі баламасы «түркі/түрки». Бұл жердегі «і/и» жұрнағы ескіде біздің ортақ әдеби тілімізге енген арабтың қосымшасы, түркі тілдерінде «-лық/лік» жұрнағының баламасы болып табылады. Бұл жұрнақ қазіргі біздің көптеген атау, термин сөздерімізде әлі де белсенді қолданылады, мысалы, «әдеби», «тарихи», «мәдени», «қазақи» тағысын тағылар. ХХ ғасырдың басына дейін келіп жеткен біздің ортақ әдеби немесе кітаби тіліміз де «түрки» деп аталғаны белгілі, ол атауды да кейіннен орыс-совет ғалымдары «шағатай тілі» деп атап жіберген. Сонда қарасаңыз, «түрік тілдері», «түрік халықтары» деген сөз бен «түркі тілдері», «түркі халықтары» деген сөздердің арасында үлкен айырмашылық жоқ. Сондықтан да түркологияда нақты осынысы дұрыс деп нақтыланған пікір жоқ. Меніңше, «түркі халықтары», «түрік тілдері» дегеніміз жөн».

Түркия мамандары туысқан халықтарды «түрікше сөйлейтін елдер» немесе «түрік халықтары» десе, (ал олар өздерінің халық әндерін «түркі» деп атайды) жасыратыны жоқ, өз басым үркіп қаламын. Кеңестік күштің құрсауынан әзер босаған біздің психологиямыз үшін бұл қорқыныштың себебі түсінікті. «Түркі» халықтарының ортақ тілі, ортақ телеарнасы және тағы да басқа ортақтық пен бірлесу мәселелері көтерілгенде, «бір ағадан әзер құтылдық, бізге тағы бір ағатайлық керек емес» деп, қазірден қауіптенгендер аз болмады. Шынымен-ақ, біз «түрік халықтары» атауына өткісі келген мамандардың ығына жығылып, газет-журнал немесе ғылыми жұмыстардағы, тілдік қолданысымыздағы «түркі» атауын «түрік» етіп түрлендірсек, ақыр соңында өзіміз «түріктеніп» кетпейміз бе? «Егер де түркология саласына қалам тартып жүргендер мен басқа да мамандардың ұйғарымындағы «түрік әлемі» атауын енгізер болсақ, бұл иісі түркі (немесе түрік халықтары) басқа халықтардың Түркияның ықпалында қалып қоюларына жол ашпайды ма?» деген заңды сауал туындайды.

«Түрік әлемі» деген атауға келер болсақ, оның да мағыналық тұстарын ескергеніміз жөн болар. Жоғарыда айтқанымыздай, «түркі/түрки» сындық, сапалық мағына беретінін ескерсек, бұл атау негізінде «Түрки әлем» болып қалыптасуы керек. Біз, мәселен, «әдеби кеш», «қазақи мінез», «тарихи роман» дейміз ғой, ал Түркия түріктері үшін дара «түрік әлемі», қазақтар үшін «қазақ әлемі» қолданылсын. Түрік атауынан қорқу, оны тек Түркия ұлтымен байланыстыру — Кеңес кезеңінен қалған фобия. Қазіргі жаһандану кезеңінде түркітанушылардың тарапынан ортақ түрік терминологиясының кешенін қалыптастыру, ортақ түрік тілін қалыптастыру өзекті мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Орта Азия түрки халықтары өздерінің ортақ «түрки» әдеби тілін жоғалтқанына да жүз жылға таяды. Ұзақ ғасырлар халық қазынасының алтын сандығы болған ортақ тіліміз жоғалғалы біздің бірлігіміздің де жоғалып, бір-бірімізбен аудармашы арқылы сөйлесудің мүшкіл халіне дейін жетуіміз осының салдары», — дейді тағы да ф.ғ.к., түрколог Ораз Сапашев.

Мұхтар Мағауин, жазушы: «Түркі деген халық та, мемлекет те болмаған»

%d0%bc%d0%b0%d0%b3%d0%b0%d1%83%d0%b8%d0%bd

«Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» сөзі зат есім емес, сын есім. Кәдімгі «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми — осы сөздердің бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» мүлдем басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар, яғни «түрік тілі»). Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қазықа» немесе «қызақ» деп түрлендірген сияқты. Тарихта «түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған. Сонымен қатар, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі — «түрік». Ерте ме, кеш пе, түзетілуі шарт. Өткен мың жарым жылдық тарихта — «түрік», «Түрік қағанаты», кейінгі бес ғасырда аралары ажырап, әрқайсысы өз дербестігін тапқан қауым жұрттың ортақ атауы — «түрік халықтары». Егер Осман империясындағы жұртшылық өздерінің арғы бабаларының есімін сақтап қалса, бұл — тек сүйінішті жағдай, ұлттық сананың биік көрінісі. Ал «түрік халықтары» дейтін анықтама сені Түркиямен қосақтап, Ресей сияқты басыбайлы құлға айналдырып жібермейді».

P.S: Бауырлас елдердің бірлігін нығайтуға бағытталған түрлі шаралар атқарылып, сол халықтардың тұтастығын сақтап, әлемдік ықпалын күшейтеміз деп, жалпы түркология ғылымын дамытамыз деп жатқанымызбен, әлі осындай піспеген, ортақ мәміле жасалмаған мәселе көп. Ал бұл жай ғана орағытып, бетін жаба салатын мәселе емес. Алдымен нақты атауын жөнге салғанда ғана қай нәрсе де ілгерілейді емес пе? Ал сіз бұл пікірлерге қалай қарайсыз?

НҰРГҮЛ ЖАМБЫЛҚЫЗЫ