Біз расымен кедейміз бе?
Сөз қозғамас бұрын бабалардың бағалы нақылын еске алсақ. Олар қанағат қарын тойғызады дейді. Соңғы уақытта ел ішінде ірі де уақты дүрлігулер көбейіп жатыр. Оны жерден жеті қоян тапқандай ақпарат өкілдері таратуда. Кейде қалтасына сыймаған қаражатты ысырап қылып шашушылар неліктен бұл әрекетке барады деген сауал мазалайды.
Сөйтсек сүйегі асыл бұрыңғыларымыз «аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген екен ғой. Иә, расымен біз кедейміз бе? Таңертен жүрегін тоқтамай, он екі мүшең сау болып оянғаның, отбасымен бірге дастарқанға жиналғаның мыңдарға бәлкім миллиондарға арман.
Бүкіл әлемге рахмат үшін жіберілген ардақты Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен есендігі болсын) бір күні соңынан ерген бір сахабасы келіп : Уа, Алланың елшісі, егер мына әйел заты сізге ұнамаса бұл кісіге мен үйленуге ниеттімін» деген екен. Сонда сәруар Пайғамбарымыз мәһрге (қалыңдықтын қалауына берілетін сыйлық) не бере аласың дейді. Әлгі сахаба үстіндегі жалғыз киімді бермек екенін жеткізеді. Оған Алла елшісі бұл киімді бүтін берсең өзіңе жетпейді, жартысын берсең не саған, не оған жоқ, тым құрығанда темір сақина болса да тауып әкел деген жауап қайырады. Сахабаның үстіндегі жалғыз киері болғаның ойласақ ауыстырарға кемінде екі жейде, бірнеше шалбар және аяқ киіміміз бар біздің кедейлігіміз көре білгенге алтын тәж.
Жұмысы жоқ, тамағы тоқ азған ағайынға қарап алып Абайдың сөзі шын екен-ау дейсің. Аула ішінде арыстансып кеудесін ұрып, үкімет маған бермедіге басып жұрт ішінде оппозициялық пікірлерді ағытады. Сөйтіп кешке шал-кемпірдің зейнетақысына мен әйелінің еден жуып тапқан ақшасына арланбай ауыз салады. Арақ пен сыра, карта ойнауды да ұмытпайды. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ бұны ешкім өтірік дей алмас.
Жуырда қос бүйрегі жарамсыз, 17 миллионнан аса ұлттық валютадағы қаржыға мұқтаж жап-жас қыздың жағдайын естідім. Аталған сомма бір бүйректің құны. Ойын сауыққа он мыңдап теңге жұмсап жүрген кісілерді де кездестірдік. Ой, қайран бабам-ау біреу тойып, біреу тоңып секіретінің де өзің айтқан екенсін ғой. Бір жүрек, екі бүйрек, бауыр мен өкпе сынды сау ағзамызға шүкір айтудын орнына біз кедейміз деп неге даурығамыз. Сау адамның басында көрінбейтін тәж бар, оны тек дертті жан байқай алады деген терең мәндегі сөзді естіген едім.
Пайғамбар дәуіріне оралсақ. Омар халифа боп тұрғанда бір топ жамағат ел билеушісіне арыз айтып келеді. Арыз мазмұны қаланың әкімі (имамы ) жұма намазға үнемі кешігіп келеді екен. Дереу әкімді шақыртқан Омар мұның себебін сұрайды. Сөйтсе шаһар басшысы үстіндегі жалғыз киімін жуатындығын, сол кепкенше күтетіндігін, соның себебінен кешігетіндігін айтқан көрінеді.
Алла сақтасын! Өмірімізге наз айтып, көлдей нығметті көрмей жүрсек Алла бізді кешірсін. Нигерия сынды мемлекет тұрғындары бір шөміш су мен қайнатылған күрішті аңсап жүр. Африка балалары білімге талпынып жүр. Атамекенінен ауған сириялықтарды ойлап қойыңыз. Бізден бірнеше есе кедей халықтар бар. Біз соларға қарап тәубе десек, анағұрлым бақуатты екенімізді аңғарамыз.
Қалтадағы безілдегіміз сенсорлы, үстімізде жалт-жұлт еткен киімдер, астымызда көлік, барғанымыз той, жегеніміз қой, біз расымен кедейміз бе?
Біз кедей болсақ шүкірлікке кедейміз. Қанағатқа кедейміз. Аштыққа ұшырағандардың көзі кеткесін 1932 жылы қиналған жұрт жыбырлаған жәндіктерді жегені ұмытылып барады.
Бүгінде өз өмірін қиған жастар көп. Статистика солай дейді. Өйткені көбісінің тамағы тоқ. Аш-жалаңаш адам тіршілікке талпынбай ма? Аш қарын адамның басына артық ой келмейтінін ғұмыр мен ғылым дәлелдеді.
Себебі бір нанды он шақты жан бөліп немесе бидай қуырып жейтін бірде аш, бірде тоқ отбасылардан озық ойлы, ерен тұлғалар өсіп шыққанын білеміз.
Демек тойынып тамақ ішу міндет емес, күніне бір рет нәр сызса денсаулық пен миға зор пайдасы тиеді деп оқығандар ой айтуда.
Тоқ адам ұйқышыл, уайымшыл, аурушаң, зеріккен келеді. Ұйқы ұятқа, уайым стресске, зерігу бүлінуге әкеп соғады.
Адам баласы үшін тамақтан да маңызды дүние бар, ол – қауіпсіздік, тыныштық.
Ибраһим пайғамбар Меккеге қарап тұрып Алладан әуелі қауіпсіздікті, кейін ас-суды сұрады. Бұны Құрандағы «Бақара» сүресінен табасыздар. Сол үшін аштан қалу нәубет емес, тыныштықтан айырылу қиындық. Тоқ адамдарға тойынған адамдардың сөзі әсер етіп, үлкен нығметтен айырылмайық.
Ал, расымен тарыққан болсақ тәубе етіп, Құдайдан кешірім сұрайық. Бірде Хасан әл-Басри атты ғұламаға үш адам келіп, бірі кедеймін, енді бірі балаларым жоқ, үшіншісі еккен егінім құрғап кетеді деп мұң шағады. Ұзақ ойланбастан ғалым оларға Алладан жарылқау сұрандар дейді. Жауабын алған жандар ұзаған соң шәкірттері ұстазынан неге бұлай жауап қайырғаның сұрайды. Сонда ғұлама өзінің Құранның аятынан бөлек ешнәрсе айтпағаның айтып, Нұх сүресінің 10-12 аяттарындағы: (Сондай-ақ оларға): “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы.” дедім.
“Ол, сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді.”
“Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады.”-деген аяттарын оқиды.
Құранның «Шура» сүресінде баяндалғандай: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді». Мінекей, гәптің барлығы өзімізде екен. Алланың арам еткен рибаны (пайыз ақша), зина, арақты адал етіп, барша ізгі жандар тәрк еткен көпқұдайшылықты дін негізі етіп ұстағандығымыздың салдарынан түрлі ауыртпалыққа душар болып жүрміз. Себебі, Бұқар жырау «Бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа…» деп бекер айтпаған.
«Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсеңде, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деген қара өлеңде айтылғандай Алланың асыл дініне берік болсақ, аман боларымыз хақ. Өйткені халыққа қызмет ету иманнан деген Алаш арысы Ә.Бөкейхановтың сөзі мен барша қазақтың қамы үшін қызмет қылған сәулелілер осы принципте дәурен кешкені күмәнсіз.
Ендеше, біз бай екенбіз ағайын!
Байжан Емберді,
Жамбыл облысы