БІЗ ТУҒАН ЖЕРІМІЗ ҚАЗАҚСТАННАН ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙМІЗ!

«Qazaqstan dauiri» газетінің журналистері Қордайға тағы да барып қайтты

Әрине, осы жағдайларды реттеп, үнемі бақылап және ұйымдастырып отыратын басшы болмаса, мұндай жетістіктерге жетудің де екіталай екендігі баршаға мәлім. Осы орайда, ел-жұрт сенім артып тағайындалған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қажырлы еңбегін ерлікпен парапар десек болады. Облыс басшысының ұтымды ұйымдастырулары мен жаңа бастамалары аймақ тұрғындарына қайрат беріп, алдағы жақсы өмір сүруге деген құлшыныстарын арттыра түскен. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмаларын тапжылтпай орындап, халық үшін, ел үшін түн ұйқысын төрт бөлген аудан басшысы Рүстем Рысбайұлы Дәулет мырзадан бастап, Масаншы, Сортөбе, тағы басқа да ауыл әкімдерінің еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. Олардың жанкешті қызметтерін қарапайым халықтың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Сондықтан кейде алып-қашпа сөздерге еріп кететіндері де жоқ емес. Әсіресе, «ұлтшыл» болып көрінгісі келетін кейбіреулер тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетуге бейім тұратыны жасырын емес. Рас, өткен жолғы сапарымызда байқаған кемшіліктерді біз де жаздық. Сынадық, мінедік. Бірақ, осы жолғы көріп-білгендеріміз көзқарасымызды өзгертті. Бұл орайда, дүңген десе дүңк етіп, бітіспес жау көретін ағайындарға, дүңгендердің біздің жерімізге аяқ басқан кезден бастап, ата-бабаларымызбен қоян-қолтық араласа жүріп, жер тырмалаған адал еңбектерімен осы халге жеткен, өзімізбен тағдырлас халық екенін, тек қана оларды жүйелі басқаруда биліктің жіберіп алған қателіктерінің кесірінен келеңсіздік орын алғанын жеткізгім келеді. Әттең, деп сан соқпасақ та, өзге ұлт өкілдері, өзге диаспоралар бүгінде қазаққа мың алғыс жаудырып отырған осы дүңген ағайындардан үлгі алса жаман болмас еді.

Алматыдан Қордайға аттандық. Мақсатымыз – өткен жолғы сапарымызда көзіміз көріп, көңілге түйген, қоғамнан оқшауланғандай тіршілік кешіп, заңға да мемлекеттік тілге де аса мән бере бермейтіндей халге жеткен өңірдің бүгінгі тіршілігін таразылап қайту.

 

 

Рас, дәл осы Масаншы оқиғасынан кейін қамсыз отырған биліктің де бойына қан жүгіріп, дереу олқылықтардың орнын толтыру шараларына кіріскен-ді. Арғы-бергі ұсақ-түйегін айтпағанда, Жамбыл облысы басшылығына бұған дейін талай мемлекеттік қызметтер мен біраз аймақтарды басқара жүріп, халыққа абыройы артқан Бердібек Машбекұлы Сапарбаев келсе, Қордай ауданына қолынан іс келетінін көп жылғы атқарған түрлі мемлекеттік қызметтері барысында дәлелдеп, халықтың көңілінен шыққан азамат  Рүстем Рысбайұлы Дәулет тағайындалды.  Сол күндері жаңа келген басшылардан «керемет» күткен халықтың көңілдерінде үкілеген үміттерімен қатар, күдіктері де болғаны жасырын емес.

Міне, содан бері арада алты-жеті ай өтті. Қордайда жағдай жақсарған дегенді естігенімізбен, барып, ағайынның жағдайын көзбен көріп қайту мүмкін болмады.   Оған карантин тұсау болғаны анық. Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» деп шешкен, жоғарыда аттары аталған  әріптестер құрамы кезекті рет Алматыдан Қордайға аттандық.  Мақсатымыз – өткен жолғы сапарымызда көзіміз көріп, көңілге түйген, қоғамнан оқшауланғандай тіршілік кешіп, заңға да мемлекеттік тілге де аса мән бере бермейтіндей халге жеткен өңірдің бүгінгі тіршілігін таразылап қайту.

 

Тіліміз тіріле бастапты

Қордайға келгенімізде аудан әкімі кабинетінің кіре берісінде отырған хатшы қыз әкімнің азаматтарды қабылдаудан қолы тимей жатқанын жеткізген еді. Біз де уақыт жоғалтпастан, осы өңірдегі дүңген ағайындар көп тұратын ірі екі ауыл, Сортөбе мен Масаншыға барып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқанды жөн көрдік.

Сортөбе әкімі Ильяс Буларов мырза шұғыл шаруалармен аудан орталығына кеткен екен, бізді бастап келген аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Сатымқұл Нұрболат Ақынғалиұлы ауылды аралатып, таныстырды.

 

 

25 мыңға жуық халқы бар, көшелері таза, үйлері сәнді Сортөбе ауылының тыныс-тіршілігі қаладан еш қалыса қоймайтын сияқты. Салынып жатқан жаңа құрылыс нысандары да баршылық екен. Орталық көшелерінің бойындағы ауылдық Мәдениет үйінің алдына осындағы қазақ халқына, оның ішінде осы аймаққа алғаш аяқ басқан дүңген ағайындарға жер беріп, қоныстандырған Ноғайбай атаға деген құрметі ретінде орнатқан ескерткіш көз тартады. 2018 жылдың 22 қыркүйегі күні дәл осы жерде Сортөбе ауылының әкімі Ильяс Буларов мырзаның ұйытқы болуымен өткен халықтар достығына арналып өткен мерекелік шара жайлы ақпан айындағы сапарымызда естіп, көріп, ескерткіш жанында естелік суретке де түскен едік. Ауызбірліктің айғағы ретінде ескерткіш орнатылған саябаққа әр ауылдың ақсақалдары бір-бір шыршадан отырғызғаны да бізді сүйсіндірмей қойған жоқ.

 

 

Содан кейінгі бір байқағанымыз, өткен жолғыдай емес, Сортөбеде тұрғындарының жүздері жадыраңқы, көңілді көрінгені болатын. Десек те, біздің білгіміз келген алғашқы мәселе өткен сапарымызда жаппай тіл үйренуге деген халықтың талпынысының нәтижесін көру болатын. Жас та болса, өз ісін жақсы меңгеріп, ысылып қалған жолбасшымыз Нұрболат Ақынғалиұлы бізді аудандағы, ауылдағы игі істермен таныстыра жүріп, осындағы ең ірі балабақшалардың бірі «Бүлдіршін»  бөбекжайына бастап келді.  Өйткені мұнда «Тіл үйрену орталығы» бар екен. Сонымен біз ғимараты да, ауласы да кең әрі әсем безендірілген 280 балаға арналған бөбекжайдамыз. Бізбен кездесуге әр балабақшадан келген тәрбиешілердің айтуынша, ауылда дәл осындай төрт балабақша бар екен. Оның үшеуі мемлекеттік болса, біреуі жекеменшік.  24 мың халқы бар ауылға 4 балабақша аздық етпей ме деген сауалымызға, олардан қажеттілікті өтеп тұрғаны жайлы қанағаттанған жауап алдық. Әрине, бұл қажеттілікті өтеуде әр мектептегі мектеп жанынан ашылған оқу-тәрбие сыныптарының да септігі көп тисе керек. «Бүлдіршінге» Тіл орталығынан арнайы ұстаздар келіп, тәрбиешілер мен оқушыларға қазақ тілін үйретеді екен. Кездесу барысында сөз сөйлеп, пікір білдірген Риза Гарова, Миян Сушанло, Зульфия Хива, т.б. тәрбиешілердің әңгімелерінен екі айдың ішінде қазақ тілін кәдімгідей меңгеріп қалғанын аңғардық.

Малиев Рамазан Омарұлы:

Түс көргендей ұмыта бастадық

Масаншы ауылының әкімі болып тағайындалғанына екі-ақ ай болса да, Рамазан Омарұлы біраз іс тындырып үлгеріпті.

– Иә, Масаншыдағы оқиғаның халыққа ауыр тигені рас, бірақ үкімет көрсеткен тегін көмек пен халықтың жанашырлық ниетінің, облыс пен аудан әкімдерінің ұтымды ұйымдастыруларының арқасында бүгінде ол оқиғаны түс көргендей ұмыта бастадық. Тіпті оқиғаға кінәлі деп танылып отырған күдіктілерді де бүкіл халық болып, кешірім жасауға бел буып, кепілдікпен бостандыққа шығардық. Өйткені барлық қираған нысандар жаңадан жасалды. Зардап шеккен отбасыларға компенсация төленді. Масаншыға жоспарлаған 43 көшенің 41-не асфальт төселіп, жаңартылды. Күнбатыс-1 ауылында жаңа амбулаторияның құрылысы аяқталуға таяу қалса, Күнбатыс-2 ауылында 150 орындық қазақ мектебі, Масаншыда да 600 орындық мектеп, ойын алаңдары мен футбол алаңдары салынып жатыр. Өңірді газдандыру жұмыстары да қарқын алған. Кәсіпкерлік те дамып келеді. Жуырда жас кәсіпкерлер ұйымдасып, ауылға өрт сөндіру көлігін сатып алдық.

Осылай деген ауыл әкімі бүгінде халықтың көңілінде келешекке деген сенім күшейіп, бейбіт өмірге құлшына араласып жатқанын, үкіметке, халыққа,  әсіресе облыс және аудан басшыларына дән риза екендіктерін жеткізді. Сенім күшейіп демекші, өткен жолы келгенімізде Масаншыдағы оқиғадан кейін, Шу өңіріне барып егін егетін жергілікті дихандар жылдағыдай шаруасына баруға үрейленіп, екіойлы болып жүрген болатын. Әкімнен осы жайлы сұрағанымызда, бұл мәселені дер кезінде қолға алған облыс әкімі Б.Сапарбаевтың  жіті бақылауына алуының және аудан әкімі Р.Дәулет мырзаның ұйымдастыруының арқасында Шу өңіріндегі 500 гектардай жерде дихандар емін-еркін егіншілікпен айналысып жатқанын жеткізді. Айтпақшы, «дүңгендер әскерге азаматтарын жібермейді екен» деген сұраққа да осы жолы жауап іздеп көрдік. Әкімнің айтуынша, жыл сайынғы көктемгі және күзгі әскери шақырылымдарға 200-дей азамат шақырылып, олар арнайы комиссиядан өткен соң, тапсырыс бойынша алынуы тиіс 20 шақты азамат әскери міндетін атқаруға аттанады екен. Ал тіл үйрену мәселесіне келгенде, айтқаныңды түсінгенімен, сөйлеуге шорқақтау ауыл әкімі жуырда ғана өзімен бірге он екі адам жинап, бір топ ашып, қазақ тілін үйренуге әрекеттеніп жатқанын жасырмады.

 

Қордай ауданының әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулет:

 

 

Әл-ауқатымыз бен экономикамыз дамып келеді

Ж.Мерекеұлы: Рүстем Рысбайұлы, қираған нәрсені қалпына келтірудің қашан да оңай емес екендігі баршаға аян. Бұл тұрғыда Масаншы оқиғасынан кейін келген материалдық шығынды орнына келтіру ғана емес, ұлт пен ұлыс арасындағы өзара сыйластық пен татулыққа түсе жаздаған сызатты бүтіндеу де оңайға соқпаған болар?

Р.Рысбайұлы:  — Рас, Масаншыдағы оқиғадан кейін жүргізілген зерделеу жұмыстарын іске асыру нәтижесінде, келген материалдық шығындармен қоса, әлсіреңкіреп қалған рухани құндылықтардың орнын толтыруға да қол жеткіздік. Осылардың алғашқысынан бастасақ, оқиға салдарынан Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында жалпы саны 65 нысан зардап шеккен: 46 тұрғын үй, 18 коммерциялық, 1 шаруашылық нысан, 62 автокөлік (47 жеңіл көлік, 9 жүк көлігі, 2 трактор, 4 тіркеме).  Осылардың ішінен ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сүйене отырып іріктелген 54 жылжымайтын мүлік нысанын (41 үй, 13 комм-қ) қалпына келтіруге қажет жалпы сома мөлшері 213,0 млн теңгені құрады. Тұрғын үйлері өртенген 39 отбасына облыстық шұғыл шығындарға арналған резервтен 20 677,8 мың т. бөлінсе, әр отбасығы 530,2 мың т. төленіп, қайтыс болған бір азаматқа 3610,6 мың т. көмек көрсетілді. Қаза болған 9 дүңген азаматының отбасына 250,0 мың т. (жалпы сомасы 2,2 млн т.) көмек берілсе, қоғамдық қордан бөлек, дүңген этномәдени бірлестіктері, Сортөбе, Қаракемер ауылдарының тұрғындары және Қордай ауданының кәсіпкерлері тарапынан 4,7 млн. т. қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, азаматтары қайтыс болған 9 отбасыға асыраушысынан айырылғандығына байланысты жәрдемақы тағайындалды.

 

 

  Бұл атқарған істеріңізге зардап шеккен азаматтар да, халық та риза шығар деп ойлаймын. Ал енді, өзіңіз жоғарыда айтып өткен рухани өмір құндылықтары мен жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстар жайлы айта кетсеңіз.

— Иә, рухани құндылықтар дегенде ең алдымен мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі, оның қолданылу аясы мен мәртебесі  тұратыны белгілі. Әрине, Қазақстанда тұратын кез келген ұлт өкілдері қазақ тілін білуі және қазақ ұлтының айналасына ұйыса отырып, біртұтас мемлекеттілік заңдылықтарды ұстануы тиіс. Мұны жергілікті дүңген ұлты өкілдері де жете түсіне бастады. Олар қазақ халқына шексіз риза. Сіз біздің аудан  тұрғындарының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған мына хаттарын оқып шықсаңыз, жоғарыда айтқан пікірімнің шынайылығына тағы бір мәрте көз жеткізе түсесіз.

 

 

  1. Осылай деген аудан әкімінің маған ұсынған бірнеше хатына асығыс көз жүгірте бастадым. Иә, хаттарда тұрғындар қазақ халқы мен Президентке, сондай-ақ облыс пен аудан басшылығына шынайы пейілдері мен ризашылықтарын білдіріпті. Әрине, ол хаттардың мәтінін түгел берсем, кем дегенде газетіміздің екі бетін алып кететіні анық. Сондықтан, жазылған мазмұндас хаттардың біреуінің ғана толық нұсқасы мен Президент Қ.Тоқаевтың жауап хатын  назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім. Өздеріңіз оқып, сараптап, салмақтап көрерсіздер, бағасын берерсіздер.
  2. Тұрғындар хаты:

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңізге белгілі, Қордай ауданында орын алған оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасына батты. Осы оқиға бірлікпен өмір сүрудің қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды.

Өзіңіз келіп, біздегі жағдайды бақылауыңызға алғаннан кейін аймақтағы қоғамдық-саяси ахуал бір қалыпқа түсті. Біздер, Масанчи және Сортөбе ауылдарының ақсақалдары Сізге осындай қамқорлығыңызға ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

 

 

Аймақта орын алған оқиғадан кейін әлеуметтік желіде: «Қордай дүңгендері биыл егіншілікпен шұғылданбайды екен. Олар Ресейге көшеді екен…» деген қауесет ақпараттар орын алған еді. Бірақ бұл мүлдем олай емес. Біздің Отанымыз — Қазақстан! Қиын-қыстау заманда туған бауырындай қабылдаған қазақ халқына қашанда алғысымыз шексіз.

Ғасырдан астам қазақ жерін мекен еткен дүңген этносының негізгі айналысатын кәсібі — егіншілік, бау-бақша. Қордай ауданымен қоса, жыл сайын Шу ауданына барып, егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарының биыл Шу ауданындағы көктемгі дала жұмыстарын бастауына алғашқыда алаңдаушылық болған еді. Бірақ Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қордай, Шу аудандарының жергілікті атқарушы органдары бірлесе жұмыс жасап, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдады. Осындай бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде, бүгінде көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүруде.

 

 

Ауыл тұрғындарының біразы Шу ауданына барып, жылдағыдай көкөніс егумен айналысуда. Сонымен қатар, кейбір азаматтар Алматы облысының Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарына да барып, көкөніс егумен шұғылдануда.

Біз туған жеріміз Қазақстаннан ешқайда кетпейміз. Қайта Республикамыздың Солтүстік, Шығыс, Орталық өңірлеріне қоныс аударуға, сонда көкөніс өсірумен шұғылданып, тіршілік етуге ниет білдіріп отырған азаматтарымыз да бар. Біздің мемлекетімізде оған барлық жағдайлар жасалғанына көзіміз жетіп отыр.

Құрметті Мемлекет басшысы! Сіздің халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін дер кезінде қабылдаған оңды шешіміңіз бен қамқорлығыңыздың арқасында бүгінгі таңда ауданымызда алаңдайтын жағдай жоқ, барлық азаматтар жылдағы тірлігін жасауда. Ортақ үйімізде әрқашан тыныштық пен береке орнауына және ел бірлігін нығайтуға өз үлесімізді қосамыз деп сендіргіміз келеді.

 

 

Сізге еліміздің өркендеу жолындағы қызметіңізге табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Құрметпен, Масанчи және Сортөбе ауылдарының тұрғындары».

 

  1. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Масанчи және Сортөбе ауылдарының тұрғындарына жауап хаты:

«Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи және Сортөбе ауылдарының тұрғындарына!

Сіздердің хаттарыңызбен мұқият танысып шықтым. Ақжарма тілектеріңіз бен ілтипаттарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Біз — көпұлтты, бірлігі жарасқан мемлекетпіз. Егемен еліміздің бүгінгі жетістіктеріне тұрақтылық пен келісімнің арқасында қол жеткіздік. Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстанда адамды ұлтына, діні мен тіліне қарай бөлуге жол берілмейді. Сондықтан, татулық пен достығымызды одан әрі нығайту әр азаматымыздың абыройлы міндеті болуға тиіс.

 

 

Қордайдағы оқиға кім-кімге де сабақ болғаны анық. Сіздер қауесет сөзге ермей, елдің тыныштығын бәрінен жоғары қоя білдіңіздер. Сол үшін шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді.

Қазақстанның барлық азаматтары береке-бірлігімізді арттыруға, Отанымызды одан әрі өркендетуге үлес қосуы керек. Осы ретте өздеріңіздің игілікті істеріңіз қуантады. Егін науқаны қызған шақта еңбекқорлық танытып, көпке үлгі көрсетіп отырсыздар. Жұмыстарыңыз табысты болсын!

Халқымыз: «Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда» деген. Татулығымыз бен бірлігімізден ажырамай, баянды ғұмыр кеше берейік! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!

Қасым-Жомарт Тоқаев

  1. Сонымен, аудан әкімімен арадағы сұқбатымызға қайта оралайық. Менің хаттарға жорта көз жүгіртіп шыққанымды көрген Рүстем Рысбайұлы әңгімесін әрі қарай сабақтады.

— Дүңген ағайындардың қазақ халқына, қазақ жеріне деген пейілдері мен ризашылықтарының қандай екенін хаттан байқаған боларсыз. Әрине, айтылған бұл ризашылықтардың бел ортасында, барлық игі істердің басы-қасында бастамашы болып жүрген облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тұрғаны баршаға аян. Бастамашы демекші, осы мемлекеттік тіл және өзге де мәселелерді шешу мақсатында, Масаншыдағы оқиғадан кейін, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен облыс көлемінде «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы жасалып, оны іске асыру үшін, республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын. Жоба негізінде тұрғындармен, ұстаздармен және ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, туындаған  проблемаларды шешу жолдары қарастырылды және өткізілген осы шаралар нәтижесінде жол картасы бекітіліп, бүгінде жүзеге асырылып жатыр.  Мысалы «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы ішіндеммынадай топтар бар:

 

 

  1. «Ақпараттық түсіндіру» тобы 24 іс шара өткізіп, 730 адамды қамтыған және 36 тұрғынға әдістемелік көмек көрсеткен;
  2. «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобы 586 адамды қамтыған 38 іс шара өткізіп, 199 тұрғынға әдістемелік көмек берген;
  3. «Ауылда бизнесті дамыту» тобы 13 іс-шара, 38 адам, 25 адамға әдістемелік көмек;
  4. «Діни мәселелер» тобы 543 адамды қамтыған 27 іс шара өткізген және 169 адамға әдістемелік көмек берген;
  5. «Құқық қорғау саласы» тобы 120 адамды қамтыған 12 іс шара өткізген, әдістемелік көмек көрсетілгендер саны — 29.

Сонымен қатар, облыс басшысы Бердібек Машбекұлының ұйытқы болуымен, Жамбыл облысы әкімдігі «Тілдерді дамыту департаментінің «Тілдерді оқыту орталығы» арқылы тіл үйренуге бағытталған тегін курстар ұйымдастырдық. Бүгінде ашық және қашықтан жұмыс жасап жатқан және құрылуы тиіс топтардың жалпы саны 55-ке жетсе, тыңдаушылар саны 744-ке жеткен. Олардың біразының жұмыстарына өздеріңіз де куә болып қайтыпсыздар.  Осылайша, «Тілдерді оқыту орталығы» Қордай аудандық бөлімшесі атқарып жатқан жұмыстар аз емес. Олар әрқашан тұрғындар мен оқушылар арасында түрлі тақырыптарда сабақтар мен семинар тренингтер, жарыстар өткізіп тұрады.  Орталықтың ұйымдастыруымен,  Қазақ тілі курстары тыңдаушыларының қатысуымен  өткен «Soile» клубының отырысы,  «Мен қазақша сөйлеймін» , «Алғысым шексіз» атты акциялар мен семинар-тренингі,  «Тілім менің ғасырлардан аманат» тақырыбында  өткен қызықты слайд-шоу жарысы, т.б. шаралар  тіл үйренушілер қатарының көбеюіне зор ықпал етіп жатыр.

Бұдан бөлек, біз облыстық Білім басқармасымен және аудандық Білім бөлімімен бірлесе отырып, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу ауылдық округтерінде қазақ тілінде оқытатын сыныптарды көбейту мақсатында 2020-2021 оқу жылында 1 сыныпқа келетін оқушыларды дерлік 100 пайыз қазақ тілінде оқытуды жоспарлаған едік, бірақ кейіннен ата-аналардың өтініштерімен санасып, аталмыш ауылдарда 1-ші сыныптар арасында орыс сыныптарын ашу жағын қайта қарастырдық. Дегенмен, алдағы уақытта мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды екі есеге көбейтуді көздеп отырмыз.

 

 

    Рүстем Рысбайұлы, ақпан айындағы сапарымызда көргендерімізбен салыстырғанда, аудандағы әлеуметтік-рухани жағдайларды жақсартуда көптеген игі шаралар атқарып, жетістіктерге жетіп жатқандарыңыздың куәсі болып отырмыз. Ал осы уақыт аралығында әлемді дүрліктірген COVID-19, пандемия сияқты індеттердің кесірінен жарияланған  карантин кезінде қалай жұмыс жасадыңыздар? Бұл үдеріс аудан экономикасының дамуы мен халықтың тіршілік етуіне кері әсерін тигізбеді ме?

– Әрине, карантин кезінде кез келген еңбек адамының жалпыға ортақ тәртіпке бағынып, іс-әрекеттерінің шектелуі салдарынан қалыпты еңбек ритмінің бұзылатындығы заңдылық. Бірақ, ондай кезде қол қусырып қарап отырмастан, істі оңтайлы атқарудың жолдарын қарастырған жөн. Біз  солай еттік. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының ат ізін суытпай, ай сайын ауданымызға келіп, тікелей қадағалауымен аудан орталығы мен ауылдарда үнемі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды. Онда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, арыз-шағымдары мен өтініштерін қабылдадық және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастырдық. Нәтижесінде аудан экономикасы да, жеке тұлғалар да айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Әр сала, әрбір еңбек адамы заман талабына, қалыптысқан эпидемиологиялық жағдай талабына сай еңбек етіп, оқып, білім алуда.

Жалпы биыл Қордай ауданына мемлекеттен 31 млрд. теңге бөлініп, 387 жоба іске асырылып жатыр. Сондықтан, біздің алдағы міндетіміз — осы жобаларды іске асыру шараларын және бөлінген қаражатты уақтылы әрі тиімді пайдалану болып тұр. Сондықтан атқарылып жатқан және атқарылатын шаруаларға азырақ тоқтала кетсек артық болмас.

Ағымдағы жылдың 9 айында ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 40990 млн теңгені құрап (105%), өнеркәсіп кәсіпорындары  01222,0 млн теңге (101%), капиталға салынған инвестициялар көлемі 17680,0 млн теңге (137%), құрылыс жұмыстарының көлемі 9460,3 млн теңге (135,2%),бөлшек тауар айналымының көлемі 17605,0 млн теңге (100%), көтерме сауда тауар айналымының көлемі 11980,0 млн теңге (108%) күтілуде.

 

 

Білім саласы.   Бүгінде аудан бойынша 48 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп бар. Жуырда тағы 2 жекеменшік мектеп ашылды. Жалпы 2020-2021 оқу жылына келген 31526 оқушының 3414-і 1 сыныпқа, 2078-і 0 сыныпқа келгендер.  Өздеріңізге белгілі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты 48 мектептің 30-ы қашықтықтан, 18-і дәстүрлі оқиды. Қашақтықтан оқитын оқушыларға мектептердегі жұмыс істеп тұрған  2656 компъютер берілсе, республикалық бюджет есебінен 3574 комъютерлік техника алынды және аудандандық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тарапынан 40 компъютер беріліп, 100 % қамтылды. Сондай-ақ аудан бойынша 7860 бүлдіршін мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатыр.

Жұмыспен қамту. Осы жылдың қыркүйегіне дейінгі дерек бойынша, 2356 адам жұмыссыздар тізіміне тіркелсе, 4702 адамға әлеуметтік көмек, халықтың осал топтарына, нақтырақ айтсақ 6519 отбасына демеушілер мен жеке кәсіпкерлер демеушілігімен 104,9 млн теңге көмек көрсетілген. Сондай-ақ,  аудан көлемінде 935 отбасыға (5155 адам) 282,7 млн теңгеге мемлекеттік атаулы көмек, 45 отбасына (159 адам) 480,6 мың теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.

Сумен қамту. Аудандағы 30 елді мекен (72%) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұған қосымша осы ағымдағы жылы жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 6 су құбыры салынып жатыр. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 155,0 млн теңге қарастырылып, 13 елді мекендегі ауыз су жүйелеріне ағымды жұмыстар жүргізілуде. Одан кейін 6 елді мекенді тұрақты және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

 

 

Газдандыру. Қордай ауданындағы 41 елді мекеннің 12-сі (29%) газдандырылған. Мемлекет басшысының Қордай ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін берілген тапсырмасын орындау барысында, 10 елді мекенге жалпы сметалақ құны 5,8 млрд теңгені құрайтын, 73,2 шақырымдық газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Отар аумағындағы 12 елді мекенге жалпы сметалық құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 175 шақырымдық магистралдық газ желісінің және АГРС құрылысына қаржы бөлініп, жұмыстар басталды. Нәтижесінде аудандағы 41 елді мекеннің 34-і (83%) газбен қамтылмақ.

Жолдар. Аудандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1344,82 шақырым. «Жұмыспен қамту жол картасы » аясында 2020 жылы жалпы автомобиль мен жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу жұмыстарына 2,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда жұмыс басталған 162 нысанның 150-інде жұмыс толық аяқталған.

«Ауыл — Ел бесігі!» бағдарламасы аясында 884,4 млн теңге бөлініп, Қордай ауылындағы  21 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, «Үкімет резервінен»  96 нысанға 2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні бұл жұмыстардың  95% -ы орындалды.

  Түйін: Мінеки, құрметті оқырман, осы сапарымызда сол бір азынаған ақпаннан кейінгі уақытта елімізді індет діңкелетіп, қарға адым жерге барудың өзі қиынға соғып тұрса да, Қордай елі қиындыққа мойымай, оны жеңе білгенінің куәсі болдық. Жоғарыда айтқандай, біздің алғашқы сапарларымызда байқаған, жазған проблемаларымыз айналасы алты-жеті айдың ішінде шешіле бастапты. Әсіресе, қазақтар мен дүңгендер арасында өзара түсінісушілік пен сыйластықтың орнауы және бір-біріне деген құрметтің артуы өңірді жаңаша жағына қарай өзгерткендей.

Әрине, осы жағдайларды реттеп, үнемі бақылап және ұйымдастырып отыратын басшы болмаса, мұндай жетістіктерге жетудің де екіталай екендігі баршаға мәлім. Осы орайда, ел-жұрт сенім артып тағайындалған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қажырлы еңбегін ерлікпен пара пар десек болады. Облыс басшысының ұтымды ұйымдастырулары мен жаңа бастамалары аймақ тұрғындарына қайрат беріп, алдағы жақсы өмір сүруге деген құлшыныстарын арттыра түскен. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмаларын тапжылтпай орындап, халық үшін, ел үшін түн ұйқысын төрт бөлген аудан басшысы Рүстем Рысбайұлы Дәулет мырзадан бастап, Масаншы, Сортөбе, тағы басқа да ауыл әкімдерінің еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. Олардың жанкешті қызметтерін  қарапайым халықтың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Сондықтан кейде алыпқашпа сөздерге еріп кететіндері де жоқ емес. Әсіресе, «ұлтшыл» болып көрінгісі келетін кейбіреулер тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетуге бейім тұратыны жасырын емес.

Рас, өткен жолғы сапарымызда байқаған кемшіліктерді біз де жаздық. Сынадық, мінедік. Бірақ, осы жолғы көріп-білгендеріміз көзқарасымызды өзгертті. Бұл орайда, дүңген десе дүңк етіп, бітіспес жау көретін ағайындарға, дүңгендердің  біздің жерімізге аяқ басқан кезден бастап, ата-бабаларымызбен қоян-қолтық араласа жүріп, жер тырмалаған адал еңбектерімен осы халге жеткен, өзімізбен тағдырлас  халық екенін,  тек қана оларды жүйелі басқаруда биліктің жіберіп алған қателіктерінің кесірінен келеңсіздік орын алғанын жеткізгім келеді. Әттең, деп сан соқпасақ та, өзге ұлт өкілдері, өзге диаспоралар бүгінде қазаққа мың алғыс жаудырып отырған осы дүңген ағайындардан үлгі алса жаман болмас еді. Өкінішке қарай, мұндай ашықтық өзгелерден аса байқалмайды…

Біз осы сапарымызда Сортөбе ауылының әкімі Ильяс Юсупұлы Булармен әңгіме-дүкен құра отырып, дүңген халқының тарихымен, оның ішінде дүңгендерге ғана емес, қазақ пен қырғызға да ортақ Бұлар батыр жайлы мәліметтермен терең танысуға мүмкіндік алдық. Ол жайлы жазылған қызықты мақаланы алдағы санда оқи аласыздар деп үміттенем.

Ендеше, Қордай өңіріне барған сапарымыздан кейін жазылған және жазылатын мақалаларымыздың сарапшысы өздеріңіз болыңыздар, құрметті оқырман!

Бет қатталып жатқанда

«Ешкім сотталмасын!» деген ел тілегі неге орындалмай отыр?

 

Осы мақала бетке салынып жатқанда ақпарат құралдары жеткізген сот залынан түскен мына суыт хабар бәрімізді де елең еткізді. Қордай қақтығысына қатысқандардың алды жазаланып қолдарына кісен салынған. Әзірге төрт азаматқа үкім шығарылды. 3 жылдан 8 жылға дейін. Өздеріңіз білесіздер, қақтығысқа 300-ден астам адам  қатысып, олардың 100-і жарақаттанған, 11-і мерт болды. Сотталғандар: «Біз кінәлі емеспіз. Ешкімді өлтірген жоқпыз. Ұрлық жасамадық» деп шырылдап, қойылған айыптарды мойындамай жатыр. Біз барған кезде Қордайдағы дүнген ақсақалдары: «Болар іс болды. Біз бәрін кешірдік. Ешкім сотталмасын! Бізге еліміздің тыныштығы, тұрақтылығы, тату-тәтті өмір сүргеніміз қымбат» деп өтінішін айтқан еді. Ақсақалдар мұны жоғары жаққа да ескертіпті. Осындай аталы сөз айтқан ақсақалдардың тілегін соттар неге ескермей отыр? Біз бұған түсінбедік. Бұдан кейін қазақ пен дүнген арасы тағы да ушығып кетпей ме? Ешкім сотталмасын! Елдің де, ақсақалдардың да кесімі осы!

 

Сәуле Мешітбайқызы,

Жанбақыт Мерекеұлы