Бізді сәләфи деп айту – өте үлкен айыптау,отпен ойнау
“Рейтинг” газетіне сұхбат берген ақын, “Асыл арна” телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек елімізде соңғы кездері орын алғалы жағдайларға қатысты өз ой-пікірін білдіріпті.
– Мұхамеджан Оразбайұлы, соңғы кезде еліміздің құзыретті органдары қандай күдіктіні ұстаса да, адам өміріне қауіп төндіретін атыс-шабыстар орын алса да оған қатысты адамдарды жат ағымның өкілдері деп жариялауды әдетке айналдырып жіберді. Ешкім ойламаған, намазға жығылып көрмеген танымал адамдар айыпталғанда да олардан жат ағымды насихаттайтын діни кітаптар табыла кетеді.Билікке мұндай мәлімдемелер не үшін керек?
– Бұл ақ-қарасын ажыратуды талап ететін мәселе. Егер бір қылмыскерге қатыстырылып, дін жазықсыз қараланатын болса, қоғамға одан жақсылық жоқ. Бұл дінге қиянат жасау, Алланың ісіне күпірлік келтіру болып табылады. Ал енді шынымен дінге байланысты болса, ақты ақ, көкті көк деп айтуымыз керек. Елбасы да айтты ғой, сіз меңзеп отырған Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаларға қатысушылар дәстүрлі діннен тысқары сәләфи ағымының өкілдері екен деп. Бұл нені білдіреді?
Біз қай кезде болса да бұлардың көбісімен кездесіп жүрміз. Мемлекет адамдарына, құзырлы органдарға осы үрдістерге байланысты көзқарастарымызды, өзіміздің талдау-сараптауларымызды жазып та, айтып та беріп жүрміз. Егер дін арқылы адасқан адам болса, қазақ дәстүрінде уланған адамның бойындағы уытты ағарған беріп шығарғандай, оны ағартушылықпен тазарту аса маңызды. Радикалды топтардың адастыруымен теріс жолға түскен болса, тез арада олардың бетін бері қарата алатын мықты көшбасшы, сөзін ұйыта алатын, деңгейі оларды тарта алатын тұлғаларды тез арада тәрбиелеп шығаруымыз керек. Немесе сондай тұлғаларды сол салаға бейімдеп, жолын ашып беруіміз қажет. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы үш мыңға жуық мешітті бір орталыққа бағындырған үлкен жүйе. Мұндай жүйе көптеген елдерде, тіпті дамыған мемлекеттерде кездесе бермейді.
Алайда сол мешіттердегі имамдарымыздың қате түсініктегі жастарды қайта тәрбиелегеннен гөрі көбінде күнделікті шаруалардан қолдары босамайды. Сондықтан мешіттердің проблемаларын, қаржы-қаражаттарын шешіп, оларға халық арасындағы діни ағартушылықтармен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек. Кез келген адамда радикал болардан алдын сұрақ туындайды. Соған дұрыс жауап тапқан адам радикал болмайды, экстремист, террорист болып кетпейді.
Бірақ, бірінші сұрағына қате жауап тапқан адам түбі оңбайды. Сол бірінші сұрақ туындайтын ортада имам жүреді. Сондықтан біз қазір ұлт болып, мемлекет болып солардың беделін көтеруіміз, оларға кедергі болатын мәселелерді шешіп, халық арасында нағыз тұлға болып қалыптасуларына барлық мүмкіншіліктерді жасауымыз керек. ҚМДБ-да жұмыс істемесе де ел арасында әр түрлі салаларда тарихтан терең хабары бар, тамырын дөп басқандай жастардың психологиясынан хабардар тұлғалар бар. Солардың жастар арасында дер кезінде тиісті ойлар айтуларына мүкіндіктер туғызуға тиіспіз. Діндегі жағдайлардың ушыққанын күтіп отыра беруімізге болмайды.
Жерге қатысты комиссия құрғандай барлық мәселені талқылау арқылы шешуге жеткізбей, осы бастан қолға алып, жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Өйткені бес-он лаңкестің көзін жоюмен терроризм жоғалып кетпейді. Ол кез келген уақытта қайталануы мүмкін. Оның алдын алу арқылы ғана ұлт болып ұтамыз. Алдын алмасақ, салдарымен күресіп шаршаймыз. Сосын негізгі бағытымыздан айнимыз, межемізге уақытысында жете алмаймыз.
– Өзіңіз растап отырғандай Ақтөбедегі лаңскестердің әрекеті сәләфи ағымының жетегінде кеткендер деп түсіндірілді. Осы тұрғыда ашылғалы бері сынға ұшырап келе жатқан «Асыл арнаның» басы-қасында жүрген сіздерді де әлеуметтік желілерде сәләфи деп жатқандар бар…
– Менің түсінігімде, Елбасының сәләфилікке қатысты сыны мемлекеттік құрылымға қарсы немесе өзінің ата дәстүрін, бабалар салтын сақтағысы келмейтін, барынша өзінің ойын өзгелерге тықпалауға тырысатын, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап жүрген жастар жайында айтылды деп ойлаймын. Өйткені қазіргі кезде такфиризм, жиһадшылық немесе хауариждік деген сияқты тым шектен шығушылықтардың ұшар басында тұрған ағымдар бар.
Елбасының аузымен сол ұғымдар сәләфизм деп айтылды. Ал шынтуайтында, сәләфи деген ілгерлілер, бұрынғылар, алдыңғылар деген мағына береді. Сахабалар, олардан кейінгі екі буын табиундар және таба табиундар. Осы үш буын ілгерлілер болып есептелінеді. Яғни Исламның алтын ғасырында солар сәләфи деп есептелінген. Ал, қазір сәләфи жоқ. Қазір шын мұсылман Алладан түскен Құранмен, Пайғамбарымыздың сүннетімен, әлгі айтқан сахабалардың көрсетіп кеткен бағыт-бағдарымен жүреді. Олар көрсеткен бағыт-бағдар қандай еді?
Олар ғұламалардың жолын ұстануды айтқан еді. Ал ғұламаларымыз кімдер? Олар кеше мәзхабтың жолын қалыптастырып, Исламның кесек қағидаларын жұмсартып, қарапайым адамдар түсінетіндей дәрежеге жеткізген Әбу-Ханифалар. Ғалымдарға сүйенуді, солармен бірге болуды сол кездегі сахаба-сәләфтар да, Пайғамбарымыздың заманындағылар да айтып кеткен. Сондықтан біздің қазір сәләфи болуға еш мұқтаждығымыз жоқ. Ешқандай қажеттілік те жоқ. Елбасы айтқан сәләфилер шынтуайтында елдің тыныштығын бұзып, берекемізді қашырып, бәрімізге салмағын салып отыр.
«Асыл арна» ашылғалы бірінші сын айтқандар да өзін сәләфимін деп айтып жүрген ағымның өкілдері болған. Олар қасиетті Мәдинә қаласында отырып алып, «Асыл арнаны» көруге болмайды. Кімде-кім «Асыл арнаны» жабуға үлес қосса, үлкен сауап алады» деген сияқты пәтуаларды шығарған болатын. Сол сияқты «сәләфи болуымыз керек» деген сөзді айтып жүрген, өзге ұлттан шыққан өз ішіміздегі ғалымсымақтар «Асыл арнаны» көрмеңдер. Ол – бидғат, нағыз дінді насихаттамай жатыр» деп бізді айыптаған. Сондықтан біз өзіміздің ондай теріс ағымда емес екенімізді сөзімізбен емес, ісімізбен дәлелдеп келе жатқан адамдармыз. Жұртқа көрсететін ісі жоқ адамдар артық сөйлейді. Ал біз айналысып жатқан нақты шаруамыз болғандықтан артық сөзбен айналыспаймыз.
Бізді білгіңіз келсе, шаруамызды көріңіз, «Асыл арнаны» таңертеңнен кешке дейін қараңыз. Дүниедегі ең қиын нәрсе – көптің талқысына салу. Өйткені көптің ішінде надан да бар, ғұлама да бар, сәулелі адамдар да бар. Ал ол көптің көңілінен шығу мүмкін емес. Бізді ағыммен айыптайтындар қазақтың баяғы қу пенделік көре алмаушылығы ғой. Басқа түк те емес. Бүгінде «Асыл арнаның» ашылғанына 9 жыл болды. 2007 жылы эфирге шығып, 2009 жылы телеарна ретінде бүкіл Қазақстанға тарадық. Былайша айтқанда ашылғалы бері біз Үкіметтің назарындамыз. Біз сияқты терең тексеріліп, қатты қадағалауда отырған бірде-бір ұйым жоқ деп есептеймін. Өйткені біз әрбір бағдарламамыздың концепциясын жыл сайын министрліктегі Дін істері комитетімен, ҚМДБ-мен бірлесе отырып бекітеміз. Одан кейін мұқият қарап отырған мүфтияттың арнайы маманы қол қоймайынша ол эфирге шықпайды.
ҚМДБ ұсынбаған дін адамы эфирден шықпайды. Сондықтан толық бақылауда, толық тексеруде отырған телеарна болғандықтан бізді кінәлау жөнсіз деп есептеймін. Біз мемлекеттің саясатына, ҚМДБ ұстанымына және Әбу-Ханифа мәзхабы негіздеріне арқа сүйеп құрылған телеарнамыз. Сондықтан бізді сәләфи деп айту – өте үлкен айыптау, отпен ойнау! Ол шиалардың қағидасы, соларға тән қағиданы сунниттердің арасына алып келіп кіргізу өте үлкен айып болып саналады. Расымен дәлелденіп жатса, бізді ғана емес басқаларды да бұлай айыптауға бүгінде тек құзырлы мекеменің ғана құқығы бар.
– Байқағанымыз, дінге қатысты құзырлы орындармен тығыз қарым-қатынаста әрекет етесіздер. Олай болса білетін шығарсыз, елімізде сәләфи ағымында қанша адам бар?
– Оны сол құзырлы орындардан сұрамасаңыз, санын нақтылап, тап басып айта алмаймын. Біз «Асыл арна» телеарнасының жұмыстары рухани бағытта болғаннан кейін күнделікті бағдарламалар түсіру барысында көптеген адамдармен кездесеміз, жолығамыз. Ауызашарда, әр түрлі жастардың ортасында боламыз. Оқу орындарына барып студенттермен кездесулер өткіземіз. Пікірлерін тыңдаймыз. Солардың арасында террорист болып кетпесе де соған ықтималдығы бар жастар кездесіп тұрады.
– Көп пе?
– Көп деп айтуға болмайды, бірақ жеткілікті. Солардың барлығы уақытысында көкейіндегі сұрақтарына лайықты жауап таба алмағандар. Жалпы алғанда, үйіңіздегі кішкентай балаңыздың сұрақтарына сіз жауап бермесеңіз, оған сыныптасы не көшедегі біреу жауап береді. Немесе интернет жауап береді. Ең бастысы ол жауапсыз қалмайды. Сондықтан баланың қандай да бір қоғамға, адамға, сенімге қатысты сұрақтарының барлығына ата-ана жауап бере алуы керек. Қолынан келмесе, жауап бере алатын адамды іздеп табуы тиіс. Өйткені рухани сенім оның тағдырын шешуі мүмкін.
Бақытты не бақытсыз қылуы мүмкін. Ондай адамдарды кездестіріп те жүрміз. Бірде маған орамал тағып, әке-шешесімен түсінісе алмай жүрген бір қыз хабарласты. Оның ата-анасына барып жолығып, шынайы дінді айтып, қызға да орамалдың құндылығын түсіндірдім. Ең бірінші нәрсе орамал емес, иман екенін жеткіздім. Содан кейін олардың арасында рухани байланыс орнап, кез келген сұраққа жауапты бірлесіп іздейтін жағдайға жетті. Кейін ол қыз жақсы жерге тұрмысқа шықты, қазір бірнеше баланың анасы. Әке-шешесі де сол арқылы намазға жығылды. Кәсіптерін жалғастырып жатыр. Егер сол кезде оған мен емес, радикалды ағымның адамы жолығып, «әке-шешеңді тыңдама, орамалыңды тартып, намазыңды оқи бер» десе ол қыз радикалдана берер еді.
Оның түбі қайда апарарын бір Құдай ғана біледі. Оның ата-анасы да қызын жазғырумен дінді жек көріп кетіп, қазақ қоғамында бір отбасы үлкен қасіретке душар болуы мүмкін еді. Сол сияқты әр қайсысымыз кез келген мәселе туындамас бұрын алдын алып, шешуге ұмтылсақ, үлкен проблемаларды болдырмауға болады.
– Осы біздің қоғамдағы қыздарымыздың бүркемеленуі, жап-жас жігіттеріміздің күзелмейтін сақал қойып, балақтарын қысқартып, елден ерекшеленуіне көзқарасыңыз қалай? Өзіңіз де сақал қойдыңыз ғой…
– Әр нәрсе ретімен болуы керек. Ел ішінде бес жасар қызын да бүркемелеп жүргендер бар. Егер қыз бала әке-шешесінен көріп, қызығушылық танытқан болса, онда ол нәрседен тиюға болмайды. Бірақ, бәлиғат жасына толмаған қызды қымтап, көпшілік ортасында алып жүру оған көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап берумен тең ауыртпашылық болып табылады. Сондықтан баланы, әсіресе қыз баланы психологиялық тұрғыда қатты ескеруіміз керек.
Ал мектеп жасындағы, оқу орнындағы қыздардың киім үлгісіне Мәдениет министрлігі әлі соңғы нүктесін қойған жоқ. Әлі ел ішінде талқыланып, бұның кешенді жолдары қарастырылып жатыр. Тарихымызға қарасақ, қазақ қызы қазіргідегідей жалаңаш жүрмеген. Және оны қара кигізіп, бетін де жаппаған. Сондықта біз осының ортасын табуымыз керек қой. Басқа елдің мәдениеті мен ғұрпына сәйкестендірілген үрдістерден де әдемі бас тарта білуге тиіспіз. Және өзіміздің тарихымыздағы ғасырлар бойы ұстанған аналарымыздың, қыздарымыздың, келіндеріміздің жолын осы заманға бейімдеп насихаттай білуіміз қажет. Бұл тұрғыда ҚМДБ бірнеше жылдан бері қыздарымыздың киім үлгілерінің көрмелерін ұйымдастырып, шеберлерімізбен іздену үстінде. Бұл өте құптарлық жағдай.
Ал егер жас жігіт шынымен әдепті болып, орнын білсе, адамдармен қарым-қатынасы жақсы болса, туған-туыстарының ризашылығын алып жүрсе, ортасында ісі өнегелі болса, қойған сақалы байқалмай да қалар еді. Жалпы сақал қою қазақ дәстүрінде жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, өкінішке қарай көптеген жастар ішкі дүниесін немесе адамдармен қарым-қатынастарын, негізгі мәселелерді реттеп орнына қоймай тұрып, өзінің сыртын дұрыстаумен шұғылданып кетті.
Сондықтан ол сақал сүйкім емес, көзге оғаш көрінетін жағдайға душар болды. Сақалдан алдын адамның иманы, жұртпен қарым-қатынасы, аманатшылдығы, сөзінде тұруы, жұртқа жанашырлығы сезіліп тұратын болса, қандай сақал қойса да сезілмей қалады. Ал керісінше болса, сырт пішіні дініне сөз келтіреді. Жалпы сақал сияқты жауапкершілікті алып жүру үшін жүзінен нұры төгілген, ісінен үлгі шашатын жақсы мұсылман болуға тырысу керек.
Әңгімелескен: Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
“Рейтинг” газеті