БІЗДІҢ «АҚ ЖОЛДА» ЕҢБЕК ЕТКЕН

Бүгін жазушы Кемел Тоқаевтың туған күні. Жазушының 100 жылдығына байланысты Алматыда үлкен жиын өтіп жатыр.

Кемел Тоқаев 1948 жылы Жамбыл қаласы (бүгінгі Тараз қаласы), Пушкин көшесіндегі №22 мекен-жайға орналасқан облыстық «Сталиндік жол» газетінде қызмет еткен.

Бүгінгі Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті ол кезде ҚК(б)П Жамбыл облыстық, қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің «Сталиндік жол» деп аталатын газеті болған.

Қазақ детектив жанрының тұңғышы, әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев соғыстан кейінгі жылдары, яғни 1948 жылы міне, осы газетте журналист болып қызмет етті. Ол кезде болашақ қаламгер небәрі 25 жаста еді.

Кемел Тоқаевтың «Сталиндік жол» газетінде алғашқы мақаласы 1948 жылдың тамыз айында жарияланған. Соған қарағанда Кемел Тоқаев редакцияға сол тамыз айынан бастап жұмысқа кіріскен сияқты.

Өкінішке орай, К. Тоқаевтың «Сталиндік жол» газетіне жұмысқа тұрғаны, еңбек еткені туралы архивтерде ешқандай құжаттар сақталмаған.

Тіпті Кемел Тоқаевтың википедиядағы өмірбаянында да Жамбыл облысында еңбек еткені туралы ешқандай мәліметтер жоқ.

Тек жазушының Серік Қирабаев секілді жан достарының естеліктерінде ара-тұра айтылып қалған. Және бұған «Сталиндік жол» газетінде жазылған мақалалары дәлел.

1948 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында Кемел Тоқаевтың «Сталиндік жол» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек еткен сияқты. Көбінесе рецензия, әдеби талдаулар жазған.

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп «Қазақ үні» сайтында жарияланған «Күнгейде күн кешкен кемеңгер» атты мақаласында «Кемел Тоқаев соғыстан кейін Алматыға оралып, ҚазМУ-дегі оқуын ары қарай жалғастырған. Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде өзінің еңбек жолын бастаған. 1948 жылы аталмыш жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген. Бір жылдай уақыт Жамбыл облыстық газетінде әдеби қызметкер болып істеген» деген мәліметтер келтірген.

Жалпы Кемел Тоқаев туралы жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы бірнеше рет зерттеу мақалалар жазып, облыстық және республикалық газеттерде жарық көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы кезінде осы мақалалары үшін Көсемәлі Сәттібайұлын арнайы қабылдап, ризашылығын білдіріп, сыйлыққа кітаптарын да берген.

Оралхан Дәуіт