Біздің ауылдың Қожанасырлары
Қызыларай қартының қалжыңы
Жазға таман ауыл жаққа ат басын жиі бұрамыз. Бір жылы туған құрдас аталатын, қазіргі ауыл ақсақалдары арасындағы әзіл-оспаққа құрылған әңгімелерін атамның жазбаларынан түртіп алған едім. Қылжақбас атанған марқұм, қызыларайлық Ырзық атайдың әзілдерін санасақ, бір кітапқа жарайды. Назарға ұсынуды жөн көрдік.
Төл жарысы
Мал төлдеп жатқан шақ. Кешқұрым өрістен мал келгенде жан-жақтан жүгіре шығып, бөлісіп қамап алу керек. Рзекеңнің үйінде көмек қолын созар ешкім жоқ. Әйелі ғана. Малдың бір жағынан шығып басын қайыр десе, жас босанған әйелі:
— Шыға алмаймын, енді босандым, жас бала бар, — депті. Сонда Рзекең:
— Өй, сен де бір, мал төлдегенде бала туатынды тапқан екенсің, — депті.
Кәрі төбет
Аудан басшылары ауылдың жай-күйін білмек ниетпен аралап жүреді. Ырзық атайдың үйінің алдында жатқан кәрі төбетке бастықтың көзі түседі.
— Рзеке, мына итің кәрі ғой, атып көзін құртпайсың ба? —
дейді. Рзекең болса:
— Онда үйдегі үлкен қарт шешемді де атып тастайын ба? — депті.
Тау беріп жіберсін
Сол шақтарда Қызыларайда Бегілік (Сүндет) ағай ауыл фермасында меңгеруші болып тұрған. Ырзық атай — қойшы. Бастық қол астындағыларға ескертуінде:
— Ырзыққа айтыңдар! Малды жүдетпесін, тауға апарып бақсын! — дейді. Бұйрықты естіген Рзекең:
— Онда Сүндетке сәлем айтыңдар, тау беріп жіберсін, — депті.
Тоқымды болған Рзекең
Совхоз болып құрылған шақта аудан басшылары тексеріс жүргізуге жиі келеді екен. Хатшының келетіні жөнінде барлық қойшыларға алдын ала ескертіледі. Рзекең хатшының алдына есеп беруге келерден бұрын аттың ер-тоқымын тобылғының арасына тығып, жайдақ мініп келеді. Хатшы:
— Рзеке, мұның қалай, ер-тоқымың қайда?
— Тоқым қолды болған, қойды тоқымсыз баққаныма бірнеше айдың жүзі болды, — депті. Басшылар ертеңінде ер-тұрманы түгел, ерттеулі ат беріп жіберіпті.
Аяулым Совет