БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ…
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — деген даналық сөзді Кеңес ауылының 1984 жылы туылған, осыдан 20 жыл бұрын алтын ұя мектептерімен қош айтысқан жігіттеріне арнап айтуға тұрарлық.
Еліміз көлемінде былтырғы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қол алынып, жүзеге асырылған «Асарлатып үй салу» жобасы түрлі дәрежедегі көптеген отбасыларды баспана қуанышына бөлеген-тұғын. Аталмыш жоба үстіміздегі жылы да өз жалғасын тауып, нәтижесінде аудан аумағында алғашқы болып Көптерек ауылдық округінде жүзеге
асырылды.
Апта соңында жарқын істің жалауын көтерген Кеңес ауылының 1984 жылғы азаматтары өздерінің мектеп бітіргендерінің 20 жылдығы құрметіне елді мекендегі тұрмыс жағдайы төмен Қайрат Каленовтің отбасына тұрғын үй алып берді. Осынау игілікті іске ауылдың жаны жомарт азаматтары мен ерікті жастардың араласуы арқасында елеулі еңбек мәресіне мәнімен жетті.
Кеңестік тұрғындардың қуанышты сәтін аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова бірге бөлісті. Дәуір Рысбайұлы өз құттықтауында «Асарлатып үй салу» жобасының мәні мен мазмұнына екпін сала отырып, аталмыш игі істің ел ішінде қайта жанданып, мұқтаж кісілерге, жетім мен жесірге, аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға шарапаты тие бастағаны – елдігіміздің үлкен сипаты екеніне тоқталды.
— Қазақ қашанда жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Әркез жомарт, мейірімді, кеңпейіл жандардың арқасында қазақтың жоқ — жітігі осылай бүтінделіп отырған. Негізінен, бұл ата-баба дәстүрінен бері жалғасып келе жатқан игі іс. «Асар» ұғымы халықты ерлікке,
бірлікке бастайтын игі дәстүр, — деді.
Сондай-ақ, былтыр мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған 1983 жылғы түлектердің игі бастамасын жалғастырған биылғы 20 жылдық, 1984 жылғы түлектерге аудан басшылығы атынан ризашылығын жеткізді. Және де аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етті.
– Жастардың қоғамға деген қам¬қорлығы әркімді де қуантады. Ауылдың әлеуметтік жағдайына жана¬шыр¬лық танытып, қинал¬ған¬¬¬ға қам¬қор болған кейінгі буын¬¬ның бұл ісі көпке үлгі бола¬ры анық. Сондықтан, мектеп түлектерінің қа¬йы¬рымды іс¬терінге ауыл халқы¬ның аты¬нан алғыс білдіремін, – дейді ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекжасар Ермаханбетов.
Өз кезегінде сөз алған қуаныш иесі Қайрат Каленов өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің жарамсыз күйде екенін білетін ауыл қариялары мен жастардың жаңа баспанамен қамту ісінде көрсеткен көмектері үшін отбасы атынан шын ниетпен ризалығын білдіріп, алғысын айтты.
«Бірлігі мен ынтымағы ажырамаған ұлттың іргесі сөгілмейді» — деген. Елдігімізді танытатын, бауырмалдық үлгісін қалыптастыратын, ежелден келе жатқан ата дәстүр жібін үзбей жалғасқан асар салты, бір отбасыға болса да қуаныш сыйлай алса, еңбегіміздің жанғаны, — дейді ауыл тұрғындары.
Салтанатты шарада жаңа тұрғын үйдің алқызыл лентасын ауыл ақсақалдары Әштай Оразов пен Бекжасар Ермаханбетов қиған соң, шара қатысушылары үйдің ішін аралап көрді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қуанышты бөлісуге келген ауылдастар құтты болсын айтысып жатты.
Айта кетейік, осы күні 1984 жылғы түлектер санитарлық талаптарды сақтай отырып, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырып, ауыл мешітінің асханасында марқұмдарға арнап құран оқытты. Бұдан бөлек, елді мекендегі екі отбасыға газ жүйесін орнатуға көмек көрсетті. Қатарынан екінші жыл осындай қайырымы мол, игі істі жалғастырып келе жатқан Кеңес ауылы жастарының бастамасы өзгелерге үлгі боларына сенім мол.