Біздің заңда зинақор әйелге жаза кесілмейді…
Анау бір аты шулы әйелдің ана жылғы дауы әлі жұрттың аузында. Күйеуі оны сабағаны үшін талай жылға сотталып кетті. Әйел заңды, некелі күйеуінің көзіне шөп салғанын өзі де мойындаған. «Я понимаю, о чем идет речь. Да, я изменила!» Бұл оның теледидар тілшісіне берген сұхбатынан үзінді. Кезінде Caravan.kz порталы 365 info-ға сілтеме жасап, осы сұхбатты қайта жариялады. Сол 2017 жылғы 8-қыркүйекте Ақтөбеге барып тілшілермен сұхбат құрғаны тағы бар. Әлгі сөздерін айна-қатесіз қайталаған. “Ия, мен ойнас жасадым. Бірақ мен адалмын” дейді.
Ол әйелдің қылығын әшкерелеу мақсат емес, адам, әдетте өзін өзі әшкерелейді. Қазақ мұндaйда «Құдай бар ғой» деп ашынады. Естуімше, содан бері оның әке-шешесі елге бара алмайтын көрінеді. Бізді таңғалдырғаны қазақ қоғамы осы оқиғадан кейін де үнсіз қалды. Еркектер бәлелі жерге бармағын сұққысы келмеген болар.
Қазақта Бибігүл Төлегенова, Шәмшә Беркімбаева, Нина Қаюпова, Аягүл Миразова, Зейнеп Ахметова, Роза Рымбаева секілді көптеген даңқты, абыройлы, қазаққа аса құрметті әйелдер бар ғой. Ең болмаса біреуі осы оқиғаға байланысты бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл не? Әлгі әйелді мақұлдау ма? Жоқ, қорқақтық па? Бұл не өзі? Мораль, ұят, отбасы мәдениеті, өнегелі әке, иманды қыз туралы әңгіме қозғамаймыз, қозғасақ біреулердің шамына тиіп кететін секілдіміз бе, қалай өзі?
Біздің заңда зинақор әйелге жаза кесілмейді. Оны қылмыскер деуге хақыңыз жоқ. Бұдан шығатыны – oйнас қылмыс емес. Ойнас әшейін бір еріккенде жасай салатын ермек секілді, шымкентшілеп айтсақ, «нәйеті бір арзымайтын нәсте дә жідә». Біреудің әйелінің қойнына бар, біреудің күйеуін тартып ал – Заң бұл тұста көзін жұмып, аспанға қарайды. «Ақ түйені көрдің бе, жоқ». Ал бірақ зина жасаған әйелді сабаған күйеуі үшін жаза бар. Көрші өзбек, қырғыз жазушыларымен азды-көпті қарым-қатынасымыз бар, әсіресе, тәшкендік бір досымыз «ака, мана шу хотин нима болды?» деп әлі күнге сұрайды. «Мана шу хотинның нима болғанын» мен білмеймін, білгім де келмейді, білетінім – Орта ғасырлық Еуропа ондай әйелдердің мұрнын кесіп шұнтитып, мұздай суға немесе қайнақ суға салып азаптап өлтірген. Ең жұмсақ жаза монастырға жіберген деседі. Азияның кейбір мемлекеттерінде әлі күнге ойнас жасаған әйелді ортаға алып шығып таспен ұрып өлтіреді. Ертедегі қазақ ат құйрығына байлаған деседі. Немесе “Абай жолындағы” Қодар-Қамқаның жолын құштырған. Ал сіз Ғибратты ғұмыр дейсіз. Әділдік дейсіз. Онымен қоймай ар-намыс, ұят-иман дейсіз. Көне құрылықтың ең сері, ең еркін елі – француздар. Бірақ олар серілік пен азғындықтың ара-парқын қатты ажыратады. Серілік басқа, азғындық басқа.
Сол француз поэзиясында қызық бір өлеңдер болған. Қазақтың бейпіл сөздерін еске салады. Мұндай жанр ағылшын әдебиетінде бар. Оны өздері topsy-turvy дейді. Бұл кезінде көп зерттелген «лимерики» деген жанрға ұқсайды. Содан бір үзіндіні қазақшалайық:
Түсінбеймін, түсінбеймін.
Неге мені тілдейді ел?
Күнтимесім өзімдікі,
Күндейсің бе, күндей бер.
От салам ба, өзім білем,
Шөп салам ба көзіне.
Күнтимесім, көз тимесін,
Сөз тимесін өзіңе!
Есенғали Раушанов