БІЗГЕ БЕЛГІСІЗ БІЛГЕ ХАНША……..
Ұлы дала тарихындағы даңқты тұлғалар – Көлтегін батыр, Білге қаған және Тонйұқұқ жырау жайлы мәліметтермен көзқарақты азаматтар жақсы таныс.
Дегенмен, екінші Көктүрік қағанатының іргесін бекемдеп, қабырғасын қатайту жолында “түн ұйықтамай, күндіз отырмай”, жалаң аяқ жар кешкен, қызыл аяқ қыр кешкен ұлы қолбасшылармен қатар өмір сүрген, таланына ауыр да күрделі тағдыр бұйырған Білге ханша туралы былайғы жұрт көп біле бермейді.
Білге ханша – Қапаған деген лақап атпен танымал Бөгі Шор қағанның кенже қызы, 698 жылы өмір есігін ашқан. Ол туа сала атастырылады.
Ескі жылнамалар бойынша, сол жылы Қапаған қаған Қытайға елші салып, Табғаш жұртын билеп отырған атақты У Цзэтянь патшайымға (билікті заңсыз басып алған) өкіл бала болуды сұрайды және “қызымды беріп, құда болсам” деген тілегін білдіреді.
Түріктермен бітімге келуге ділгір болып тұрған Қытай сарайы бұл ұсыныспен қуана келіседі. Сарай жарлығымен патшайымның аталас туыстарының бірі У Чэнсының ұлы У Яньшуға Қапаған қағанның қызы әперілетін болып, Түрік еліне мол сыйлықпен құдалар жіберіледі.
Алайда, Қапаған қаған құдалықты кері қайтарады, себебі, ол Қытай билігін қымқырып алған У тұқымын шет көретін, шеніне жуытпайтын, бұған дейін Қытай бағытында жүргізген біраз жорықтарда, ол шынайы билік иесі саналатын Ли әулетінің заңды мәртебесін қалпына келтіруді мақсат тұтқан еді.
Сондықтан, «Қызымды Тан империясының заңды иегері Ли әулетінің мұрагеріне ғана ұзатамын» деп мәлімдейді. Сөйтіп, Білге ханшаға байланысты «бесік құдалық» орындалмай қалады.
Білге ханша бес жасқа шыққанда 703 жылы Қапаған қаған Баға тарқанды елшілікке жіберіп, қызын тақ мұрагерінің ұлына атастыруды өтінеді, патшайым құдалықты қабыл алып, елшілікті көл-көсір тарту-таралғымен қайтарады.
Патшайым өліп, билікке Ли әулеті қайта оралғанда, Қапаған қаған уәдеден тайып, 706 жылы Қытай жеріне қалың қолын қаптатып, Табғаш әскерінің тас-талқанын шығарады. Сөйтіп, жаңа император құдалықты үзуге әмір береді.
Дереккөздерден белгілі болғандай, арада біраз жылдан кейін Білге ханша текті тұқымнан шыққан түрік қолбасыларының бірі Мимиге (Бебек) ұзатылады.
Алайда, шамасы, 716 жылы Қапаған қаған қапылыста қаза тауып, ел іші алатайдай бүлінгенде, Көлтегін батырдың ықпалымен билікке Білге қаған шыққаннан кейін, Білге ханша мен күріген Мими Қытайға қашады.
Қытай империясының саяси мақсаттар үшін қашқындарды жылы қабылдағанында дау жоқ, Мимиге сол қанат лейб-гвардияның бас сардары деген маңызды қызмет жүктеліп, Юньчжун аймағының Елбегі деген құрметті атақ берілуі, Білге ханшаның Юньчжун ханымы деп дәріптелуі осы сөзіміздің айғағы.
Бірақ, көп өтпей, Білге ханшаның күйеуі империя заңын бұзғаны үшін жазалы болып, басы алынады, Қытай тарихшылары бұл оқиғаны Ашидэ Мимимен аталас болуы мүмкін Тониұқұқты Білге қағанның билік элитасына қайта шақыруымен сабақтастырады.
Қалай дегенмен, 720 жылы шамасында Білге ханша күйеуінің кесірінен жазалы болады, бас бостандығынан айырылып, гарем сарайына күңдікке алынады.
Арада үш жылдай уақыт өткенде, Білге ханша күңдіктен босатылып, Қытай астанасы Чанъаньдағы туған ағасы Бектегіннің үйіне қайтарылады.
Бірақ, көп өтпей 25 жасында өмірден озады. «Өлімді жөнелту рәсімін орындап, мола тұрғызғанмен, заман озып, салт азса, ол да із-тозсыз жоқ болар деп уайымдаған» Ағасы Бектегін Білге ханшаның басына көк тастан жазулы ескерткіш қойып, былай аһ ұрады:
Ақ үйден суыт аттанып,
Үзілді демің, сол қайғы.
Қара жер суық дегенмен,
Жазмыштан озмыш болмайды.
Жоқтауға тоқтау бола ма,
Молалар желмен зарласын.
Жалғанның күні сөнгенше,
Жалғыздық – жалғыз жолдасың.
Білге ханша құлпытасы деген атпен белгілі осы тарихи ескерткіш 1983 жылы оңтүстік Қытайдағы Фучжоу қаласының Лочжоу ауылынан табылған.
Құлпытастың биіктігі мен ені 60 см, қалыңдығы 7.5 см, жиектері гүлді өрнекпен көмкерілген. Мәтін жалпы 23 жол, 446 иероглифтен тұрады.
Жергілікті өлкетанушылардың берген мәліметі бойынша, құлпытасты Цин әулетінен шыққан соңғы император Пу Идің ұстазы Чэнь Баочэньнің атасы Чэнь Цзинлян Гуаньчжун аймағында (қазіргі Шэньси провинциясы) іссапармен барғанда, Чанъань қаласынан сатып алып, туған ауылы Лочжоуға ала қайтыпты.
Соңғы дерек бойынша, құлпытас Фучжоу қаласында сақтаулы. Осы жолдардың авторы құлпытас мәтінін қазақ тіліне аударып, ғылыми көпшілікке ұсынды (Қараңыз: «Қазақ мемлекеттігі мен Ұлы дала көшпенділері: тарих және қазіргі заман» XVII халықаралық еуразиялық ғылыми форумның материалдары).
Алайда, Қапаған қағанның кенже қызы Білге ханшаның жұмбақ өлімінің сыры белгісіз. Біз құлпытас мәтініне жасалған текстологиялық талдау мен өзге ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, Білге ханшаны Көктүрік пен Табғаш арасындағы «Бейбітшілік және туыстық бітімі» деп аталатын саяси құда-андалықтың құрбаны деп санаймыз.
Білге қаған билікке келгеннен кейін, қыз айттырып, Қытай сарайына бірнеше мәрте елші жүргізеді.
Алайда, Қытай императоры оның талабын қаперге алмайды, өйткені, Қытай сарайымен саяси құда-андалық орнату Білге қағанның дала тайпалары арасындағы беделін көтеруі мүмкін деп қауіптенген император, керісінше, түріктермен бақталас жұрттардың көсемдеріне мол жасаумен қыздарын ұзатып, оларды қағанатқа қарсы айдап салып отырады.
Осыған байланысты Білге қағанның Табғаш елшісіне «Иттің ұлы байқотанға қыз беретін қытай неге менің бетімді қайтарады?» деп қаһарын төккені бар. 721 жылы Қытай императоры Білге қағанға хат жазып, «Қаған, егер (құдалыққа) шын ниет танытсаңыз, мәңгілік игілігімізді бірге қамтамасыз етер едік; олай болмағанда, екі араға елші сабылтудың қажеті жоқ» деп суыртпақ, екі ұшты жауап қайтарады.
Біздің ойымызша, 722 жылы Қытай сарайы Білге қағанның құдалық талабын “қабылдап”, Білге ханшаны «император қызы» деген атпен Білге қағанға ұзатуға шешім жасаған сыңайлы.
Білге қағанның әкесі Елтеріс пен Білге ханшаның әкесі Қапаған ағалы-інілі кісілер, басқаша айтқанда, екеуі аға мен қарындас есебінде.
Сарайдың жымысқы жоспары бойынша, егер Білге қаған қарындасын алудан бас тартса, онда Көктүрік пен Қытай арасында саяси некеге негізделген одақтастық қатынастың қалыптасуына алып келетін құдалық талабын біржола тойтарып, қағанаттың дала өміріндегі ықпалының көтерілуіне шектеу қоюға болар еді.
Ал егер Білге қаған жақын қарындасын некесіне алса ше? Ондайда, дала заңына жат мұндай ерсі әрекеті үшін, Білге қағанның одақтастары мен қарсыластары арасындағы абыройы айрандай төгілер еді. Қалай болғанда да, нәтижесі Қытай сарайының пайдасына шешілер еді.
Өмірге келе сала маңдайына саяси құдалықтың құрбаны болу жазылған Білге ханша тосын қайтыс болмағанда (құлыптас мәтінінде осы туралы:
Тамырымыз қайта жалғанып, бұтағымыз қайта көктер деп күткен едік, аға-іні табысып үлгергенше, кенеттен соққан ызғарлы жел жапырағымызды үптеп кетті), тағы да басы байланып, бүкіл түркі жұртының сүйегіне таңба салатын саяси ойынның қуыршағына айналар еді.
Қытайлық тарихшылар Білге ханша бұндай қорлыққа төзбей өзін өлтірген болу керек деп болжал айтады. Жөн сөз.
Білге ханша туралы тарихтан жеткен бір үзік сыр осындай.
Ерлан Мазан.