«Бізге ондай әке керек емес…»

Торғай екеш торғай да,

 Балапанын қорғайды.

 Ана безсе баладан,

Бәрінен де сол қайғы…

 

Осы «Бала – адамның бауыр еті» деген ұғым ескіріп бара жатқандай ма, қалай өзі? Күнделікті теледидарды қарап отырған кезде, денені дүршіктірер сұмдық оқиғаларды естіп, көреміз. Ана өзегін жарып шыққан нәрестесін дәретхананың шұңқырына тастап кетеді. Енді бір безбүйрек жаңа туған шақалағын жүйткіп бара жатқан автокөліктен лақтырып жібереді. Бұл қандай адамдық қасиетке жатады?!.

Былтыр Алматы облысының №1 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 51 әке-шеше ата-аналық құқықтарынан айырылған. Олардың көбісі маскүнемдікке салынып кеткендер.

Мына бір оқиға әлі күнге есімде. Біздің соттың өндірісіне түскен сол азаматтық іс сот мәжілісіне қатысушылардың көздеріне жас толтырып еді…11

Облыс орталығындағы «Айналайын» балалар үйі тарапынан жауапкер Х. деген азаматты ата-аналық құқығынан айыру туралы талап-арыз түскен болатын. Онда балалар үйінде кәмелеттік жасқа толмаған үш бала тәрбиеленіп жатқанын, олардың шешесі ата-аналық құқығынан сот арқылы айырылғандығы, ал әкесі балаларға келмейтіні көрсетілген.

Сот мәжілісі барысында 10-13 жас аралығындағы үш бала да сұралды, үшеуі де: «Біз ата-анамызды кішкентайымыздан көрген емеспіз, қазіргі таңда көрген күнде де оларды танымаймыз», – деп тіл қатып, әкелерін ата-аналық құқықтан айыруға бірауыздан келісімдерін берді.

Бұл жай ғана сөзбен қағазға түсіріле салған жолдар болғанымен, сол сәтте кінәсіз балаларды тыңдап отырған тәрбиешісі де, прокурор да көз жастарын жасыра алмай жылап отырды. Бесіктен белдері шықпай жатып осынау өмірдің ащы дәмін татып үлгерген ағайынды үшеудің бір-біріне сүйеніш, қорған болуды қазірден үйрене бастағандығын сезінгендей болдық.

Өкінішке қарай, жәудіркөздердің нағашы апасы мен өз ата-әжесі де тірі. Олардың да ешқайсысы балалардың жайын білу үшін бір іздеп келмеген.

Біз күнделікті жұмыс барысында осындай талай тағдырмен, талай жанмен бетпе-бет келіп жүрміз. Мәселе олардың бәрін тізбектеп айтып, жарияға жар салу емес. Мақсатымыз – осындай жағымсыз оқиғаларды көпшілікке жеткізу. Ащы суға тойып алып өз есімін де, бауыр еті – баласын да ұмытып кететін, тіпті балапандарын қорлайтын әке-шешелердің адамдық қасиеті мен иманын ояту.

Айналамызда бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыпты қаншама! Ойланайық, ағайын, бала – ойыншық емес!

Мерей ТОҚТАҒҰЛОВА,

Алматы облысының

№1 кәмелетке толмағандардың

істері жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының судьясы.