«Бизнестің жол картасы-2020»   Шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейеді

Елбасы Жастар жылына қатысты салтанатты жиында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған гранттар көлемін арттыруды тапсырып, бұл мүмкіндік арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жас азамат бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатынын айтқан болатын. Осылайша, олардың төрттен бірі, яғни кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастауға мүмкіндік алмақ. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобаларына жастардың неғұрлым көбірек келуіне септігін тигізбек. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар бастау алып, республикалық және облыстық бюджеттен қайтарымсыз гранттар бөлінді.

Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында еліміздегі жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер мен көрсетіліп жатқан көмектің нәтижесінде ірі бастамалардың сәтті жүзеге асқандығын атап өткен болатын. Сондай-ақ ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесін алға тартып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді.

«Жас келсе – іске» деп жатамыз. Қазіргі таңда жастардың шағын және орта бизнесті дамытуына мүмкіндік мол. Дегенмен әлі де кәсіпкерліктің түрлі салаларын дамыту, оған жастарды ынталандыру, жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу – өзекті мәселе. Бұл орайда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша жастардың жылы аясында өңірде қолдау күшейіп отыр. Мәселен, аймақта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 АЕК мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаржы бөлініпті. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды және бизнес-инкубациялау шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік грант түріндегі қаржы бөлінген. Аталған бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға үміткер шағын кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын құжаттар тізімі Тараз қаласы мен аудандарға жолданып, жергілікті жерлердегі «Жастар ресурстық орталықтары» грант беру механизмдері бойынша толық ақпараттандырылған.

– Жастар жылын өткізуге байланысты ҚР Үкіметінің қаулысымен арнайы Жол картасы бекітілген. Осының аясында 2019-2021 жылдарға арналған облыстық арнайы Жол картасы жасалды. Ондағы ең негізгі өзекті мәселелердің басым бөлігі жастар кәсіпкерлігін дамыту, олардың кәсіпкерлік қабілеттерін шыңдауға бағытталған. Соның нәтижесінде тың бастамалар қолға алынып отыр. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 303 миллион қайтарымсыз грант есебінде бөлінді. Бұл қаржы 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің бизнес идеяларын іске асыруға арналған. Сол секілді 3 миллионға дейінгі қайтарымсыз грант ретінде республикалық бюджеттен 21 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар NEET-жастарға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Осылайша, өңірде қос бағдарламаны қоса есептегенде жастар кәсіпкерлігін дамытуға 490 миллион теңге бөлінді, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.

Айта кетерлігі, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге берілетін 3 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантты беру ережесі ҚР Үкіметінің қаулысы мен қағидаларына сәйкес жүргізіледі екен. Аталған грантты алатын талапкерлерді іріктеу конкурсы ағымдағы жылдың 16 мамыры мен 6 маусым аралығында жүргізіледі. Ол үшін талапкер бірқатар құжаттарды өткізуі тиіс. Атап айтсақ, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебековтің айтуынша, конкурсқа қатысатын кәсіпкер өтінімі, заңды немесе жеке тұлға ретінде тіркеуге алу туралы хабарландыру көшірмесі, бюджетке міндетті төлемдер бойынша қарызының жоқтығы туралы анықтаманың көшірмесі, сондай-ақ өтінім берген кездегі жалдамалы қызметкерлерінің орташа саны туралы анықтама, бизнес жоспары, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» немесе «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында кіріспелік негіздерді оқығандығы туралы сертификаттың көшірмесі, кәсіпкердің ағымдағы шотында қаражаттың бар екендігі туралы анықтамасы болуы қажет. Сондай-ақ осы қайтарымсыз грантқа қол жеткізгісі келетін кәсіпкер ісін жаңадан бастау үшін бағдарлама талаптарына сәйкес қаржының 10 пайызын өзі қосуы қажет. Бұл құжаттарды конкурстық комиссиялар қарайды. Айта кететін болсақ, олардың қатарында атқарушы билік, бұқаралық ақпарат құралдары және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері бар екен.

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлініп отырған грант негізінен 29 жасқа дейінгі ауыл жастарына арналған. Бұл грантты алушылар санын анықтау үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аудандарға ұсыныс тастап, 329 жасқа 166,1 миллион теңге қарастырыпты. Тілге тиек ете кететін жайт, грантты алушылардың саны мен қаржысы нақтыланғанымен ережесі әлі бекітілмепті. Өз кезегінде жауапты мамандар оның ережесін осы айдың соңына дейін бекітетіндерін айтуда.

– Қаржыны беру жолдарына келсек, азамат аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтінішпен қайырылуы қажет. Сосын өтініші, жеке басын куәландыратын құжаты, салық комитетіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, мекенжай анықтамасы, бизнес жоспары мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқу курсынан өткендігі туралы сертификаты қабылданады. Яғни, жұмысшы мамандықтар бойынша машығы болуы керек. Осылайша, жұмыспен қамту орталығы аталған құжаттарды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өткізеді. Өз кезегінде палатада құрылған комиссия 5 күннің ішінде шешім шығарып, құжаттарды жұмыспен қамту орталығына кері жібереді. Оң нәтиже көрсетіп қабылданған өтініш иелеріне қаржы олардың дербес есеп-шотына аударылады. Шындығында, бұл қаржы негізінен шаштараз, аспаз сынды кәсіп иелерінің құрал-жабдықтарын алуға негізделген. Бірақ грант ауылдық жерге арналғандықтан мал сатып алуға да рұқсат алдық, – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков.

Мемлекет кәсібін ашып, оны ары қарай дөңгелетемін дегендерге осылайша жағдай жасап отыр. Ендігі жерде бизнес идеясы бар жастар осындай қолдаудың шарапатын сезініп, өзіндік жұмыстың өзегін жандандыруы қажет-ақ.

 

Төлен Дедек