БҚО жодарының 73 пайызы қанағаттанарлық жағдайда
Батыс Қазақстан облысында күрделі жөндеуден өткен «Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» республикалық жол бағыты жыл соңына дейін жұмыс істей бастайды.
Нақты айқындалған стратегия мен орасан зор ресурстарға ие болғанымен жолының жағдайы нашар болса ел дами алмайды. «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады», деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтіп, елдің транзиттік әлеуетін нығайту шеңберінде жол құрылысының қарқыны мен сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Биылғы жылы Батыс Қазақстан облысының жолдарындағы жұмыстар бұрын-соңды болмаған ауқымда және қыруар қаржыландыру көлемімен жүргізіліп, оған көктемгі су тасқыны да тосқауыл бола алмады. Оған мысал ретінде ұзақ мерзімді негізгі жол құрылысының аяқталуын айтуға болады.
Соңғы уақытқа дейін облыстың оңтүстік, ең шалғай аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын асфальтталған тас жол болмаған. Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары Оралға қара жолдың бойымен 12-14 сағат бойы қатынайтын. Және бұл ауа-райының қолайлы жағдайында ғана. Ал жауын жауын, арты лай-батпаққа айналған кезде кей жерлермен жүру мүмкін емес еді.
Проблемалық мәселенің шешімі 2018 жылы шешіліп, жұмыс жоқтан бар жасағандай қозғала бастады. «Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» және «Онега – Бисен – Сайхын» автожолдарын күрделі жөндеу аясында 245 шақырымдық учаскені жөндеу жоспарланған болатын. 2019 жылы басталған жол құрылысы үш жылдан кейін аяқталуы тиіс еді.
Ауқымды жоба облыс басшылығы мен Үкіметтің жіті назарына алынды. Осылайша, инертті материалдар мен битумдарды жергілікті жерден ғана емес, көршілес Ресейден де алып, жеткізу мерзімі мен тасымалдау шығындарын азайту қажеттігі туралы шешім қабылданды.
Өткен айда республикалық маңызы бар үшінші санаттағы «Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасының» 95-ші шақырымынан 138-ші шақырымына дейінгі 42,2 шақырымдық учаске салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Сондай-ақ «Қазталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» бағытының екінші учаскесінде нөлдік шақырымнан 95 шақырымға дейінгі аралықта жұмыстар аяқталып келеді.
Бағытты қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде учаскелерге 180-ден астам арнайы техника, 200-ден астам жұмысшы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер жұмылдырылған.
Жуырда облысқа жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев жолдың қазіргі жағдайымен танысып, оның бірқатар учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс жасады.
Жалпы облыс бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 73 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш ұлғаяды.
Жасұлан Бақытбек