Бокс бәсекесі қос қоламен қорытыланды

Қазақстанның бокс құрамасы екі қола медальді қанжығалады. 91 келіден жоғары жуан жұдырықтылар финалға берілер жолдаманы сарапқа салып еді, біз сенім артқан Иван Дычко қатарынан екінші Олимпиадада Ұлыбритания боксшысына жол берді. Финалда Джозеф Джойстың белсенділігі, Дычконың алдыңғы раундта-ақ шаршап қалуы жерлесіміздің жеңілісіне алып келді. Ал, әйелдер боксында 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дариға Шәкімова 17 жасында Лондон Олимпиадасында чемпион атанған, тәжірибелі АҚШ-тың былғары қолғап шебері Кларесса Шелдстан айласын асыра алмады.

дариға

Кездесу басталғаннан-ақ, ширақ қимылымен көзге түскен К.Шелдстің жеңісіне ешкім күмән келтірмеген болар. Десе де, қазақ қыздарының арасынан Марина Вольновадан кейін жүлде салған Дариғаға отандастарының өкпесі жоқ. Сөйтіп, Қазақстанның бокс құрамасының Олимпиададағы жорығы аяқталып, бәйгеге қосқан 12 сайыпқыранның (екеуі қыз) бесеуі жүлде салды. Атап айтқанда, Данияр Елеусінов алтын, Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов күміс, Иван Дычко мен Дариға Шәкімова қоланы еншіледі.

«ЕлАна»