Болашақ біздің қолымызда  

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуы рәсімінде: «Көз алдымызда цифрлы қоғам мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туып келеді.Біздің ел уақыттың осы талаптарына сай болуы тиіс. Сондықтан қабылданып жатқан барлық күш-жігер елді болашақ серпіліске әзірлеуді діттейді және қуатты Қазақстанды құруға бағытталған. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты…Қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты…» деген болатын. Бұл Қазақстанның әлемге танылуына жол ашатын бірден-бір мүмкіндік.

Ел іші болған соң өңірімізде ойы озық, қиялы ұшқыр жастардың болмауы мүмкін емес. Осыны ескерген «Қазфосфад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жастар жылына орай өндіріс саласында жүрген озық ойлы, өнертапқыштық қасиеті бар жасы 35-ке дейінгі азаматтар арасында «Болашақ біздің қолымызда» атты конкурс өткізді. Жалпы, «Қазфосфад» ЖШС-нда 6 223 адам еңбек етсе, оның 2 167-сі 18-35 аралығындағы жастар. Конкурстың алғашқы кезеңінде осы компанияда жұмыс істейтін 70-ке жуық жас конкурстың бірінші кезеңінде өздернің 59 креативті жобаларын ұсынып, соның ішінде 35-і ақтық сынға өткен болатын. Кеше аталған серіктестіктің Минералды тыңайтқыш зауытында финалға өткендер дің өз жобаларын арнайы құрылған комиссия алдында қорғады. Аталған комиссияның және «Қазфосфад» ЖШС-ның басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов бұл Жастар жылына арналған ауқымды жоба екенін айта келе, ақтық айналымға шыққандарға сәттілік тіледі.

– Жобаның мақсаты – Компанияда еңбек ететін жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау. Көшбасшылық қабілетін арттырып, іскерлік белсенділігін, қарым-қабілетін, жобалау дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық ұжымда әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, идеяларын қанаттандыру. Бұдан бөлек жастардың идеясы арқылы қоғамдағы немесе компаниядағы техникалық, экономикалық, әлеуметтік секілді сан түрлі саладағы өзекті мәселелерді шешу. Осы конкурстың арқасында жастар тек қызметкер болып қана қоймай, өзекті мәселелерді шешуде басшылық қабілетке ие екенін де көрсете алатынына сенімдімін. Бір айта кетерлігі, көптің көңілінен шыққан жобалар қаржыландырыла ма жоқ па? Ол жүзеге аса ма аспай ма? әзірге белгісіз. Десе де осында комиссия мүшесі ретінде және кім қандай жоба ұсынғанын көруге Тараз қаласының әкімдігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы секілді бірқатар мекемелерден арнайы келіп қатысып отырған азаматтар бар. Солардың тарапынан келешекте бизнес немесе әлеуметтік салаларда үздік жобалар қаржыландырылып жатса, мұның пайдасы көп деп айта аламын. Негізінен, үздік жоба иелері басшылық тарапынан үш жүлделі орын және екі арнайы аталым бойынша марапатталады. Биыл алғашқы мәрте өткізіліп отырған жоба өз жемісін беретініне сенімдімін, – дейді комиссия төрағасының орынбасары, «Қазфосфад» ЖШС директоры Ескендір Мұқашев.

Өздерінің креативті идеялары мен ұтымды ұсыныстарын көптің талқысына салған өнертапқыштың бірі – «Қазфосфад» ЖШС Минералды тыңайтқыш зауыты бас энергетигінің орынбасары Абзал Қонысбаев. Ол өз жобасында өндіріс орнындағы жүк көтергіш механизмдердегі пайдаланылатын сымдарды алып тастап, оның орына қабылдағыш және жібергіш сигналдарды енгізу арқылы механизмді пультпен басқару ұсынылғанын айтады.

– Конкурсқа жастар экологиялық, әлеуметтік, техникалық, электрлік, механикалық және өндірістік секілді салалар бойынша өз жобаларын әкеліп қорғап жатыр. Негізінен менің жобам сымсыз басқару деп аталады. Бұл жүк көтергіш заттарды пульт арқылы алыстан басқару. Аталған жаңа құрылғы алғаш Минералды тыңайтқыш зауытында қолданысқа енгізіліп, қазір өңірдегі өндіріс орындарының сексеннен астам нүктелерінде пайдалануға енгізіліп үлгерді. Осы құрылғы арқылы 600-900 келілі тартатын жүкті ашық вагондарға артуға болады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін артыратыны анық, – дейді Абзал Қамбарұлы.

Конкурс нәтижесінде І орынды Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндіріс бөлімінің инженері Роман Сырцов жеңіп алып, 300 мың теңге жүлде қорымен марапатталса, ІІ орын Минералды тыңайтқыш зауытының лаборанты Вера Далингерге бұйырып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Қаратау тау-кен өндірісінің бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы Нұргелді Саттарханов ІІІ орынға лайық деп танылып, 100 мың теңге иемденді. Бұдан бөлек Жаңа Жамбыл фосфор зауытының лаборанты Ақтолқын Дәулетова «Үздік әлеуметтік жоба» және . «Қазфосфад» ЖШС Тараз офисінің бағдарламашы-кеңесшісі Әнел Ержанова «Әлеуметтік маңызы бар жоба» аталымдары бойынша марапатталып, оларға да 100 мың теңгеден берілді.

 

Төлен Дедек