Болашақ — білімді жастардың қолында
Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Баяндин Марат Асылбекұлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінің Талас ауданындағы көшпелі іс—шаралары бағдарламасы аясында Қаратау гуманитарлық—техникалық колледжінің білімгерлерімен кездесті.
Болашақтың кілті, елдің ертеңі — білімді жастар. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты болғандықтан Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың тәрбиесі мен біліміне аса көңіл аударуды талап етіп жатыр. Қазіргі уақытта жастардың сапалы білім алуы, дұрыс мамандықты таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы мемлекеттің болашағы үшін ең өзекті тақырыпқа айналды. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін жасалып отырған бағдарламалар Қазақстан жастарына арналған тамаша мүмкіндік. Жастар табанды еңбек етіп, елімізде болып жатқан оңды үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізе алады. Сонымен қатар, жастар қоғамға пайдасын тигізіп, алған білімін еліміздің өркендеуіне жұмсайтын болса, онда келешегіміздің кемел болатыны сөзсіз. Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Аталған бағытта ой өрбіткен Марат Асылбекұлы соңғы жылдары елімізде орын алып жатқан оң өзгерістер мен жаңашылдықтар жөнінде кеңінен ақпарат бере отырып, білімгерлердің сұраныстарына қарай мәселелерге жекелей тоқталып өтті. Жиын соңында Марат Асылбекұлы білімгерлер тарапынан қойылған сұрақтар толыққанды жауап беріп, алғысын жеткізді.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі