Болашақта «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүр орталығын» құрғым келеді

Астанадағы 1,5 млн. халықытң ішінде қашан көрсең қазақтың ұлттық киімін үстінен тастамай жүретін «тынымсыз Тұрар» атанып кеткен, жүзі шуақты, бойында тектілік пен парасат тұнған Тұрар Саттарқызы деген ұлтжанды, қазақтың қайсар қызы тұрады. Жақында бір ретін тауып, былайғы жұртқа бөтендігі жоқ сол әпкеммен әңгімелесіп қайтып едім. Сұхбаттың ұзын-ырғасын қағазға түсіріп, назарларыңызға ұсына кетуді жөн көрдім.

Әңгімені қазіргі таңда елордалықтарды қойып Республика көлеміне танымал болып үлгірген «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің қалай құрылғандығынан бастасақ деп отырмын…

-«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі отбасы институтының мәртебесін көтеруге және ұрпақ тәрбиесі мәселесіне басты назар аударып, нәтижесіз күресті қойып тәрбиемен айналысып, отбасы құндылықтарын сақтайтын жұмыстармен шұғылданып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ қоғаммен байланысты 2011 жылдары бастағанымды да айтып өтейін. Адам кейде  қоғамдық жұмыстарға ұрпағының болашағына алаңдағаны тереңдеп араласатындай тұрады. Менің екі ұлым бар. Олар дүниеге келген сәттен бастап, «Ертең менің балаларым қандай қоғамда өмір сүреді? Олардың достары, ортасы, болашақ жұптары кім болады?» деген ой мазалай бастады. Қоғамдық жұмыс балаларыңның балабақшасы мен мектебіндегі белсенді ата-ана болудан басталады екен. Екі ұлымның балабақшасынан басталған белсенділік, кейін мектепте ата-аналар ұйымының  төрайымдығымен жалғасты. Бұдан соң Астана қаласындағы мектептерге, балабақшаларға дәріс оқып, қоғамдық жұмысқа араластым. Сөйтіп жүріп ұрпақ тәрбиесінде кетіп жатқан кемшілікті осыдан 15-20 жыл жыл бұрын байқағанмын. Сол кезде-ақ дабыл қаға бастадым, аяғым жеткен мінберлерде айтып та жүрдім. Бірақ ол кезде «Не айтып тұрсыз, қандай ұлттық құндылық, қандай ұлттық тәрбие? Жаһандану келе жатыр. Түптің-түбінде бір ұлт боламыз. Тіл не керек, діл керек?»- дегендер болды. 30 жыл ішінде барымыздан айырылдық. Білім саласы «эксперимент алаңына», ал балалар «эксперимент қояндарына» айналып, тәрбие мәселесі ысырылып қалды. Тек білім, білім деп жүрдік. Енді келіп «ойбуй, қатігез, мейірімсіз, қайырымы жоқ, үлкенге құрметі жоқ, тәрбиеден жұрдай ұрпақ қайдан келді?» деп дабыл қағып жатырмыз.

Отыз жыл бойы жас ұрпақты ұлттық құндылығынан айырып, «ұраншыл, жалған патриоттықты насихаттап, өтірік ақпар, есеп беретін, бізде бәрі тамаша» деген нәрсені сіңірдік. Енді келіп, айналасына немқұрайлы қарайтын, қатігез, тасбауыр  ұрпақ қайдан шықты дейміз. Қайдан шықсын, біз кінәліміз. Ісімізбен сөзіміз үйлеспесе, өзіміз өнеге бола алмасақ, жастар, шеттің қаңсығын, таңсық етпегенде қайтсін?!

 

 

Осы тұрғыда, ұлт болашағының кемел болуына үлес қосатын, ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесімен айналысатын, ұлттық құндылықтарымызды түгендейтін, тарихи санамызды жаңғыртатын, қазаққа тән ұлттық кодты ұлықтайтын «Қара шаңырақ» ұлттық жобасын жасадым. Ол кезде Сарыарқа ауданының  тұрғынымын. Аудан әкімі Егемберді Ерғали деген азаматқа жобамды таныстырып, қаладағы ұлт жанашырларының басын қосып бір жиын өткізейін деген ойымды айттым. Ол кісі әкімдіктің жиналыс бөлмесін беріп, 2019 жылы 7 қыркүйекте өткен сол жиынға өзі де қатысты. Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ұлт руханиятының нағыз жанашыры, марқұм Мырзагелді Кемел, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғалым, ұстазым Жамбыл Артықбаев ағаларым бастаған бірталай адамды жиып алып «Қара шаңырақ» жобасы жайлы айттым.

Марқұм Мырзагелді Кемел ағамыз сол Сарыарқа аудандық әкімдігі ғимаратында өткен алғашқы дөңгелек үстелде «Қара шаңырақтың» құрылуына шын ниетіммен батасын беріп, «сенің қолыңнан келеді, қарындасым», деп үлкен сенім артып, рухани күш берген еді. «Қара шаңырағымыз шайқалып тұр, айналайындар, оны түзу, биік ұстау, әр қазақтың қолында»,-деген әр қазақтың жанын жылатып, жүрегіне ой салатын сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Аз ғана уақыт ішінде Мырзағам рухани әкеме, ақыл берер данагөйіме айналды. Әрдайым жол көрсетіп, ақылын айтып, ықыласын аяған жоқ. Бірде Мырзағам: «Қарындасым, сен 25 жыл бұрынғы менсің,-дегенінде, аға, мен не ер-азаматқа ұқсап тұрмын ба?»,-деген әзіл-шынды сұрағыма, менің ойымдағы дүниені айтып, көтердің, ризамын, осы жолдан тайма, тоқтама,-деп еді. Бір жиынымызда мені төрге шығарып, «қарындасым, енді  сенің орның төр» деп, мені қояр да, қоймай төрге отырғызып қойған. Бұл әрекетінің мағынасын кейін ұқтым. Төрге шығару арқылы марқұм Мырзағам мойныма үлкен рухани жүк артыпты. «Сенің қолыңнан келеді, сен осы рухани жүкті ұрпаққа жеткізушісің, ұлттық құндылықты насихаттаушысың, қоғамдағы рухани сауықтырушысың» деп кеткендей, жан аға! Өйткені қазақтың «Қара шаңырағының» жүгі ауыр, жолы қиын екенін сәт сайын сеземін. Қазақ қызын  «қарындас» деп құрметтейтіндер азайған заманда сізді сағынамын, аға! Мырзағамдай қазаққа нағыз жанашырымыз болғанда «Қарашаңырақтың» төрінде қасқайып отырып, ақылшымыз болар еді-ау, біз үшін жабық есіктер ашылар ма еді-ау!,-деп жабығатын күндерімде болады. Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, Мырзағам!» деп жиі еске аламын.

2020 жылы 20 наурызда «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігін заңды тұрғыда тіркеп құрдық. Сол уақыттан бері жұмыс істеп келеміз.

«Қара шаңырақ» ұлттық жобасының мақсаты – сана-сезімі қалыптасқан, елдік мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастырып, өткеніміз бен қазіргімізді сабақтастырып, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген заманауи толық кемел тұлғаны тәр¬биелеу, ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп,  ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятып, Отанын шексіз сүйетін және қазақ болғанын мақтаныш ететін азат ойлы, тәуелсіз ұрпақ тәрбиелеп, ұлттың санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру.

Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында қазақ қоғамының ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасат¬ты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасы¬ның өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.

«Қара шаңырақ» бұл – кешегі індетте өмірден өткен қазақтың біртуар ұлы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, рухани ағам Мырзагелді Кемел ағамыздың ақ батасын алған «Қара шаңырақ».

«Қара шаңырақ» бұл – ұлттың болашағын, ұрпағының ертеңін ойлайтын барша арда қазақ қолдайтын ұлттық жоба. «Көп түкірсе – көл» дейтін халықпыз ғой, «ұлтым деген қазақтың ұл-қыздары- жанашырлары» барда, қазақтың Қара шаңырағы шайқалмайтынына және ұлттық құндылығымыздың өшпейтіне сенемін.

 

 

-Ұрпақ тәрибесі дегенде ғасырлардан жалғасып келе жатқан жастарға көңіл томаушылық па әлде шынымен тәрбиесіз жастар өсіп шықты ма ма, әйетуір жағдай күрделіленіп бара жатқандай…

Үнемі қоғамдық көлікпен жүремін. Байқағаным, орын бермеген жастарды көрген үлкендер «Өй, оңбаған, тәрбиесіз, неге үлкенге орын бермейсің?»- деп ұрсады. Жастар оған ерегесіп қатты жауап беріп те жатады. Сол үлкендерге «Аға, апа, жастарға ұрспаңыз. Неге ұрсасыз. Орын беру, үлкенге құрмет көрсету дегенді оларға үйретпеген, өз өнегемізбен көрсете алмаған ерсектер, мына сіздер мен біздер кәніліміз» деймін. Шынында да, «мынау адам неге маған ұрсады» деп үлкенге орын беру кейбір жастың ойына кіріп те шықпайды. Неге? Өйткені қай ата-ана, ересек адам, мектепте ұстаз күн сайын балаға «үлкен құрмет көрсет» деп айтып та және өз ісімен көрсетеді. Сөзбен де, іспен де үлкенге құрмет жасап жатқанды көріп өскен ұрпақ құрметтеуді үйренеді. Қоғамдық көлікте айналасында қарттар тұрса да, жас аналар балаларын жанына отырғызып алып жатқанын көремін. Соны көріп өскен бала ертең үлкенге құрмет көрсете ме?

Қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтардың өлшемі — «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген адамгершілік кодекс болған. Осы ұстанымнан ауытқымай, арлы, намысты, рухы биік ұрпақ тәрбиелеген. Аталы сөзге тоқтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен. Бүгінде сол данышпан бабалар аманатына қиянат жасадық. Ұрпағымыздың тамырына өз қолымызбен балта шаптық. Бір өкініштісі, біздің салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылығымыз тек наурызда ғана керек. Одан кейін бір жыл бойы «жылы» жауып қоямыз. Содан кейін жастар дәстүрді қайдан білсін? Құндылықты қайдан көрсін? Ана тілі мен ділін қайдан құрметтесін?

Отыз жыл бойы «күресетін» орталықтар аштық. Жемқорлықпен күрестік, зорлық-зомбылықпен күрестік, суицидпен күрестік. Нәтижесі қандай? Статистика азайды ма? Жоқ, жылдан-жылға көбейіп барады. Ал әр санның артында ұрпақ тағдыры тұрғанын ұмыттық.

Жақында шәкіртім «Ұстаз, өз елімізде жүріп ұлттық құндылық мәселесін, ана тілі мәселесін көтеруден асқан сорлылық бар ма, ол болуы тиіс нәрсе ғой?» деп сұрады. Шынында да жас буын өкілінің айтып тұрғаны жүрекке ауыр тиетін сөз. Қарап отырсам, «тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық» деп қуанып жүрсек, сол жылдар ішінде қазақты тамырынан айыру, тілі мен ділінен ажырату, ұлтсыздану саясаты жүргізілген сияқты. Бүгінгі қазақ қоғамында неше түрлі теріс ағымдар мен псевдомәдениет жастардың санасын улап, теріс жолға түсіріп жатыр.

Ұрпақ болашағына алаңдайтын, қазақтың анасымын. Қоғамда болып жатқан мәселелерге бейжай қарай алмайтын, қоғамның бір мүшесімін. Мемлекеттің болашағын ойлайтын азаматпын, қазақтың қазақы болмысынан ажырап, тамырынан үзілмеуін уайымдайтын қазақпын. Кейде маған кейбіреулер «Неге қара аспанды төндіре бересің?,-деп жатады. Шындығында, қоғамда көп нәрсені көзімнен көргеннен кейін, үндемей отыра алмаймын. Өскелең ұрпаққа, жастарға қатысты нәрседен қашанда хабардар болуға тырысамын. Сондықтан жастар ұйымдастырған түрлі шараларға қатысамын.Көп адам көре білмейтін нәрселерді көріп, естігенде шок болатын жағдайларда болады.

Бүгінгі қазақ қоғамында неше түрлі наным-сенімдегі топтар мен түрлі ағымдар бар. Бір ұлттың осылай бөлінуі -болашағымыз үшін өте қауіпті. Бүгінгі күні көп нәрседен айырылып қалдық. Оларды енді түзей аламыз ба?,-деген ой қатты мазалайды.

Ұлттық құндылықтар туралы ұғым адам болмысының негізіндегі рухани иммунитет болып саналады. Жастарды теріс  идеологиялардан сақтандыру және оларға қарсы иммунитет қалыптастыруымыз үшін дәстүрлі құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді жан-жақты кеңінен насихаттауымыз қажет.

Ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғамды, мемлекетті терең ойлантуы керек. Ұлтты біріктіретін ұлттық идеология болмай, балабақша, қоғам осылай жіктеле бермек. Сан ғасырлар сынынан өткен қазақтың ұлттық құндылығы, ұлттық тәрбиесінен артық не керек?!

-Қазір нақты қандай жұмыстармен айналысып жатырсыздар?

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі отбасы институтының мәртебесін көтеруге және ұрпақ тәрбиесі мәселесіне басты назар аударып, отбасы құндылықтарын сақтайтын жұмыспен айналысып келе жатқанына біраз жыл болды. Қаражат бар ма, жоқ па дегенге қарамаймын. Мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында дәрістер өткіземіз. Есіктерді қағып жүріп, сайыстар өткіземіз. Басқа облыстар шақырады. Оларға да шығып тұрамыз.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің    «QAZAQ alemi», «Ертегі – ел ертеңі», «Ана алақаны», «Қара шаңырақ», «Өнегелі ата-ана -өрелі ұрпақ», «Ұлағатты ұрпақ»,  авторлық жобалары аясында Елордамыздағы  бала бақшалармен және мектептерімен және мекемелерімен, орта арнаулы және жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналар қауымымен жұмыс істейміз. Түрлі рухани-танымдық іс-шаралар, кездесулер, шығармашылық сайыстар ұйымдастырып, жазда «Сарыжайлау» қазақ ауылын тігіп ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсеттік. Қала әкімдігі, аудан әкімдіктері, Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған талай шараларға қатыстық. Қалалық кітапханалармен де тығыз жұмыс істеп келеміз. Көптеген рухани-танымдық дәрістер, іс—шаралар, шығармашылық сайыстарды ұйымдастыруға мұрындық болдық. Жыл сайын мектеп оқушылары арасында «Алаш аманаты – ұрпаққа мұра» тақырыбында сайыс өткіземіз.

Екі жыл қатарынан Астана қаласы мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимовтың, әкімнің орынбасары Есет Байкеннің және Тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің жанашырлық қолдауымен «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасы жүзеге асты. Осы жоба көлемінде батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың ауқымды рухани кездесуін өткіздік. «Балалар жылы» аясында балаларға арналған 50- ден астам іс-шара өткіздік. Былтыр «Балаңды қазақша оқыт» деген жобамен 60-қа  жуық балабақшаға барып, ата-аналармен рухани-танымдық жұмыс жүргіздік. Ұлттық киім шеберлік сабақтарын өткіземіз. Мекемелерге дәрістер өткіземіз.

Жаз маусымында қаламыздан 30 шақырым жердегі орманды алқапта өз күшімізбен «Сарыжайлау» қазақ ауылын аштық. «Баланы ашамайға отырғызу», «Сырға той» (құлақ тесу), «Тілашар» тәрізді қазақтың ұмыт болған қазақ дәстүрлерін көрсеттік. Аталмыш іс-шараларға ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз, қала әкімшілігі, зиялы қауым, жастар мен оқушылар қатысты.

Аз қамтылған отбасылардың балалары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін этнографиялық және экологиялық танымдық сабақтарын өткіздік. «Сарыжайлауымыз» қаладан тыс жерде болып, қонақтардың келіп-кетуі қиындық туғызғанына қарамастан, көптеген рухани іс-шаралар өткіздік. Венгрия, Польша елшіліктерінің қонақтарын күтіп, қазақы дәстүрлерімізді дәріптедік.Университеттер мен коллдеж жастарына «Қыз өссе, елдің көркі» тақырыбында  және отансүйгіштікке тәрбиелейтін басқа да дәрістер өткіземіз. Қалалық деңгейде ғана емес, республика бойынша дәрістер оқимыз. Сонымен қатар, ұлттық құндылық, салт-дәстүр, отбасылық құндылық жайлы подкасттарға, телеарналарға, радиоға спикер, сарапшы ретінде жиі шақырыламын. Ұлттық арналарда ұмыт болған дәстүрлер жайлы айтып, көріністер көрсеттік. Қала әкімдігі, аудан әкімдіктері, ҚХА ұйымдастырған талай шараларға қатысып, салт-дәстүрімізді көрсетіп, ұлттық құндылықты насихаттап келеміз.

Қалалық кітапханалармен де тығыз жұмыс істеп жүрміз. Бірнеше жылдан бері балалар және жасөспірімдер кітапханасы жанынан «QAZAQ alemi» жобасын іске асырып келеміз. Зағиптарға арналған арнаулы кітапханамен бірлескен «Ертегі – ел ертеңі» аудиоертегі оқу жобасын бастап кеттік.

2023 жылы 18 қыркүйекте жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты қалалық ұлттық-патриоттық, рухани-этнографиялық сайыс өткіздік.  Тәрбиелік маңызы зор, тағылымды бұл іс-шараның мақсаты: қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын  заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру, іргесін нығайту, дәстүрлі отбaсылық құндылықтaрды жастар арасында дәріптеу, жас отбасылардың қоғaмдық белсенділігін aрттыру болды. Иә, шара жақсы өтті. Бірақ, ұйымдастырушы ретінде мені қынжылтқан,  сырт көз көре білмейтін «әттеген-айлар» да болды…

-Қыруар игі істерді тындырып жүр екенсіздер, қоғамнан қаншалықты  қолдау көріп жатырсыздар?

Әдетте «Ұлттық құндылық құрып барады, ұлттың болашағы не болады?»,-деп мінберден ұрандатып жүретіндер де, «асанқайғыланып» жазатындар да баршылық. Олар сөзге шешен болғанымен, істе жоқ. Қолдау да жоқ, көрермен болып та келмейді. Қанша баспасөз хабарламаларын жіберіп, хабарласып жатсақ та, мұндай шаралар БАҚ өкілдеріне, әсіресе, телеарналарға да «өзекті» емес. Өзіміз танитын тілшілеріміз келеді. «Ұлтық құндылықтарымыз ұлықталып жатыр!» деп сүйіншілеп жазып, көрсететіндер жоқ. Айтпақшы, мұндай шаралардан билік өкілдерінің де, «бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан» ассамблея өкілдерінің де төбесін көрмейсіз. Бір сөзбен айтсақ, өз қазанымызда «өзіміз қайнап» жатырмыз.

«Жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай» сайысын өткіземіз» деп 1 ай бұрын жарияладық. Күнде болмаса да, күнара әлеужеліге пост шығарып, алдымен қатысушы іздедік, кейін көрермен шақырдық, БАҚ өкілдерін шақырдық. Оңай болған жоқ.

Ал бастысы, бұл сайыс біздің қоғамның рухани бет-бейнесін ашып берді. Ұлттық құндылықты ұғатын, салт-дәстүр білетін жастар өте аз. Осыған көзіміз анық жетті. Неге? Сайыс жариялағаннан кейін қатысушы табу қиын болды. Жастар арасында «Біз салт-дәстүрді білмейміз, қатыса алмаймыз» дегендерін естідік. Сөйтіп, білім басқармасы арқылы мемлекеттік балабақшаларға шығып қатысушылар табылды. Өз еркімен қатысқан екі-ақ отбасы болды. Бұл дегеніміз, қазіргі 30 жасқа дейінгі жастарымыздың дені ұлттық құндылықты білмейді, ұлттық тамырынан ажырағанның белгісі. Бұл ұлт болашағы үшін өте қауіпті құбылыс. Бұған көз жетті.  «Қара шаңырақтың» жұмысы жүз еселеніп жүруі керек екенін түсіндім,

Колледж бойжеткендерінің арасында «Шашбаулым» сайысын өткіздік. Онда да байқағаным осы тенденция. Қыздарымыз қарапайым этнографиялық, тарихи сұрақтардан «сүрініп» жатты. Бұл өскелең ұрпақтың кінәсі емес. Үйретпеген үлкендер кінілі, отбасы, қоғамның жіберген қателігі. Тұтас бір ұрпақ ұлттық құндылықтан жұрдай боп өсіп шығыпты. Бүгінде олар ата-ана болып отыр, ұрпағына берер ұлағаты, рухани тәрбиесі жоқ. Не істеу керек? Тәрбиені бесіктен бастауымыз керек. Бүгінгі бесігіміз – балабақша. Этнопедагогика, этнопсихология мамандарын даярлауымыз керек. Балабақшадан бастап ұлттық педагогика оқытылуы керек. «Өрлеу» тәрізді ұстаздар мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыру курстарында осы пәндерді оқыту керек. Осы ұсыныспен оқу-ағарту министрлігіне де бардым.

Ал енді сайысты республикалық деңгейде өткізуге келетін болсақ, қолдау болса, бәрін жасауға болады, әрине. Тек ұлт құндылығына жаны ашитын, нағыз рухани меценаттар табылып жатса, шіркін?! Идея да, бастама да көп. Көптеген жобаларымызды қаржы тапшылығынан жүзеге асыра алмаймыз. Өкініштісі, бізде мемлекеттік гранттар берілетін жобалар қатарында ұлттық құндылықты дәріптейтін осы бағытта жұмыс істейтіндерге бүгінгі күнге дейін болған жоқ. Және әсіресе қазақ тілді жобалардың ахуалы қиын. Мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражатты біз сияқты жобалар ала алмайды. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жұмысы халық тарапынан қызу қолдау тапты. Әрине бәрі жақсы деуге болар еді. Бірақ «Қара шаңырақ» деген қастерлі ұғымды ту етіп жүрген бірлестіктің табан тірер орны, көтерер шаңырағы болмауы қынжылтатын жағдай болды. Өйткені жұмысыңды кеңінен жүргізу үшін өз орның болуы қажет.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүр орталығын ашу жайлы ұсыныспен бармаған жеріміз, баспаған тауымыз, ашпаған есігіміз қалмады десем артық айтпаймын. Талай хат жазылды, талай сөз естідік. Дегенмен, «Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие бұл – ұлттың қорғаны» деген ұстаныммен, біздің жанайғайымызды еститіндер табылар, үмітіміз ақталар деген оймен ұлт болашағы, ұрпақтың ертеңі үшін жұмысымыз бір сәтте те тоқтатқан жоқпыз. Ұлт болашағын ойлайтын жанашырларымыздың рухани қолдауы мен бізге деген сенімі қашанда демеу. Халықтың алғысы мен шексіз ризашылығының арқасында мойымаймыз. Сүрінсек, қайта тұрамыз. «Қара шаңырақтың»  жеңісі алда екеніне сенеміз.

Қай жерде де ұлттық құндылықты қолдаушы халқымыз бар, жанашыр аға, әпке, бауыр, сіңлілеріміз бар. Сондай жанашыр жандардың арқасында бүгінде «Қара шаңырақ» десе, Тұрар Сәттарқызы дейміз» нағыз қазақтарым баршылық.

 

 

Қазақ құндылығына жанашыр халқыма тағы бір жаңалығымды айта кетейін. 20 желтоқсаннан бастап Ұлытау облыстық телеарна басшылығы, ұлт жанашыры, телевидение саласының майталманы Базаркүл Үмбетова апайымның қолдауымен «Ертең» деген таңғы танымдық ойын-сауық бағдарлама ашылып, сол жерде «Тұрарды тыңдайық» деген айдарда салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар жайлы айтып жатырмын. Осындай жанашыр жұртым бар да, ұлттық құндылығымыздың жасай беретініне сенемін.

Жақында Астанадағы «Дінді зерттеу орталығы» хабарласып, деструктивті діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге және олардың жақын ортасына консультациялық, оңалту, әлеуметтік-атаулы, заңдық, теологиялық және өзге де көмек көрсету аясында ұлттық сананы енгізу арқылы қоғамдағы діни экстремизм мен радикализм идеологиясына төзбеушілікті насихаттау, профилактикалық және оңалту қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізу жұмысына «Қара шаңырақ» ҚБ серіктес болуға ұсыныс жасады.

Қазақы құндылығымды әлемдік деңгейде танылса деп армандаймын. Өйткені бүгінде жылтыраған, іші қуыс дүниемен ешкімді қызықтыра алмайсың, шетелдіктерді ұлттың құндылықтары, төл ерекшелігі қызықтырады. Қазақтың салт-дәстүрі, этнотуризмді дамытуымыз керек. «Сарыжайлауды» іздеп келген шетелдік қонақтардың пікірі солай болды.

Өзім 23 жыл музей саласында қызмет еттім. Кез келген елге барғанда сол елдің тарихымен, мәдениетімен танысу үшін музейге барасың ғой. Сырттан келгендерді біз жалт-жұлт еткен биік ғимараттарды қызықтыра алмаймыз. Оны олар басқа жерден де көреді. Оларға біздің салт-дәстүріміз қызық,ұлттық киімдеріміз қызық. Ал шындығында, салт-дәстүрімізді де, ұлттық құндылығымызды да өзіміз дұрыс білмейміз.

Айта кеткім келеді, «Қара шаңырақ» ҚБ жанкештілігіміздің арқасында өзін-өзі дәлелдеген, жұмысын көрсете білген үкіметтік емес ұйым, өйткені кейінгі кезде бізбен санасатындар қатары артып келеді. «Сізбен ақылдасайық деп едік, идеямызды айтайық деп едік» дегендер көп хабарласады. Әсіресе «сіздің орталықпен бірлесіп жұмыс істейік» деп хабарласқанда  жүрегім ауырады. Өйткені «Қара шаңырақтың» аты танылғанмен, отыратын орны жоқ. Дәріс оқып жүргенімде жастар «Апай, сіз айтып тұрған дүниенің барлығын қайдан көре аламыз?» дейді. Шынында да, жастар ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді көзімен көрмесе, бойына қалай сіңірмек?

Сондықтан да «Қара шаңырақ» салт-дәстүр және ұлттық тәрбие орталығын ашқым келеді. Ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді көрсету, насихаттау, ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін жерде қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп жүрген, руханият пен ұлттық өнер саласындағы қоғамдық бірлестіктердің басын бір шаңырақ астына жинағым келеді. Әрине, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүрлер орталығына кіргенде «қазақтың иісі аңқып тұрғандай» етіп жасау үшін материалдық, рухани қолдау мен шын жанашырлық керек, қомақты қаражат керек. Оған жаны «қазағым» дейтін, жүрегі «ұлтым, ұлттық құндылығым» деп соғатын, рухани бай, қалталы бауырларымыз болмай тұр, әзір…

-Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінмен өмір сүрмей, ертеңімізді ойлайық. Бүгінгі құлдыраған қоғамды рухани тұрғыда сауықтыру керек екенін,  рухани-ағарту жұмыстарын көптеп жүргізу керек екенін айтқым келеді.Мұндай жұмыстарды көптеп жүргізу керек. «Есеп үшін» жасалатын дүниелерді қоятын, өтірік ұраншылдық, флешмоб, жалған патриотизммен айналысуды қоятын кез жетті. Іс керек! Сөз бен іс біріккенде ғана нәтиже болады.

«Ұлттық құндылық» деп шырылдап жүргендерді дұшпан көрмеу керек, олар өзінің ғана емес, сіздің де, бар қазақтың болашақ ұрпағы қандай қоғамды өмір сүреді, кім болады?,-деп алаңдап жүрген, өздеріңіз сияқты қазақ бауырларың. Басқалардан айырмашылығы — кейбіреулер көре білмейтін, болжай білмейтін дүниені алдын ала біліп қоятыны. «Қоғамды түзетуге титтей де болсын үлесімді қоссам» деген белсенділігі.

Мектеп, балабақшаға барып ертегі оқып, кездесу жасап, ата-аналармен кездескеннен кейін қатты уайымдаймын. Текті қазақтың, болмысы таза ұлттың бүгінгі ұрпағы неге кері кетті? Ертегі оқымайтын, мақал-мәтел білмейтін, ұлттың рухани мәйегінен сусындамаған ертеңіміз қалай болмақ?

Үлкенге құрмет, кішіге ізет қайда, ар, ұят, обал, сауап қайда? Ертеңіміз не болады? Осы ойлар маза бермеген соң, жата алмаймын. Титтей де болсын көмегім болсыншы, бір қазақтың баласына пайдам тисе, ертең ол айналасына айтады. Ақырын-ақырын қоғам солай түзелер деп ойлаймын. Әр қазақ жанымыздағы баланы жақсыға тәрбиелеп жүрсек, бәлкім жақсы болар деймін. Әйтпесе, баласын қоқысқа тастады, зорлады, қорлады, өлтірді,-деген жантүршігерлік оқиғалар күннен-күнге белең алып барады.

Қоғамдағы әр адамды «Кешегіміз қандай еді, бүгінгіміз қандай, ертеңгіміз қандай болмақ?»,-деген сауал ойландыруы керек. Қазақтың қызы ретінде, ана ретінде осы үш сауал маған маза бермейді, кейде ұйқымнан шошып оянамын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін едік, бүгінгі күні бесігіміз қайда барады?  Бесігіміздің киесін кетіріп, ұрпағымыз адасып жүр. Ұрпақ тәрбиесінде қай жерден мүлт кеттік?

Бала кезімде үлкендер мейірімсіздік танытқандарға қатысты «Тасқа желіндеп, мұзға бұзауладым ба?» деген ауыр сөзді айтушы еді. Бүгінде осындай тасбауыр, қатігез балалар жайлы жиі еститін болдық. Қоғамды қатігездік жайлап барады. Біреулер бұл тақырыпты хайп етіп жатса, енді басқалдары «Маған қатысы жоқ, менің отбасымда мұндай жоқ» деп отыра береді.

Бүгінде «Балалардың қатігездігі» тақырыбы «күйіп» тұр. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұл – қоғамдағы жараның әбден ушыққан дерті, іріңдеп, енді жарылып жатқан кесел. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселедегі немқұрайлылықтың салдары. Мәселенің осындай ахуалға дейін жетуіне билік те, қоғам да, ата-ана да, мектеп те, мұғалім де кінәлі. Енді есіміз шығып, жылдар бойы «қисайып өскен» талды қалай түзейміз?,- деп есіміз шығып жатыр.

Ұлт болашағы таразыға салынғанда «сенің балаң, менің балам»,-деп емес, ұлттың баласы деген ой болу керек. Әйтпесе, сенің балаңды қорлап жатырма, нең бар дейтін немқұрайымдылар бар бүгінде.Бүгін бала -ертеңгі ел азаматы. Мемлекеттің тірегі, кірпіші. Ал олардың іргетасын бүгін біз қалап жатырмыз. Оларды отансүйгіш, өнегелі, өрелі, рухты етіп тәрбиелеуде ата-ана да, қоғам да, мемлекет те жауапты.

Ұлттың берік, мығым іргетасы -бүгінгі ұрпақ қолында, ал бүгінгі ұрпақ- біздің буынның қолында. Ал күні ертең олардан алғыс есту, не қарғысына қалу да өз қолымызда!  «Арқамыздағы жүкті жетер жеріне жеткізіп кетелік, келер ұрпаққа ауыр жүк қалдырмалық» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтпақшы, артымыздан ерген ұрпақтың жүгін ауырлатпайық.Ұлт болашағына алаңдасақ, азаматтық қоғам болып бүгін бірігуіміз керек.

Алдағы жоспар дейміз бе, арман дейміз бе, болашақта «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие және салт-дәстүр орталығын» құрғым келеді. Сол жерде ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді көрсетіп, насихаттап, ұрпаққа ұлттық тәрбие беруді қолға алсақ дейміз. Бұл орталықтың жұмысы қыз-қыз қайнап, өскелең ұрпақ ұлт мәдениеті мен руханиятын таныса деген арманым бар.Қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп жүрген, руханият пен ұлттық өнер саласындағы қоғамдық бірлестіктердің басын бір шаңырақ астына жинағым келеді.

Республикалық деңгейдегі этнофестивальдер, ұлттық киімдер фестивалдерін, ұлттық-этнографиялық сайыстар өткізсек. Қазақы құндылығым әлемдік деңгейде танылса деп армандаймын. Өйткені бүгінде жылтыраған, іші қуыс дүниемен ешкімді қызықтыра алмайсың, шетелдіктерді ұлттың құндылықтары, төл ерекшелігі қызықтырады. Қазақтың салт-дәстүрі мен этнотуризмді дамыту үшін «Сарыжайлауды» этноауылын ашқым келеді.

Әрине, оған материалдық, рухани қолдау мен шын жанашырлық керек. Әзірге ондай жанашыр болмай тұр.

-Уақыт шығарып ой бөлісіп жатқаныңызға көп рақмет айтамын! Сізге мықты денсаулық, істеріңізге сәттілік тілеймін!

         Сұхбатты жүргізген: Ерқазы Сейтқали