«Болашақты бастап берген жастық шақ»

 

Бейсенбі Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Елбасының бес қыры» жобасы аясында «Болашақты бастап берген жастық шақ» атты көрме ашылды. Көрмеге үш жүздің басын қосқан Абылай ханның және ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні қойылды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабековтің сөзінше, қос тұлғаның мүсінін елімізге белгілі суретші, мүсінші Айдос Есмағамбетов жасаған. Сонымен қатар, көрмеге Елбасының тарихи кітаптары мен фотосуреттері қойылды. Ұлт көшбасшысының жастық шағынан сыр шертетін көптеген материалдар мен мақалалар да топтастырылған. Көрмені тамашалауға бірінші болып жергілікті ақын-жазушылар және жоғары оқу орын студенттері мен мектеп оқушылары жиналды. Көрме бір аптаға дейін жалғасады. Яғни, қазақ елінің Тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлғалардың мүсінін жақыннан тамашалап, фотоға түсуге мүмкіндік берілді.

—  Тұлғалардың мүсіні силиконнан жасалған. Авторы Айдос Есмағамбетовпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Алда келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай осында әкеліп, орналастырдық. Мақсатымыз – жастарды Елбасының еңбегіңмен таныстыру. Тәлімі мол тұлғаның жастық шағынан үлгі-өнеге алуға шақыру. Себебі, біздің өткеніміз бен болашағымыз үш жүздің басын қосқан Абылай ханмен де, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевпен де тығыз байланысты, — дейді Жеңіс Нұртасұлы.

Тілеуберді САХАБА