Болат Бақауов аймақ тұрғындарын Астана күнімен құттықтады
Павлодарда Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы еліміздің дамуына үлес қосып жүрген өңір тұрғындарына «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медальдерін тапсырды.
Достық үйінде өткен жиында сөз сөйлеген Болат Бақауов Астана әлемдік өркениеттің ордасына айналып, саяси, мәдени және сауда жолдары түйісетін орталыққа айналғанын атап өтті.
— Астана шын мәнінде Еуразия құрлығының орталығына айналды, — деді ол. – Қазіргі таңда әсем елордамыз халықтың мақтанышына айналды. Астана түрлі халықаралық деңгейдегі әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерінің съездері, ЕҚЫҰ саммиті, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сияқты шаралар өтетін орталыққа айналды.
Құттықтау сөзден кейін Болат Бақауов аймақтың және еліміздің дамуына үлес қосқан 30-дан астам облыс тұрғындарына мерейтойлық медальдерді тапсырды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері және басқалар болды. Жиын соңында қонақтар үшін эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева ән шырқады.
Әлихан Рахметоллаұлы