Болат Бақауов балалар паркін аралады
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов балалар бизнес және технопаркін аралап шықты. Дарынды балалардың бизнес және технология саласындағы старт-ап жобаларын жүзеге асыратын кешен облыстық Жастар сарайында орналасқан.
Кешен 6 мамандандырылған сыныптан тұрады: IT- сынып, роботты техника мен 3D модельдеу зертханалары, астрометеорологиялық сынып, фото-видео студия, старт-ап студиясы және цифрлы холл.
Болат Бақауов балаларға бизнес негіздерін оқыту бойынша бизнес-инкубатордың мүмкіндіктерімен танысты. Оқушылар өңір басшысына өздерінің старт-ап жобаларын таныстырды.
– IT-сыныптардың ашылуы жастайынан еліміздің жетекші экономикалық салалары үшін жоғары білімді мамандарды даярлауға мүмкіндік береді,- деді өз сөзінде аймақ басшысы. – Біз болашақта тек Павлодар облысы ғана емес, жалпы барлық Қазақстан мақтан тұтатын жаңа инженерлерді, бағдарламашыларды тәрбиелей алатынымызға сенеміз.
IT-сынып «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жасалған «100 IT-сынып» бағдарламасының аясында, оқушылар бағдарламалау мен роботты техника негіздерін терең меңгеру мақсатында ашылды. Осында балалар еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес бағдарламалау дағдыларын, қарапайым алгоритм құруды, Web-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимацияларды жасауды үйренетін болады. Аймақ билігі келесі оқу жылының басына дейін 20 IT-сынып ашуды жоспарлап отыр.
Технопарктегі сабақтар оқушылардың ғылыми-техникалық саладағы жаңа инновациялық қызмет түрлерін, креативті ойлауды, қолданбалы және әлеуметтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Өз тілшімізден