Болат Бақауов қоныс аударушы отбасыға көңіл бөлмеген аудан әкімі Александр Бабенкоға ескерту жасады
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аудандар мен қала басшыларына оралмандар мен қоныс аударушыларға дұрыс көңіл бөлуді тапсырды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов бүгінгі таңда өңірлік квотаға оралмандардан 67 отбасы мен қоныс аударушылардан 117 отбасы енгізілгенін айтты.
— Жоспар бойынша бекітілген квотаға сәйкес аймақ бойынша 80 отбасы оралмандарды (320 адам) және 380 отбасы қоныс аударушыларды (1520 адам) қабылдау енгізілген, — деді Қайрат Нұрмағамбетов. – Ата жұртқа келген оралмандар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары және Шарбақты, Успен, Павлодар, Баянауыл, Аққулы аудандарына орналасты. Биылғы жылғы тамыз айында оралмандардан 13 отбасының (48 адам) және жалғыз келген 18 адамның құжаттары қаралады. Қоныс аударушылардан 85 отбасы (355 адам) тамыз айында келгелі отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, Май, Тереңкөл, Павлодар, Баянауыл аудандары және Ақсу қаласы жергілікті атқарушы органдарының өкілдері жұмыстарының деңгейі төмен. Май ауданында жоспардағы 31 отбасыдан тек біреуі қоныс аударса, Тереңкөл ауданында жоспарланған 35 отбасының төртеуі ғана келген.
Облыс әкімі Болат Бақауов қоныс аударушыларға немқұрайлы қараған Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенкоға ескерту жасады.
— 2016 жылы көшіп келген отбасыға дұрыс көңіл бөлінбегеннің нәтижесінде басқа аудандарға қоныс аударуға мәжбүр болған, — деді Болат Бақауов. – Айналаңыздағы ауылдардың бәрі егістік алқаптар. Жұмыс көп. Жұмысты тиісті дәрежеде атқармағансыз. Істің мән-жайын түсініктемеңізден көретін боламын. Сонымен қатар, өңір басшысы оралмандар мен қоныс аударушыларды Ақтоғай, Железин, Тереңкөл, Май ауданы сынды Ертістің жиегіндегі жері кең, жұмыс табылатын аудандарға бағыттауды жүктеді.
Әлихан Рахметоллаұлы